Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен «ЮНЕСКО клубының үшінші «Академиялық шығармашылық» атты өнер мерекесінің қорытынды кеші П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде өтті. Қазақ өнерінің биік шыңы атанған Ермек Серкебаев атындағы үлкен залда өткен концерт жас өнерпаздарға рухани серпіліс, өнер әлеміне деген ерекше бағыт берді.
Шын мәнінде, қайталанбас өнер иесі атындағы залдың сахнасына шығып, өнер көрсетудің өзі зор мәртебе. Осымен үшінші мәрте өткізіліп отырған бұл жоба ең алғаш рет 2016 жылы қолға алынған еді. Жобаның тікелей қолдаушылары ЮНЕСКО клубтары мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент-Елбасы қоры.
Биылғы жобаға қатысуға 12 мен 17 жас аралығындағы 1000-ға жуық қатысушы өтініш білдірген еді. Бұл шараға еліміздің 14 облысы мен 124 ЮНЕСКО клубтары қамтылды. Барлық үміткерлер өздерінің туындыларын, ең үздік деген жұмыстарын байқауға жолдаған еді. Әділқазылар бес аталым бойынша барлық үміткерлер жолдаған жұмыстарды саралай келе, ең үздік деп танылған 80 студентті анықтап, Алматыға шақырды.
– Елімізде жастарды қолдауға бағытталған жобалар өте көп. Біздің басты мақсатымыз – еліміздің ертеңі болар жастардың танылуына жол ашу, – дейді ҚР Тұңғыш Президенті қорының директоры Сергей Тохтаров.
Жас таланттардың барлығы өнерлі. Олардың бір-бірінен бөліп қарау еш мүмкін емес. Талай дарынды, қазақ өнерінің мақтаныштары өнер көрсеткен сахнада тұсауы кесілген жастардың арасынан әлі талай шоқ жұлдыздардың шығатыны анық. Жас өнерпаздар бес аталым бойынша өз өнерлерін көрсетті. Үлкен дәліз төрінде жас бояу шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының бас хатшысы Сабина Ақжарованың айтуынша, «Шығармашылық академия» талантты балалардың өнер әлеміне нық қадам жасауына мүмкіндік туғызып отыр. Өйткені, тегін әрі оған өтініш білдіргендердің бәрінің қатысуларына болады. Алматыға еліміздің барлық өңірінен келген өнерлі жастар түрлі лекциялар, семинарлар мен тренингтерге қатысып, өздерінің таным дүниелерін кеңейтті. Әсіресе, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы мен П.Чайковский атындағы музыка училищесінің педагогтарының дәрістері ерекше әсер етті.
Пікір қалдыру