Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігі басшылығымен жиналыс өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Елбасы жиналыс барысында Президент Әкімшілігінің жаңа басшысы Әсет Исекешевті таныстырды.
«Әсет Орынтайұлы менің көмекшім болды, министр, вице-премьер қызметтерін атқарды. Соңғы екі жарым жылда бас қаланы басқарып, астаналықтардың көңілінен шықты. Ол белсенді позициясы және креативті ойлауымен ерекшеленеді. Бізге керегі дәл осындай адам. Елорданың әкімі болған уақытта EXPO-2017 көрмесі мен Астананың 20 жылдық мерейтойын жоғары дәрежеде абыроймен өткіздік. Әсет Орынтайұлы жаңа қызметін де сәтті атқаратынына сенімдімін», - деді Назарбаев.
Отырыс аяқталарда Қазақстан президенті Президент Әкімшілігінің болашақтағы жоспарларымен бөлісті. Алдағы басты міндет елдегі экономикалық өсім мен халықтың жағдайын жақсарту екендігін ескертті.
«Әкімшілік алдында маңызды тапсырма тұр – бұған дейін қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуын қадағалауы тиіс. Бір айта кетерлігі, қазіргі уақытта жұмыс аймақтық деңгейге ауысады, әкімдіктердің қызметі тиімді түрде үйлестіріліп, жұмыла жұмыс істеу керек», - деді Назарбаев.
Айта кетейік, күні кеше Елбасының жарлығымен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қызметінен босатылып, президент әкімшілігінің басшысы лауазымына тағайындалды.