Есеп беретін орын - "Instagram" емес ақирет

/uploads/thumbnail/20170708172258016_small.jpg

Бұл, қазіргі қоғамның індеті дейміз бе, әлде, басқа қалай атауға болар екен...

Self сөзі ағылшын тілінен аударғанда “өзім” деген мағына береді екен. Бір қызығы бұл сөзбен түбірлес Selfish сөзі “эгоизм, өзімшілдік, менменшілдік”  деген мағына береді екен. Яғни, атауы айтып тұрғандай, бұл атаумен аталатын әрекеттің де жақсылыққа алып барар нышаны көрінбейді. Қарсылығын білдіретіндер аз емес екенін білемін, бірақ, сонда да менің түсінігімдегі ақиқат осы.

Бұл құбылыс екі жыл төңірегіндегі белең алған жағдай, тіптен әлеуметтік желісі де бар Instagram дегендей. Бұл құбылысты індет деп ойлайтын жалғыз мен емес екенмін, әлемнің көптеген психологтары да бұл құбылысты кәдімгі психикалық ауру деп атап, “Selfit” - деп диагноз да қойып үлгерген екен. Белгілі болғандай, белсенді түрде өзін-өзі суретке түсіру, тек қана жағымды емес, сонымен қатар маникалды синдром. Селфит – адамға қайта қайта “Мен жақсымын ба? Шынында керемет емеспін бе? Рас деңдерші!” – дегендей құптауды қалап тұратын, беймазалық жағдайдағы жүйке тозуының бір түрі.

Психологтардың пікірінше, сәтті шыққан суреттерін әлеуметтік желілерде жариялап отыру  өзін-өзі әсіре бағалау екен. Суретінің астында берілетін әрбір “Лайк”, Селфиттергe  мадақ, жетістік болып қабылданады. Уақыт өте келе бұл мадақтар  өмірлік қажеттілік болып көрініс табады. Лайктың кезекті дозасын қабылдамаса  бір нәрсе жетіспей тұрғандай  өзіне-өзі орын таба алмай психикалық тұрғыдан күйзеліске түседі екен психологтардың пікірінше.

Зерттеулерді жаза берсек әңгіме көп жазатын. Бірақ, адами құндылық тұрғысынан да алып қарасақ пайдасынан зияны көп дүние екені ойланған адамға түсінікті деп білемін. Өзіне-өзі ғашық болу, өзіне сүйсіне беру, мақтауларды қалап тұру, ақиқатында нашар қасиеттердің бірі екені бәріне белгілі. Бұл да – жастар арасындағы тәрбиенің бұзылғандығының бір көрінісі. Ата-анасының алдында бермейтін есепті, мен андамын, мен мындамын деп Инстаграмдағы жұртшылыққа жариялайды. Дәл осы уақытта дәл сол әрекеттеріне қарсылық байқамағандар, ары қарай жаңа серпінмен жаңа стильде көрініс табары шүбәсіз.Тыйымдарды сезінбей өскен, одан қалса үлкендер ішінен табылатын ақтаулар (заман ағымы солай, ештеңе етпейді және т.б.), оларды  одан әрі жаңа сеніммен адами қасиетке жат қылықтарды жасауға, тәрбиеден аттауға итермелейді. Оған, ардан аттаудан бірінші шепте келе жатқан, өздерінің ашық арсыздықтарымен әлемге белгілі американдықтар, еуропалықтар дәлел болуда. Менің айтқым келгені, үлкендер тарапынан болмаған тыйымдардың, сөгулердің қазіргі қоғамда өте қажет екендігі.

 selfi

Селфиттерге

Өз-өзіне ғашық болған ұл мен қыздар көбейді, Селфилікке асық жандар “ұят екен” – демейді. Рияшыл сезім жеңді, тәрбиені риясыз, Ібілістің тар қақпаны бұл күндері кеңейді.

Қараңғыда жыбырлаған қара тастың үстінде Құмырсқаның ізіндей-ақ* бояуы жоқ түс мүлде. Хадистерде теңеу келді дәл осындай кескінде, Рия барын ойлағайсың селфилетіп түскенде.

“Жә..., жә..., жарар” – деп айтарсың “Артық кеттің сен мүлде, Қоғамдағы жаңалықты түсінбейсің бұл күнде”. Жауап берем бейшара бір, ақтап айтқан құр үнге... Еліктірер лас жаңалық сылтау болмас күпірге.

Instagramда, мен білмейтін ... тағы басқа желіде Келбетіне сүйсінгендер, сурет жолдар еріге. Қарындасым орамалды жапқаныңнан не пайда ... “Өздеріңді паш етпеңдер”** - деген аят өлі ме?!

Жігіттер жүр селфилетіп салмақты түр танытып, Мен андамын, мен мындамын кескіндегі тақырып. Өмірдегі әр қадамнан есеп бердің желіде АҚЫРдағы есепті ойла қалма шырақ аһ ұрып!

Like басса қуанасың, көпке ұнаппын дегендей, Бұл өмірдің мәні ме еді Like санау елеңдей. Насихатты тыңдаңдаршы, болмаңдаршы кереңдей Әрбір сөзге ойланып, бойлаңдаршы тереңдей. ...

*Пайғамбар (оған АЛЛАһтың сәлемі мен игілігі болсын) айтты: “Сендердің араларыңда, Рия, жердегі жыбырлап жүрген құмырсқадан да едәуір байқаусыз”. Ибн Аббас айтты: “Ширк (Рия) – қараңғы түнде қара тастың үстінде өрмелеп жүрген құмырсқаның ізінен де байқаусыз”. Ибн Хатим, Аль-адаб аль-муфрад (Альбани).

**Нұр сүресі, 31 аят.

 Нұржан Мыңбай

Қатысты Мақалалар