Түркістан облысында мектеп оқушысы құрдастарынан зорлық көргенін айтып, шағымданды. Бұл жолы да оқиға Сарыағаш ауданында мектеп оқушылары арасында болған. 13 жастағы бала бір мектеп-интернатта оқитын өзінің құрдасы мен оның 9-шы сыныптағы ағасынан бір жыл бойына жәбір көргенін айтады. Соның салдарынан оқушы дертке шалдыққан. Мектеп ішіндегі бұл әрекет жайлы тіпті тәрбиешілер де білген көрінеді. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Мектеп-интернатта көрген қорлығы жайлы бала анасына да, тіпті, туған ағасына да көпке дейін ләм демей жүрген. Тек сыныптастарының бірі бөлмедегі жайтты суретке түсіріп алып, оны өзге ұлдар арасында таратып жіберген соң айтуына тура келіпті.
"Жатқызып қойып, дамбалымды шешті. Біріншісі Бағлан, екіншісі Жасұлан. Бөлмеде айқайладым, ешкім естімеді. Дәлізге шығып айқайлайын деп едім, ұрып тастады. Айтатын болсаң, быт-шытыңды шығарамын деп қорқытты", - дейді жәбірленуші.
Ал айыптап отырғаны өзінің ауылдастары екен. Анасының айтуынша, олардың туыстары да, мектеп басшылығы да «шу шығармайық» деп ақша ұсынған көрінеді.
"Ойбай, ауылдаспыз ғой, көршілеспіз, ұят болады деді интернаттың меңгерушісі мен мектеп директоры. «Қанша берейік? Осы істі жаба салайық? Бәріміз қазақпыз ғой? Неменеге жан-жаққа жаясың? Жайма!» дейді. Менің баламның өмірі ғой деп ұрыстым оларға", - де күйінді жәбірленушінің анасы.
Ал зорлық-зомбылық былтыр қыркүйектен басталған көрінеді. Сонда бала бірден тәрбиеші ағайына айтқан. Алайда КТК тілшілері оны іздеп таба алмаған. Сөйтсек, ол осы айдың 10-ы күні полицияға арыз түссе, 13-і күні жұмыстан кетіп қалған. Ал мектеп басшылығы бізде мұндай жағдай болуы мүмкін емес деп отыр.
"Жан жақты зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Ондай жағдай болу мүмкін емес деп бір бөлмеде жатқан оқушылардың өздері айтып жатыр. Ата-анасымен сөйлестік. Бітімгершілікке шақырдық. Екі жақты табыстыруға бір әрекет жасап көрдік. Бұл іспен қазір полиция айналысып жатыр", - деді мектеп директоры Талғат Ахметов.
Порлицияның дерегінше, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
"Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы бойынша, ол «сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер», сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Осы оқиғаның мән-жайы полиция қызметкерлерімен анықталуда", - деді Түркістан облыстық ІІД ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.
Сорақысы сол, жасөспірімнің айтқанына қарамастан тәрбиешісі биыл да ұлдарды бірге жатқызыпты. Анасының айтуынша, осы қорлықтан соң бала үлкен дәретін ұстай алмай қалған. Оны тексерген алматылық дәрігерлер тік ішегінде жарақат барын айтыпты. Ал тыр-жалаңаш суреті оқушылар арасында тарап кеткен жасөспірімнің өзі мектепке енді мүлдем барғысы жоқ.
Пікір қалдыру