Ақтөбе облысы «7-20-25» бағдарламасының аясында «Жас арман» және «Қамқор баспана» өнімдеріне қосылды. Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Баспана» Ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков тиісті меморандумға қол қойды.
Еліміздегі «7-20-25» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысының әкімдігі мен «Баспана» ипотекалық ұйымы меморандумға қол қойды. Енді алқашқы жарна ретінде баспана құнының 10 пайызы жеткілікті.
Осылайша, жас отбасылар мен Ақтөбе облысының бюджеттік сала қызметкерлері «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер құнының 10 пайызын ғана төлеп, үй алу мүмкіндігіне ие болады.
Меморандумға сәйкес, Ақтөбе облысының әкімдігі аталған азаматтарға бастапқы жарнаның жартысын төлеуді өз мойнына алады және осы мақсатқа 2 млрд теңге бөледі.
«Ақтөбе облысының әкімі мен «Нұр Отан» партиясына бастапқы жарнаны азайту бойынша әлеуметтік бастамаларды қолдағаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Облыс қарқынды дамып келеді және «7-20-25» бағдарламасына қатысушылардың саны бойынша көшбасшылардың бірі. Қазіргі уақытта біз «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып, еліміздің басқа өңірлерінде де осы бастамаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз», - деді «Баспана» Ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков.
Ақтөбеге келген партияның хатшысы Тамара Дүйсенова бүгін бес әлеуметтік бастама аясында атқарылып жатқан жұмыспен танысты. Әрі «Баспана» ипотекалық компаниясы мен облыс әкімдігі меморандумға қол қойды. Бұл Ақтөбеде құны 2 миллиард теңге болатын қосымша тұрғын үй пайдалануға беріледі деген сөз.
«Бұл біздің халық үшін үлкен көмек. Негізінен бұл бағдарлама бойынша көпбалалы, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және әлеуметтік жағдайы нашар отбасыға көмек беріледі. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер де бар»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, Ұлттық банкке Қазақстан бойынша 26 миллиард теңгенің өтініші түсті. Оның 18 миллиард теңге болатын несиесі мақұлданды.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша Ұлттық банк және екінші деңгейлі банк филиалдарымен жұмыс атқарылып жатыр. Өңірде осы бағдарлама негізінде 24 мыңға жуық азамат пәтер алуға ниет білдірді. Қазіргі кезде 1,6 миллиард теңгенің арызы қабылданып, құны 730 миллион теңге болатын 88 арыз қанағаттандырылды»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе «7-20-25» бағдарламасы бойынша бастапқы жарнасы азайған екінші аймақ болып отыр. Бұған дейін Шымкент қаласында «Жас Арман» және «Қамқор Баспана» өнімдері пилот ретінде іске қосылған еді.
Пікір қалдыру