«Баспана» компаниясы тұрғын үй құрылысына 150 млрд. теңге бөледі

/uploads/thumbnail/20181008151945594_small.jpg

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «Баспана» ипотекалық ұйымы несиелік тұрғын үй құрылысына 150 млрд. теңге сомасында өз үлесін қосуға ниетті.

Егер компания осындай шешім қабылдаса, айтарлықтай сома несиелік баспана құрылысы нарығында айналымда болады.

7-20-25-ке қатысушылар саны бойынша Алматы, Астана қалалары, сонымен қатар Маңғыстау облысы көш бастап келеді. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында несие беру қарқыны өсуде.

Бастапқы тұрғын үй бойынша ұсыныстарды ұлғайту мақсатында «Баспана» ипотекалық ұйымы 7-20-25 бойынша тұрғын үй құрылысы үшін жергілікті атқарушы органдарға 150 млрд теңге бөлу мүмкіндігін қарастыруда.

ЖАО – мен бірге жас отбасылар және бюджеттік сала қызметкерлері үшін 7-20-25 шеңберінде бастапқы жарнаны қысқарту бойынша жұмыс басталды. Баспанамен «Жас арман» және «Қамқор баспана» өнімдері әзірленді. ЖАО–мен жоғарыда аталған санаттағы азаматтарға бастапқы жарнаны қысқарту үшін субсидия беріледі деп болжануда. Сонымен қатар, тізімдерді жасау, өнімге қатысу үшін азаматтарды іріктеуді әкімдіктер өздері жүргізеді. Жоба бойынша Шымкент әкімдігі 2 мыңға жуық тұрғынға қолдау көрсету үшін 2 млрд. теңге субсидия бөледі. Сондай-ақ, Ұлттық Банктің қаулысымен Шымкент қаласы үшін тұрғын үйдің ең жоғарғы құнының мөлшері 25 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды.

7-20-25-ке 11 қыркүйектен бастап Қазақстан Халық Банкі және ForteBank қосылды. Осылайша, өтінімдерді 7 банк-серіктес қабылдайды: Центркредит банкі, АТФБанк, Цеснабанк, BankRBK, Евразиялық банк, Халық банкі және ForteBank.

«Бүгінде баспана құрылысында револьверлік тұрғыда, яғни несиелік тұрғын үйге әрбір екі жылда 270 млрд теңге айналып тұрады. Енді осы бағдарламаға Ұлттық банкпен құрылған «Баспана» ұйымы өз үлесін қосуға ниетті. Атап айтқанда, осы ипотекалық ұйымы несиелік тұрғын үй құрылысы мақсатында өңірлерге қосымша 100-150 млрд теңге бөлу бастамасын көтерді. Соңғы шешімді компания қашан қабылдайтындығы туралы мәлімет менде жоқ. Алайда бұған дейін осындай ұсыныс жасалған еді», - деп тоқталды министр.

Ж. Қасымбектің сөзіне қарағанда, егер де осындай шешім қабылданса, онда айтарлықтай қомақты сома револьверлік негізде тұрақты түрде несиелік баспана құрылысы нарығында айналымда болады.

Екінші тұрғын үй нарығы объектілерін ипотекалық несиелендіру мақсатында Баспана «Баспана Хит» жаңа өнімін іске қосады. Бастапқы жарна - 20% құрайды, жылдық мөлшерлемесі – Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі + 1,75%. Несие мерзімі 15 жылға дейін. Қазіргі уақытта Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі 9% құрайтынын ескере отырып, «Баспана Хит» өнімінің жылдық бағамы 10,75% көлеміне есептелген.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар