Маңғыстауда 1 қазанда тұмауға қарсы егу басталады

/uploads/thumbnail/20181022165043378_small.jpg

Екпені жүргізу үшін «Гриппол плюс» атты ресейлік вакцинаның 45 мың дозасы сатып алынған. Биыл ДСҰ ұйымының болжамы бойынша Мичиган – А (Н1N1), Сингапур – A (H3N2), Колорадо – B атты үш түрлі штама күтілуде.

-Біз екпе салынатын контингенттерді бөліп қойдық. Жүкті әйелдер, жиі ауыратын балалар, жүрек-қан тамырымен ауыратын адамдар, балалар үйі мен қарттар үйінде тұратындар, медицина қызметкерлері тегін, ал өзге тұрғындар ақылы түрде екпе қабылдайды. Ақылы екпе қаладағы «Interteach», «Чакур» және «Vital Prestige» клиникаларында жүргізіледі. Аталған клиникаларда голландиялық (3500 теңге) және ресейлік (1600 теңге) вакцина бар, — Маңғыстау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау демартаментінің басшысы дейді Бекмұрат Бұқарұлы.

Аталған екпе егілген соң 15-20 күнде иммунитет қалыптасады. Мамандар ауру нағыз қызатын мезгілге қарай ағза оған қарсы тұруға қауқарлы болмақ дегенді айтады. Вакцинаның күші 1 жылға жеткілікті.

-Былтырғы маусымда да Ресейде шығарылған «Гриппол плюс» вакцинасын қолдандық. Ол иық бұлшық етіне салынады. 6 ай мен 3 жас аралығындағы балаларға 0,25 мл көлемінде бір ай интервалымен 2 рет егіледі. Ал 3 жастан асқан балаларға толық доза 0,5 мл мөлшерде салынады, — дейді Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің эпидемиологиялық бақылау бөлімінің жетекшісі Гүлшат Шорбасова.

Бүгінгі таңда барлық аудан, қалалардағы емханаларға вакцина жеткізілген. 2017 жылы вакцинаға 30 млн 502 мың қаражат бөлінсе, биыл 38 млн 664 мың теңге жұмсалған. МО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғатбек Бапиев облыс емханалары толыққанды дайын дегенді алға тартты.

-Қазіргі таңда маусымдық ауру – тұмауға Маңғыстау бойынша дайындық барысы жақсы. Қосымша емханаларға шақыру мен кеңес беру үшін 64 телефон орнатылып жатыр. Қазіргі таңда 50 автокөлік және 180 төсек орын дайын. Дәрі-дәрмектің бәрі резервте бар, қамтамасыз етілген. Бүгінде Ақтау қаласында 17 Жедел жәрдем бригадасы қызмет етеді, — дейді ол.

Маңғыстау республикадағы тұмау бірінші анықталатын өңірлер қатарында. Мұның себебін мамандар облыстың 5 елмен шекаралас болуымен байланыстырады.

-Каспий теңізі арқылы бірнеше елмен көрші отырмыз, құстардың ұшып келуі де әсер етеді. Вирус жан-жақтан келуі мүмкін. Былтыр облыста грипп маусымы қаңтар айының алғашқы аптасында басталды, — дегенді айтты Гүлшат Сырымбетқызы.

Өткен жылы 146 грипп зертханамен расталған. Оның 65-і балалар арасында тіркелген. Дәрігерлер болашақта екпе алатындар қатарын 70 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Қатысты Мақалалар