Биыл Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің құрылғанына 15 жыл. Осы айтулы мерекеге орай «Қазпошта» АҚ «ҚР-ның Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне 15 жыл» тақырыбындағы пошта маркаларын айналымға шығарды.
Оның салтанатты рәсімі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне байланысты ұйымдастырылды. Аталған іс-шара Астанада өтіп, оған ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев пен «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов қатысты.
Бұл маркада Бейбітшілік және келісім сарайының суреті бейнеленген. Ал таралымы – 20 мыңды құрайды. Өлшемі – 156х150 мм.
Бұған дейін Қазпошта өзінің 25 жылдығына орай мерейтойлық маркаларын шығарған болатын. Ол маркаларда Қазақстан поштасының өміріндегі ең маңызды сәттер бейнеленген. Олар: тәуелсіз Қазақстанның алғашқы маркасы «Алтын Сарбаз», пошта және телеграф кеңсесіндегі алғашқы үйі, пошта бөлімшесінің соңғы жетістіктері және балалардың көзімен болашақтағы қазақстандық пошта. Бүгінде компания жылына 80 млн-ға жуық клиентке қызмет көрсетеді. Бұған қоса, Астана, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе қалаларында 6 цифрлық кеңсесі жұмыс істеп тұр. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Астана және Алматы қалаларында е-commerce орталығы ашылды. Онда 1200-ден астам кәсіпкер онлайн сатуды қолға алды. Осы екі шаһарда 1 млн-ға жуық сәлемдеме жеткізілген фулфилмент-орталығы іске қосылды. 6 мыңнан астам қолданушы онлайн төлем жасау үшін post.kz сайтындағы электрондық әмиянды қолданады.