Қазақстанның жаһандық бастамалары әлемге үлгі

/uploads/thumbnail/20181025114124898_small.jpg

Халықаралық қауымдастықтың жауапты да белсенді мүшесі ретінде бастамалар көтеріп жүрген Қазақстанға  әлем назары ауып отырғаны бәрімізді қуантады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы күннен бастап-ақ бейбітшіл саясат ұстанып және халықаралық саясатта өз орнын қалыптастыру үшін үлкен де маңызды саяси бастамалар көтеруді қолға алғаны белгілі.  Халықаралық аренада маңызды мәселелерді көтеріп қана қоймай, сонымен бірге түйінді мәселелердің  шешілуіне тікелей атсалысып та жүр. Қазақстанның бітімгерлік бастамалары мен елдің ішкі дамуына қызмет етіп жатқан бағдарламалары Орталық Азияда көшбасшы болуымызға септігін тигізуде. АҚШ және басқадай ірі мемлекеттермен жақсы қарым-қатынастарымыз да өз жемісін беруде. Биылғы жылдың қаңтар айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еткеніміз де Қазақ елінің беделі халықаралық аренада артып келе жатқанының нақты дәлелі деуге тұрады. Бұған дейін біздің ел тарапынан халықаралық маңызы бар мынандай бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылған еді.

  1. Оның ең алғашқысы ядролық қарудан бас тарту деп айтуға болады. 1991 жылы 29 тамызда Елбасы Семей жеріндегі ядролық полигонды өз Жарлығымен жапса, 1992 жылы Кеңестер Одағынан қалған үлкен ядролық арсеналдан бас тартып, еліміз бейбітшілік саясатын ұстануды басты мақсат етіп қойды. Бірақ тәуелсіздік алдық дегенмен де, бұл қарудан айрылмауға да кеңес берген адамдар немесе мемлекеттер де болды. Қазақ елі Азия құрылығында жатқандықтан көптеген ислам мемлекеттері біздің «қаруға» құда түспекші де болды. Дегенмен «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген пайым өз алдына жеке бір әңгіме болса, ел басшылығы тек Қазақстанның ғана тыныштығын ойлап қана қоймай, Азия құрлығының, оның ішінде Орталық Азия елдерінің болашағына да бей-жай қарамай оңды да дұрыс шешім қабылдады. Ядролық қарудан бас тарта отырып, Н.Назарбаев АҚШ, Ресей, Қытай және Ұлыбритания сияқты әлемдік алпауыт елдерден Қазақстан тәуелсіздігіне беретін кепілдіктерін алуы үлкен жетістік болып табылады. Осылайша, жас қазақ еліне шетелден экономикамыздың дамуына арқау болатын инвестициялар келе бастады. Егер мұндай сәтті бастама болмағанда, Солтүстік Корея немесе Иран мемлекеттері сияқты халықаралық оқшаулауға түсіп, қазіргі таңда экномикамыз үлкен күйзеліс үстінде болар еді.
  2. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 2003 жылы қоғам мен мемлекеттердің дамуындағы діннің ерекше рөлін есепке ала отырып, әлемдік және дәстүрлі діндер сиезін өткізу туралы ұсыныс жасаған болатын. Сол жылы 23-24 қыркүйекте Астана қаласында ислам, христиан, иудаизм, буддизм және басқадай ірі дін өкілдерінің алғашқы сиезі болды. Мұндай кездесу өткізудің идеясына сол кездегі Кофи Аннан, Джордж Буш, Маргарет Тэтчер, Цзянь Цземинь, Нелсон Манделла сияқты ірі саяси тұлғалар қолдау білдірген. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністікке негізделген диалог осы саладағы халықаралық ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашып, күш көрсету, экстремизм және терроризм сияқты келеңсіз құбылыстарды еңсеруге ықпал етіп отыр. Алғашқы сиезден кейін 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары да жалғасын тауып, қазірге дейін алты форум өткен. Ғаламдық рухани дағдарыстарға бірігіп қарсы тұруға осындай қадамдар жасап отырған еліміз бұл бағытта әлі талай шараларға ұйытқы болуына сенімдіміз.
  3. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті Қазақстан төрағалық еткен 2010 жылы болды. Қазіргі таңда Еуропа, Орталық Азия және Солтүстік Америка елдерінің 56 елі мүше болып отырған салмақты саяси ұйымға ТМД елдерінің ішінен бірінші болып басшылық ету еліміздің халықаралық аренадағы беделінің қандай екенін көрсетсе керек. Еліміздің басшылығы аталған ұйымға басшылық етіп қана қоймай, 1999 жылдан бері болмай келе жатқан саммитті де өткізуді қолға алды. 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бесінші рет саммиті өтті. Саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше 38 мемлекет және үкімет басшысы, жоғары лауазымды шенеуніктер, сонымен қатар  басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың арасында БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун, ЕҚЫҰ Бас Хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, Ресей Президенті Дмитрий Медведев, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германия Федеральдық Канцлері Ангела Меркель, Италия Премьер-министрі Cильвио Берлускони және тағы басқалар болды. Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістіктердегі қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстандағы жағдай және көпке созылып келе жатқан қақтығыстарды шешу жайы Саммиттің негізгі тақырыптары ретінде талқыланды. Кездесу соңында Астана декларациясы қабылданды. Декларацияда Саммитке қатысушылар ЕҚЫҰ-ның Хельсинки актісінде және Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясында, Ұйымның өзге де құжаттарында бекітілген міндеттемелерін, қағидаттары мен құндылықтарын қуаттау туралы айтылды. Сонымен бірге, қатысушы елдер өкілдері әлемде орын алып отырған қақтығыстарды реттеуде күш-жігерді артыруға, адам  құқықтарын қорғауға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге және жаңа қатерлерге лайықты түрде қарсы тұру мүддесі жолында ұйым жұмысын жаңаша жолға қою керектігін атап өтті.
  4. Астана экономикалық форумы өзінің ауқымы бойынша бүкіл Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған жыл сайынғы сұхбат алаңына айналған әлемдік масштабтағы үлкен шаралардың бірі. Форумда 120 елден әлемге танымал саясаткерлер, сарапшылар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері және түрлі қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің басын қосады. 2008 жылы алғашқы форум өтіп, сол кезде бастылып жатқан әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында дүниежүзілік экономика мен қаржы жүйесін оңалту және дамыту мәселелерін талқылап, бірден ықпалды халықаралық алаңға айналып үлгерді. Жыл сайын өтіп келе жатқан экономикалық сұхбат алаңында әлемдік өзекті экономикалық және қаржылық проблемалар талқыланып қана қоймай, онда нақты шешімдер Біріккен Ұлттар ұйымынан бастап түрлі халықаралық ұйымдарға ұсынылып келеді. Биыл XI Астаналық экономикалық форумы 17-19 мамырда Global Challenges Summit жаңартылған форматында өтіп, оған әлемнің 101 елінен 300-ден астам спикер және 6120 қатысушы жиналды. Форум барысында әлемдік сарапшылар қауымдастығы бүгінгі күні адамзаттың алдында тұрған сын-тегеуріндерді - ресурстық тұрақтылықтан және ұзақ ғұмырға дейін, жаһандық қауіпсіздіктен және болашақтың мега-қалаларын ұйымдастыруға қатысты мәселелерді талқылау үшін бірікті.
  5. Сирия бойынша Астана процесі. Сирия Араб Республикасында талай жылдан бері жергілікті халықты әбден мезі қылып, ұлттық трагедияға айналған соғыс жүріп жатқанын білеміз. Қазақстан басшылығы жоғарыда атап өткеніміздей, бейбітшілік саясатын ұстанатын ел болғандықтан басқа елдерді, әсіресе қантөгістер көп болып жатқан мемлекеттерді ымыраға шақырып, бітімгершілік шараларымен айналысып жүргені белгілі. Шам еліндегі азаматтық соғыс лаңкес ұйымдардың қазіргі Сирия билігіне қарсы әскери іс-қимылдарынан бастау алған. 2017 жылғы 23-24 қаңтарда Қазақстанның бастамашылдығымен және Түркия, Иран, АҚШ және Ресей сияқты елдердің қолдауымен екі тарап – Сирия үкіметі мен өздерін Башар Асад билігіне оппозициялық деп есептейтін қарулы топтың өкілдері шақырылды. Сонымен қатар жоғарыда аталған елдер өкілдерімен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының да делегациясы келіссөздерге қатысты. Бұл соғысушы екі жақтың ресми жоғары деңгейдегі ең алғашқы кездесуі болды. Кездесу барысында әскери және гуманитарлық сипаттағы келісімдерді бұзбау мен 2016 жылғы 30 желтоқсандағы Ресей мен Түркия арасындағы атысты тоқтату туралы келісімнің толықтай сақталуы айтылды. Оппозициялық күштер өз талаптарын тек Мәскеу мен Анкараға ғана қойғанымен, Ресей, Түркия және Иран делегациялары бірлескен мәлімдеме жасап, ең алдымен Сирияның тұтастығы сақаталуы керектігін баса айтты. Аталған саяси шара осы талай жлдардан бері жалғасып келе жатқан әскери қақтығыстарды реттеудің алғашқы басқосуы болды. Бұдан кейін Сириядағы жағдай бойынша өтіп жатқан бітімгершілік кездесулері осы Астана процесінің жалғасқан раунды болып келеді. Аталған жағдайды реттеудің басқа ешқандай тетігі болмағандықтан біздің елдің осы бастамасы түбінде оң нәтижеге жеткізетін құрал болатынына сенімдіміз.
  6. EXPO-2017 халықаралық көрмесі былтырғы жылдың 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында Елордада өткені белгілі. Қазіргі жаһандық үлкен проблемалардың бірі экология болса, оның ішінде Жер планетасының жылдан жылға жылып бара жатқандығы әлем елдерінің басты көңіл қойып отырған өзекті мәселе болып есептеледі. Сондықтан да Қазақстанның бастамасымен кезекті көрме тақырыбы болашақтың энергиясы – жасыл энергияға арналды. Көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысса, оны тамашалауға 3 млн адам келген. Қатысушылар өздерінің болашақта экологиялық таза энергияны пайдаланатын құрылғылар мен машиналарын жалпы тамашалауға қойды. Дүние жүзіндегі энергетикалық ресурстар бітіп, экология мәселесі ушығып тұрғанда баламалы энергия көзіне көшу адамзат дамуында үлкен өзгерістердің бірі болмақшы.
  7. Ислам ынтымақтастығы ұйымына Қазақстанның төрағалық етуі де еліміздің бауырлас мұсылман елдер арасындағы өте жоары беделін көрсетті. 1969 жылы негізі қаланған ұйымға мүше 57 елде 1,5 миллиард халық тұрады. 2011 жылғы 28-30 маусымда Елордада Қазақстан төрағалық еткен ұйымның Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы өтті. Бұл басқосуда Ислам конференциясы ұйымы Ислам ынтымақтастығы ұйымы деп өзгертіліп тарихи шешім қабылданды. Сонымен бірге Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылып, тұңғыш рет ұйымның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды.

Қазақстанның жаһандық бастамалары  мұнымен бітпек емес. Әлемдік саясатта сарабдал көзқарас ұстанып отырған Қазақстанның бүгінгі көтеріп отырған мәселелері өте көкейкесті. Сондықтан бұл бастамалардың баянды болуы біз үшін қашан да маңызды.

Серікқазы Көкенайұлы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар