Алматыда Қазақстан-Малайзия бизнес форумы өтуде

/uploads/thumbnail/20181030143844359_small.jpg

Қазақстан мен Малайзияның 150-ден аса бизнес өкілі  мен ресми тұлғасы Алматыдағы Форумға қатысуда. Бизнес-форумның ұйымдастырушысы – «Қазақстан-Малайзия Іскерлік кеңесі».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл форумның басты мақсаты мен міндеті – екі елдің іскерлік топтары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, Малайзия нарығында қазақстандық бизнестің мүддесін ілгерілету үшін жайлы климатты қалыптастыру, сондай-ақ, Қазақстанға Малайзиядан инвестициялар тарту.

«Форум екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық пен серіктестікті дамытуға арналған керемет алаң болып табылады. Ал «Қазақстан-Малайзия Іскерлік кеңесі» - Қазақстан мен Малайзия компанияларына бизнесті толыққанды түрде ары қарай дамыту үшін қажетті құралдардың барлығын ұсынатын ұйым», - деп мәлімдеді «Қазақстан-Малайзия Іскерлік кеңесі» ортақ төрағасы Дато Берікқазы Сексенбаев іс-шараның ашылуы кезінде.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мәліметтері бойынша Қазақстан экономикасына малайзиялық тікелей инвестициялардың 2016-2017 жылдар ішіндегі және 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы  үлесі 16,6 млн. АҚШ долларын құрады. Негізгі инвестициялар мұнай-газ, құрылыс және инфрақұрылымға бағытталды.

Екі ел арасындағы тауар айналымының қарқыны жағынан 2017 жылдың сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда өзара сауданың 48%-ға (38,9 млн. АҚШ доллары) өскені байқалып отыр. 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы қазақстандық өнім экспорты 251 мың АҚШ долларын, ал импорт 38,6 млн. АҚШ долларын құрады (2017 ж. экспорт - 41,5 мың АҚШ доллары, импорт – 26,1 млн. АҚШ доллары).

Форум жұмысына экономиканың түрлі секторларында (мұнай-газ саласы, металлургия өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп және т.б.) қызмет ететін Малайзияның 40-тан аса компаниясы, сондай-ақ, түрлі экономика секторларында қызмет ететін коммерциялық және мемлекеттік 60-тан аса қазақстандық компания қатысып жатыр.

Форум аясында ірі қазақстандық қорлар және Малайзия компаниялары (Қазақстан-Малайзия Іскерлік кеңесі (ары қарай - ҚМІК) және «Атамекен» ҰКП; ҚМІК және «Қазақинвест»; ҚМІК және «Қазақэкспорт») арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылады деп күтілуде.

Форум сауда және инвестиция саласындағы өзара әрекеттестік сынды кең тақырыптарды қозғайтын пленарлық сессия және ашық панельдік пікірталас, В2В кездесулері форматында өтіп жатыр. Іс-шараның басты спикерлері – Малайзиядағы Қазақстан елшісі Сәрекенова Данияр Қабидоллаұлы, Қазақстандағы Малайзия елшісі Саид Мохамад Бакри бин Саид Абдул Рахман, «Resmi» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәжібаев, Малайзия-Қазақстан Іскерлік кеңесінің ортақ төрағасы Датук Лу Тук Джи (Datuk Loo Took Gee) және т.б. тұлғалар.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар