Алматыда жантүршігерлік жол апатына кінәлілер әлі ұстатпай жүр. Тура бір ай бұрын Алтын Орда базарының маңында жаяу жүргінші жолағымен өтіп бара жатқан келіншекті жүйіткіген көлік қаққан.
Сорақысы сол, кінәлі азамат қансыраған әйелді ауруханаға апарудың орнына, көлігіне салып алып қоқысқа тастап кеткен. Өлім мен өмірдің арасында жатқан Нұргүл Тұрғынбаеваны кейін полицейлер тауып алыпты.
Жантүршігерлік оқиға тура осы жерде болған. Жоғары жылдамдықпен жүйіткіген көлік, жаяу жүргінші жолағымен өтіп бара жатқан Нұргүл Тұрғынбаеваны келіп қаққан. Сол кезде 5 метрге бірақ ұшқан Нұргүл, бірден естен танып қалыпты.
Ал, мынау жақын маңдағы жанармай бекетінен түсірілген таспа. Онда ақ түсті көліктің келіншекті қаққаны анық көрінеді. Тек, тізгінде болған 2 азамат жігіттікке жат әрекет жасады. Қызды “өлді” деп ойласа керек, ауруханаға апарудың орнына қоқысқа лақтырып кеткен. Өлім мен өмірдің ортасында жатқан Нұргүлді кейін полицейлер тауып алыпты.
“Барсақ, Қаскеленнің ауруханасында жатыр екен. Реанимацияда, әлі өзіне келмеген. Басы ісіп кеткен. Беттің бәрі сырылған. Қаққан адам көлігін жақындата алмаған. Соған дейін дырылдатып тартып апарған ғой”, – дейді зардап шегушінің туысы Гүлсім Қарымбаева.
Нұргүл әлі ауруханада жатыр. Бірнеше күн ес-түссіз жатып, жақында ғана тілге келген. Айтуынша апат болатын күні қалаға тамақтануға бара жатыпты. Ал одан кейінгісі есінде жоқ.
Есінде ештеңе жоқ екенін айтады. Ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген 34 жастағы келіншекке үш ота жасалыпты.
Қазір адам қағып, ізін суытқандарға қатысты 2 қылмыстық іс қозғалған. Тек, бір ай уақыт өтсе де кінәлілер ұстатпай жүр. Нұргүлді ақ түсті “Хонда Одиссей” қаққан. Осы апатты көрген білгендер болса, хабарлассын дейді полицейлер.
Апатқа кінәлі азамат құрықталса ауыр жаза күтіп тұр. Ал Нұргүлге әлі біраз уақыт ем алу керек. Дәрігерлер оның аяғынан тұрып кетуі үшін кемі жарты жыл уақыт қажет дейді.
Пікір қалдыру