"Жастарды партия құрамына күшпен кіргізбеу керек"

/uploads/thumbnail/20181102110034790_small.jpg

Бүгін облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы СҚОФ төрағасы Құмар Ақсақалов және партия хатшысы Илья Теренченко XXVIII есептік-сайлау конференциясына қатысты.

Конференция барысында, партияның жергілікті филиалының атқарған жұмыстары мен «Нұр Отан» партиясының құжаттарында бекітілген бағдарламалардың орындалуы әрі «Жастар жылы» аясында жастар саясатының даму бағыты талқыланды.

Партияның облыстық филиалының басшысы Құмар Ақсақалов «Нұр Отан» партиясының сайлау алды платформасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарға белсене араласуды тапсырды. Сонымен қатар, партияшылдарға Елбасының бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын және Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту: табыс пен өмір сапасын ұлғайту» атты Жолдауының орындалуын бақылауға алу тапсырылды. Өңір тұрғындары облыстағы, тіпті мемлекеттегі болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерден хабардар болып отыруы тиіс.

«Нұр Отан» партиясының сайлау алды платформасының негізінде не жасалды, не жасалады – осы сұрақтардың жауабын партия мүшелері айқындап, халықты хабардар етіп отыруы тиіс. Бұл әр түрлі дәрежедегі мәслихат депутаттарына да тікелей қатысты. Бес әлеуметтік бастаманың және Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа Жолдауының орындалуы бақылауда болады. Дәл қазіргі уақытта біздің алдымыздағы басты міндет – түсіндіру мен бақылау. Ауылды аймақтарда, өңірде не істей аламыз, алдымен осыны түсініп алуымыз шарт», - деді облыс әкімі.

Бұған қоса Құмар Ақсақалов партия құрамына азаматтарды күштеп кіргізбеу керектігін ескертті. Тұрғындар, жастар партияның белсенді, көңілді әрі пайдалы өмірінен хабардар болса, өздері-ақ ағылып келетін болады.

«Мәселен, «Қызылжар Су» кәсіпорнында мыңға жуық жұмыскер бар, олардың 350-і партияның құрамында. Барлық жұмысшының партия мүшесі болуы міндетті емес. Егер қандай да бір жұмыс орнында осындай жағдай болып жатса, мұның дұрыс емес екенін айтқым келеді. Керісінше, партияның белсенді мүшелері партия саясатын кәсіпорынның өзге жұмысшыларына түсіндіру керек. Мұндай жұмыс өнімді болады», - деп сөзін қорытындылады Құмар Ақсақалов.

Қатысты Мақалалар