Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 24 қазан күні жұмыс бабымен Мұғалжар ауданында болып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуымен танысты және бірнеше әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысты.
Қандыағаш қаласында Бердібек Сапарбаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған 170 орындық балабақшаның салтанатты ашылуына қатысты. Мектепке дейінгі мекеме ғимаратының жалпы алаңы мың шаршы метр. Жоба құны - 60 млн теңге. «Бақытты бала» балабақшасы барлық қажетті жабдықтармен жарақтанған, балалардың жеке, шығармашылық қабілетін дамыту үшін жағдай жасалған. Материалдық-техникалық базасымен танысқан облыс басшысы балабақшаға теледидар тарту етті.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыста 3700 орынға 37 жаңа мектепке дейінгі мекеме ашылған. Облыстың барлық аудандарындағы 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі біліммен 100% қамтылған.
Осы күні Қандыағашта сондай-ақ, алпыс пәтерлі бесқабатты тұрғын үй де пайдалануға берілді. Бұл күні көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер мен бюджет саласының қызметкерлері қоныс тойын тойлады.
- Әрбір адам үшін өзінің баспанасы болғаны маңызды. Сондықтан, Тәуелсіздік алған күннен бастап Президент халықтың әл-ауқатын көтеруге, соның ішінде әрбір қазақстандықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге баса назар аударып келеді. Сол үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жатыр. Мәселен, бүгінде «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары тиімді жүзеге асырылуда. Тек Қандыағаштың өзінде биыл 240 пәтер берілді, ал жалпы облыста осы кезеңнің ішінде кем дегенде 870 мың шаршы метр тұрғын үй салынатын болады, - деді Бердібек Сапарбаев құттықтау сөзінде.
Жаңа қоныс иелеріне жылулық пен отбасы жайлылығын тілеген облыс әкімі Азат Әбиевтің үйінде қонақта болды. Жас жігіт жетім бала ретінде үй кезегінде тұрған. Бүгін оның арманы орындалды. Алғашқы қонақ болып келген Бердібек Сапарбаев пәтер иесіне тоңазытқыш сыйға тартты.
Өңір басшысы сондай-ақ, биыл қыркүйек айында пайдалануға берілген жаңа жекеменшік медицина орталығының қызметімен танысып, теміржол вокзалының алаңында орналасқан Аналар аллеясында болды.
Бердібек Сапарбаев «Астана» саябағы мен Алпамыс батыр ескерткішінің салтанатты ашылуына қатысты. Саябақ аумағының алаңы – 2,15 гектар. Ескерткіштің биіктігі тұғырымен есептегенде 12 метрге жуық.
Ұлы батырдың жауынгер жылқының үстінде отырғаны бейнеленген. Монументтің артында колоннада орналасқан. Жоба «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жүзеге асырылған.