"Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша пәтердің 1 шаршы метрінің құны 180 мың теңге

/uploads/thumbnail/20181008111133493_small.jpg

Бүгінгі күні тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 364 пәтерден тұратын пул әзірлеп жатыр. Пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны Астана және Алматы қалаларында 180 мың теңге. Бұл дегеніміз Астана қаласындағы орташа нарықтық бағадан екі есеге төмен. Бұл туралы бүгін банк өкілдері айтты.

Айта кетейік, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы 2016 жылдан бастап іске қосылды. Жалпы мерзімі 15 жыл. Әрі бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекеттек қазынадан 4 млрд 600 млн теңге қаржы бөлу қарастырылған.

Бұған қоса тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшылығы тұрғындар мен журналистерге бағдарлама аясында елордада салынған немесе салынып жатқан тұрғын үйлерді көрсетті. Нысандар негізінен №227 және Мәңгілік ел, №27 және №36 көшелердің ауданында орналасқан.

Банк өкілдері бағдарлама бойынша қалай пәтер сатып алу керектігін де айтып өтті:

-Біріншіден, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің тұтынушысы болу;

-депозитке бастапқы жарнаны жинау, үй бағасының 20 пайызына тең сома болуы тиіс;

-қарыздың жылдық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды.

Пәтер бағаларының бір шаршы метрі Астана және Алматыдан өзге қалаларда 140 мың теңге. 2018 жыл басталғалы банк жүйесінің көмегімен 26 мың азамат баспаналы болды. Оның шамамен 7 мыңы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы ипотекалық қарыз рәсімдеген.

2019 жылы бағдарлама аясында елордада 1825 пәтер сату жоспарланып отыр. Жалпы «Нұрлы жер бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысандар туралы ақпаратты baspana.kz порталы арқылы толығырақ оқып біле аласыздар. Осы орайда Qamshy.kz ақпарат агенттігі бағдарлама бойынша қазақстандықтардың білуі тиіс ақпараттарымен бөлісуді жөн көрді.

Біріншіден, бағдарлама 15 жыл бойы жүзеге асырылады. Жоспар бойынша, 2031 жылға дейін 1,5 млн отбасы үйлі болуы тиіс. Бағдарламаның арқасында жыл сайын 100 мың адам пәтердің кілтін алады. Жалпы жоспар мынадай:

Жалдамалы тұрғын үйдің 45 мың пәтері (2,2 млн м²);

Кредиттік тұрғын үйдің 245 мың пәтері (12 млн м²);

СҚЖМҚ, БД, ҚИК 46 мың пәтері;

600 мың жеке тұрғын үй (60 млн м²);

564 мың коммерциялық пәтер пайдалануға беріледі.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бірнеше бағыттан тұрады. Олар: кредиттік тұрғын үй алу, үйді жалға беру және жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша жер учаскелерін сату.

Бағдарлама бірнеше талаптан тұрады. Салымшының есепшотында келісілген бағаның кемінде 30 проценті жиналу керек. Мұндайда жылдық мөлшерлеме 5 пайызды құрайды. Ал пәтер есепшотына қаржыны уақытылы әрі қомақты сомада салып отырған азаматтарға беріледі.

Баспаналы боламын деген адам сыртқа шықпай-ақ процесті жүзеге асыра алады. Қадамдары төмендегідей:

1.өзі қалаған қаланы таңдау;

2.қандай нысандардың құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын және клиенттерден түсетін өтініш қашанға дейін қабылданатынын анықтау;

3.ұнаған пәтерді таңдау;

4.пәтер сатып алушылар пулына қатысу үшін өтініш жазу.

Жалға алу құны 1 шаршы метрге 100 теңге. Баспана алу үшін әкімдікке кезекке тұру қажет.

Баяғдарлама аясында соғыс ардагерлеріне, жетімдерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға және мемлекеттік қызметкерлерге басымдық беріледі. Олар да өтініш жазып, кезекке тұруы тиіс.

Аталған санаттағы адамға жатсаңыз да, «Нұрлы жер» бағдарламасымен баспана алу үшін бірнеше талапқа сай келуіңіз шарт.

Біріншіден, соңғы бес жылда атыңызда баспана болмауы керек. Екіншіден, Астана мен Алматыда ең кемі екі-үш жыл тіркеуде тұрған болуыңыз қажет.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ипотекалық тұрғын үй жылдық мөлшерлемесі 10 пайыз жеңілдікпен беріледі. Ол үшін мынадай кезеңдерден өтесіз:

Бірінші қадам: Банкке қарыз жөніндегі құжатты және субсидия алу үшін жазған арызыңызды көрсетесіз. Қажетті құжат тізімін банктен біле аласыз.

Екінші қадам: Банк кепілдемеңіз мен төлем жүргізу қабілетіңізді тексереді.

Үшінші қадам: Егер Банк сіздің өтінішіңізді қабыл етсе, 3 жұмыс күні ішінде Қазақстан ипотекалық компаниясына субсидияны беру туралы қолдаухатын (ходатайство) жібереді.

Төртінші қадам: Қазақстан ипотекалық компаниясы 5 жұмыс күні ішінде құжаттарыңызды тексереді.

Бесінші қадам: Қазақстан ипотекалық компаниясы 5 жұмыс күні ішінде Банкке қабылдаған шешімі жөнінде жазбаша жауап жібереді.

Алтыншы қадам: Банк Қазақстан ипотекалық компаниясының қабылдаған шешімі негізінде сізбен келісімшартқа отырады, ипотекалық келісім, төлем кестесі құрылады, екі тарап субсидиялау келісіміне қол қояды да, оны Қазақстан ипотекалық компаниясына жөнелтеді. Келісімшартқа қол қойғаннан кейін Қазақстан ипотекалық компаниясы 2 жұмыс күні ішінде Банкке келісімшарттың екі данасын жібереді. Оның бірін Банк сізге береді.

Жетінші қадам: Келісімшарт қол қойған күннен бастап күшіне енеді. Сіз «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен ипотека аласыз.

Айта кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасы негізгі 5 міндетті іске асыру арқылы халықтың тұрғын үй мәселесін кешенді шешуге бағытталған:

Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй қорын құру.

Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту.

Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы өткізілетін кредиттік тұрғын үй салу.

Жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру.

Ипотекалық кредит берудің қолжетімдігін арттыру.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар