Теміртаулық 83 отбасы "Нұрлы жер" бағдарламасына дән риза

/uploads/thumbnail/20181113115131480_small.jpg

Теміртаулықтар «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы пәтерге ие болды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Аталмыш қалада 1990 жылдары бос қалып, ескірген көп қабатты тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы қайта қалпына келтіріліп жатыр.  Қазірдің өзінде қаланың ескі аймағындағы жөндеуді қажет ететін 90-ға жуық пәтер қайта жөнделді. Аталмыш баспаналар үйді алуға үміттеніп, кезекте тұрған отбасыларға берілді. Қуанышты жайтпен Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың өзі тұрғындарды жаңа қоныспен құттықтады.

Ерлан Қошанов тұрғындарды құттықтау барысында бұл қоныстойдың әлі де жалғасатынын айтты.

«Тұрғын үй мәселесін шешу жұмыстары жалғастырылады. Құрылыс жүргізуге бізде мүмкіндіктер бар. Ол үшін «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары бойынша механизмдерді пайдаланамыз, - деді аймақ басшысы. Теміртаудың дамуы Елбасының ерекше назарында тұр. Президенттің тапсырмасы бойынша алдағы айларда емхананың құрылысы басталады. Сонымен қатар балабақша және спорт кешені салынады. Жәнеде теміртаулықтарды алаңдатып отырған ең басты сұрақ - жылумен қамту мәселесі де шешіліп жатыр», дейді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.

Айта кететін болсақ, аталмыш көпқабатты үйді қалыпқа келтіруге 450 млн теңге қаражат жұмсалған. Облыс әкімінің сөзіне сенсек, бұл қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген.

Кезекте тұрған 83 отбасы көптен күтіп, армандаған пәтерге қол жеткізді. 83 отбасының арман тілегі орындалды. Бұл отбасылардың көбісі мүмкіндігі шектеулі жандар, бюджеттік ұйымның қызметкерлері мен жалғыз басты аналар. Сонымен бірге жаңа қонысқа ие болғандардың қатарында 27 жетім балалар да бар.

Олардың қатарында Ербол Нұрпейісов пен Елизавета Аухадиева да бар. Олар "SOS Теміртаудағы балалар ауылының" тәрбиеленушілері болып табылады.

Ербол қазіргі таңда техникалық университеттердің бірінде «Ақпараттық жүйе» мамандығы бойынша мемлекеттік грант бойынша білім алып жатыр. Оған бірінші қабаттың бір бөлмелі пәтер бұйырыпты.

Ал Елизавета Аухадиева болса үй шаруасындағы әйел, жас ана. Оның үйі жоғарғы қабатта орналасқан.

«Маған 6-қабаттан екі бөлмелі пәтер бұйырды. Мен бұл пәтерді ұзақ уақыт күттім. Пәтердің құрылысы жүріп жатқан кезде ұзақ уақыт келіп, көріп жүрмін. Бұл жайт бізге күйеуім екеумізге өте керемет жаңалы болды. Біз бұл уақытқа дейін пәтерден пәтерге көшіп, жалдамалы пәтерді пана тұттық. Қазір екі басымыз үш болып, отбасымыздың санын қызымыз арттырды. Біз бүгін өте бақыттымыз», дейді жас ана.

Жаңа үйде барлық жағдай қарастырылған. Барлығы сапалы құрылыс материалдарынан жасалыпты. Сонымен бірге аулада балаларға арналған алаң да бар.

Сұлтан Әбіш

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар