Қазақстанның Солтүстік, Шығыс және орталық өңірлерінде ауарайының күрт жылынуынан алапат тасқын жүріп, бірнеше ауыл топан судың астында қалды.
Әзірге ресми мекемелер тасқын судан зардап шеккендер (қаза болған) туралы нақты ақпарат таратпаған. Алайда, кейбір дереккөздері мен әлеуметтік желілерде Қызылсарай ауылының екі тұрғынын (мектеп оқушылары) сел ағызып кетені туралы айтылуда.
Қарағанды облысы тұрғындарының айтуынша, мұндай алапат су тасқыны бұрын-соңды болмаған. Су тасқынынан зардап шеккен 6000-ға жуық адамды өңірлік ТЖД қызметкерлері қауіпсіз аймаққа көшірген.
Тосын келген тасқынның салдарынан, әсіресе, Қарқаралы, Абай, Жаңарқа, Шет, Бұқар жырау аудандары толықтай су астында қалған.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми мәлімдемесінде өңірдегі 1700-ден аса тұрғын үйлер мен 35 ауылдық округті су шайып кеткен. Сондай-ақ, 340-тан астам мал басы қырылып қалған.
Метеорологтардың айтуынша, Қарағанды облысындағы қыстан қалған жинақ қар мен қосымша су мөлшері әдеттегіден екі-үше есе көп болған. Ал өткен сенбіде ауа температурасы бірден +23 °C градусқа дейін көтерілген. Салдарынан қатқан мұздар мен жинақ қар еріп, арты селге ұласқан.
Қыстың көбесі сөгіліп, сәл күн жылынса болды қазақстандық ТЖМ қызметкерлері аспаннан түскендей абдырап қалатыны қалыпты жағдайға айналып кетті. Күннің күрт жылынуы еліміздің бірқатар аймақтарына апатты жағдай әкелетіні аян. Осындай апатты жағдайларда халықты құтқаруға арналған техникалардың, жүйелердің, апатты жағдайға дайын болмай шығатыны көңіл алаңдататыны тағы рас. Табиғаттың тосын мінезі тентектік танытқанда, халықтың да, ТЖМ-ның да қандай күйде қалатынын жыл сайынғы Сырдария тасқыны мен бір ғана Қызылағаш қырғыны көрсетіп беріп отыр. Тәжірбиесі айтарлықтай мол ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жыл сайын орын алатын су тасқындарына әлі де болса сабақ алмай отыр. Оның айқын мысалы, Қарағанды облысындағы сел тасқыны. Сонымен қатар, өңірдегі су жинайтын нысандар мен көпірлердің жағдайы да мәз емес болып шықты. Өңірлерде гидротехникалық бөгеттер мен өзен суларынан келетін қауіптің алды алынбаған. ТЖД қызметкерлері тек сел тасқыны болғаннан кейін ғана әрекетке көшкен.
©Нұргелді Әбдіғаниұлы

