ШҚО, Шемонаиха ауданының 19 жастағы тұрғыны көшеде жүрген үйсіз адамды, яғни бомжды ұрып-соғып артынан тірідей өрттеп жіберген.
Жас жігіт Первомай ауылынан Глубокое кентіне жұмыс іздеп келіпті. Алайда жұмыс беруші оны маңына да жолатпаған. Амалы таусылған ол ашуын ащы судан алмақшы болып дүкеннен бір шиша арақ алады да, жол жетіндегі бетонға жайғаса кетеді. Сол маңайда жергілікті қаңғыбас жүрген болатын. Екеуі арақты бірге ішеді.
Алайда отырыс ұзаққа бармаған сияқты. Оған себеп жас жігіттің қаңғыбас ішкен стаққанан арақ ішкісі келмегенінен болған. Бомжда да намыс бар, ол бөтелкелесінің өзінен жиіркеніп тұрғанына қорланып, оған ренішін білдіре бастаған. Әңгіменің арты төбелеске ұласып, жас жігіт өз қарсыласын әп-сәтте тепкінің астына алады. Қаңғыбастың басын бетонға соғады, оны бөтелке шынысының сынықтарымен тілгілеп тастайды. Ес-түссіз жатқан адамның киімін үстіне жауып от қояды да, оқиға орнынан тайып тұрады. Артынан сараптама анықтағандай, қаңғыбастың өлімі қатты отқа күйю салдарынан болған. Күдікті екі күннен кейін қолға түсті. ШҚО мамандандырылған соты қылмыскерді 10 жылға бас бостандығынан айырды.