...Қамсыз қазақпыз. Ешқашан асықпаймыз. Кешкі сағат жетіге шақырылған тойға – сағат онда асықпай барамыз...
Сабырлы жұртпыз ба, әлде, ерте туып, кеш қалған халықпыз ба?..
Күні кеше спорт серкеміз Серік Қонақбаев Әлемдік бокс Федерациясының басшылығына кандидат болуға кешігіп тіркелді. Әйтеуір, әупірімдеп, сауаты мен заңның арқасында, бәйгеге түсіп еді, өзбектен жеңіліс тапты. Сол жеңілістің себебі – бірінші айналымға кешігуде емес пе екен? Бәлкім, ала тақиялы бауырымыз алғашқы аттаныста-ақ алыптардың аузын алып, келісім қылып, қол қысып қойған шығар?!.
Ал, Олег (шын аты – Әлихан көрінеді) Сермұхамедов деген бір құлдық сананың құрбаны: «Мен ССРО-да дүниеге келдім. Ол уақытта әділдік – заңнан жоғары тұратын. Заң – әділдікке мойынсұнатын... Әкімдер, жемқор судьялар, саясаткерлер, сапасыз білім, коммерсант дәрігерлер, таңдаулы адамдардың оффшордағы қаржысы – мұның барлығын көріп құсқың келеді, бетің қызарады. Осының барлығы «Махаббат, Комсомол мен Көктемді» алмастырды. Көптеген қазақтар ішкі түйсігімен Ресейді ананың жылы құшағы ретінде қабылдайды. Ерте ме, кеш пе, оның құшағына тығылуға тура келеді», – деп сандырақтапты, таяу күндері. Бірақ, бірде-бір қазақ мыңқ етпейді. Баяғы сол – марғаулық...
Алла Тағаламыз бізге салбөкселікпен бірге – Өзінің шапағатын да молдау төгіп, жамандықтан қорғайтын қалқанын тосқан секілді. Әйтпесе, анау индеецтердің моласының үстіне орнаған АҚШ деген елде жыл сайын, күн сайын бір пәлекет болады да жатады.
Бірде аты атышулы дауылдар көліктерді мақташа ұшырып, үйлерді үйіндіге айналдырса; келесіде қолана қау алған жасөспірім өзі оқитын мектепке келіп, сыныптастары мен ұстаздарын қызыл қанға бөктіріп, қынаша қырып салады...
Жақында бір қаланы тұтасымен от орап, өрт шалды. Ақпарат көздері: «АҚШ-тың Калифорния штатындағы орман өртінен кемінде 25 адам қаза тапқан. Сол аумақта тұрып жатқан танымал жүргізуші Ким Кардашьян жиналып кетуге бір сағат уақыты болғанын айтқан. Жалпы штаттың 16 жерінен өрт ошағы табылған. Америка билігі мұны Калифорния тарихындағы ең ірі өрттердің қатарына жатқызып отыр. Кейбір округтерде төтенше жағдай жарияланған. Шамамен, 400 өрт сөндіруші өртті сөндіруге тырысып жатыр» – деп, дабыл көтерді..
Құдай бетін аулақ қылсын, дәп осындай орасан кесапат келсе, қамсыз қазақ қайтер еді?..
Тұманды ұйқыда жүретін төтенше жағдайлар қызметкерлері елге ескертуге үлгеріп, сау жұртты сақтап қала ала ма?..
Ақын Абай «Қырық бірінші сөз» қара сөзіінде: «Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен не жырлап, не сырлап айтқанменен ешнәрсеге көндіру мүмкін де емес. ...Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, егер сөз айтсаң түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады. Енді не қылдық, не болдық!» – деп жазыпты.
Меніңше, қазақтың жауы – жүзшілдік те, рушылдық та емес, қазақтың қас дұшпаны – дәп осы қамсыздықта!
Ұйқы – тым тәтті, ояну – тым қиын екен-ау!..
Қажымұқан Ғабдолланың фейсбук парақшасынан алынған
Пікір қалдыру