Ақтөбе облысындағы ірі кәсіпорындар жұмысшылардың еңбекақысын көтеруде.
Ақтөбе облысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «Восход-Oriel» ЖШС және «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС мен басқа да ірі кәсіпорындар 2019 жылдан бастап жұмысшыларының айлықтарын көтереді.
Атап айтқанда, 1 қаңтардан бастап Еуразиялық топ құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» сынды бөлімшелердің қызметкерлерінің еңбекақылары 9-14 пайызға өспек. Арман Есенжолов соның ішінде жұмысшы мамандықтарының айлығы біршама өсетінін мәлімдеді. Бұдан басқа, қызметкерлер үшін ұжымдық келісімшартпен қатар, басқа да түрлі әрекет етуші әлеуметтік бағдарламалар сақталатын болады.
«АМК» ЖШС қызметкерлерінің айлықтары жаңа жылдан бастап 4 пайызға, «Восход-Oriel» ЖШС қызметкерлерінікі 9 пайызға өседі. «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС жұмысшыларының да айлықтары келесі жылдың қаңтар айынан бастап 7-10 пайызға көтеріледі.
Елбасының азаматтардың әл-ауқатын көтеру бойынша тапсырмаларына сәйкес өңірдегі бірқатар кәсіпорындар жаңа жылдық мерекелерге орай жұмысшыларына сыйақылар мен 13-ші айлықтарын береді.
Айта кетейік, осы жылдың қазан айында өткен мемлекет басшысы жолдауының міндеттерін түсіндіру кездесуде Ақтөбе облысындағы өнеркәсіп саласында, мұнай-газ секторында, өңдеу саласында, құрылыс және жол-көлік индустриясында жұмыс жасайтын 200-ге тарта кәсіпорын мемлекет басшысының жұмысшылардың айлығын көтеру туралы бастамасын қолдап, соған сәйкес Қазақстандағы барлық кәсіпорындарға үндеу айтты.
Биыл өңірдегі 53-тен аса ірі кәсіпорын мен компаниялар еңбекақыны 7-20 пайызға дейін көтерді.
Пікір қалдыру