Облыс әкімдігінде «Аска Экспо Орталығы» қызметкерлерінің еңбек ақысын төлеу мәселесінің қалай шешіліп жатқандығы баяндалды.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің бастамашы топ өкілдерімен өткен кездесуде "Аска Экспо Орталығы" ЖШС-нің қызметкерлері алдындағы жалақы бойынша берешегіне қатысты мәселе қаралды. Қайрат Бекенов бастамашы топ мүшелерін тыңдап, осы жағдайға байланысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен жұмыс тобы құрылғанын хабарлады. - Біз осы мәселені шешу жолдарын талқылауымыз керек. Мен ЖШС – тің басшылығымен сөйлестім. Бұл 2017 жылдың соңынан бастап мұнай компанияларындағы ұңғымаларды жөндеу бойынша сервистік қызмет көрсететін, өз ісін енді бастап келе жатқан кәсіпкер. Фирманың жаңадан құрылғанын және кәсіби басқарудың жоқтығын атап өткім келеді. Бірқатар себептерге байланысты компания тапсырыс берушілер алдындағы міндеттемелерді орындай алмады, тағы да бірнеше мәселелер бар. ЖШС жаңадан құрылғандығын ескерсек, бұл жағдайға фирманы пайда болған қарыз үшін жауапкершілікке тарту тұрғысынан ғана қарамай, мүмкіндігінше «Аска Экспо Орталығының» қызметіне барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұл үшін іс – әрекет алгоритмі әзірленді, біз фирмаға еңбекақы бойынша қарыздарын төлеуге көмектесу үшін қолдағы барлық резервтерді пайдаланамыз - деді облыс әкімінің орынбасары кездесу барысында. Қайрат Бекенов ЖШС-ке қатысты сұрақты облыс әкімінің өзі тікелей бақылауға алғандығын, сондай-ақ бұл мәселенің жақын арада шешілетіндігін айтып өтті. Өз кезегінде компания қызметкерлері өздеріне осы жағдайды түсіндіріп, ұсыныс-шағымдарын айтуға алаң бергендері үшін алғыстарын білдірді. Облыс әкімі орынбасарының осы мәселені түпкілікті шешуге дейінгі ашық диалог жүргізу туралы бастамасы қолдау тапты.