Атақты орыс жазушысы Михаил Булгаковтың өмірі шытырман оқиғалар мен құпия жайттарға толы. Оның таланты талайларды таңғалдырса да, көпшілік оның шығармашылығын қандай да бір тылсым күшпен байланыстырып жатады. Әсіресе, жазушының атын әлемге әйгілі еткен Тылсым күшке толы "Мастер мен Маргарита" романы шыққаннан кейін көпшіліктің күдігі арта түсті. Себебі, шығармада адамдардың шайтанның құлына айналуы, өз сүйіктісінің қайда екенін білмек болған әйелдің қара күшпен байланысы туралы шытырман оқиғалар желісі суреттеледі. Осыған байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына Булгаковтың құпияға толы өмірі жайлы деректерді ұсынады.
1891 жылы дүниеге келген Булгаков ХІХ ғасырдың басында туған Гогольмен қалай "кездескен"?
1917 жылы аса ауыр кезеңде Михаил Булгаков күл, яғни дифтерия дертіне шалдығады. Ол аурудың бетін қайтаруға көмектесетін сұйықтық әзірлеп, емделуге көшеді. Соның нәтижесінде жас дәрігердің денесі бөртіп, аллергиялық әсер туады. Ауырсынуды жеңілдету үшін Булгаков әйелінен морфия инъекциясын жасауды сұрайды. Осыдан кейін оның есірткіге тәуелділігі пайда болады.
Зайыбы Татьяна бұл жағдайға қатты алаңдап, оның қолданатын апиынын жай тазартылған сумен ауыстырып қояды. Содан кейін Булгаков өзін жайсыз сезініп, жағдайы күрт нашарлайды. 1918 жылдың күзінде төсекке таңылып жатқан Булгаковтың түсіне Гоголь кірген. Михаил Афанасиұлы өз күнделігінде бұл оқиғаны былай суреттейді: "...сол түні бөлмеге бойы аласа, қыр мұрынды, көз жанары өзгеше ер адам кіріп келіп, мен жатқан төсекке еңкейіп, сұқ саусағын көрсетіп, қорқытқандай болды".
Осы түннен кейін Булгаков есірткіге тәуелділіктен толықтай айығады.
Соңғы жазған сөзі
Тіпті, өлім аузында жатқан шағында да жазушы құпияға толы "Мастер мен Маргарита" романын жазуды тоқтатпаған. Романдағы соңғы рет өзгерткен тұсы Маргаританың сөзі еді: "Демек, жазушылар ажалдың соңынан ере ме?". Осы сөзін аяқтаған соң жазушы көз жұмады.
Жазылған сөзден от шықты...
"Мастер мен Маргарита" романдағы Бегемот атты мысықтың "Ештеңе бүлдірмеймін, ештеңеге тиіспеймін, тек шамды жөндеймін" деген сөзі бәріне таныс болар. Булгаков романның дәл сол тұсына өзгерту енгізіп жатқанда, көрші үйде кенеттен өрт шығады. Отты дер кезінде өшіріп үлгергеннен кейін, қайдан шыққанын анықтамақ болған адамдар ас бөлмеде кәдімгі тұрмыстық шамның жанып жатқанын байқаған. Ал жазушының шын мәнінде Бегемот атты иті болған. Өрттің шығуына жұрт айтатын Булгаковтың құпия күші әсер етті ме, әлде Бегемот шын мәнінде бірнәрсе бүлдірді ме? Десе де, бұл жағдайды сәйкестік деп бағалайтындар да бар.
Михаил Булгаков масон болған ба?
Жазушының өмірін зерттеушілер мен оқырмандардың арасында "Булгаков масондық ұйымның мүшесі болған" деген пікірлер бар. "Ол тіпті әртүрлі жасырын рәсімдерді орындап, құпия күштерге табынған болуы мүмкін", - дейді көпшілік.
Пікір қалдыру