"Қыз Жібектің" режисері Сұлтан Қожықовтың туғанына 90 жыл

/uploads/thumbnail/20170708150941935_small.jpeg

 10 наурыз Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты кинорежиссер Сұлтан Қожықовтың туған күні. Қазақ халқына «Қыз Жібектей» классикалық туындыны сыйлаған кинорежиссер көзі тірі болғанда 90 жасқа толар еді. Дүйсенбі күні Алматы қаласында Сұлтан Қожықовтың мерейтойына орай еске алу кеші өтеді. Белгілі режиссердің толық аты жөні - Сұлтанахмет Қоңырқожаұлы. Бірақ кинематография тарихында Сұлтан Қожықов атымен белгілі болып қалды. Киномен ол соғыстан кейін айналыса бастады. 18 жасында майданға аттанып, Сегізінші гвардиялық панфиловшылар дивизиясының қатарында соғысты. Жас кезінде ол белгілі суретші ағаларымен бірге сурет салумен айналысыпты. Оның карикатуралары және саяси шарждары «Шмель», «Известия» және басқа да басылымдарда жарық көрді. Ағасы Құлахметтің кеңесімен ол Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының режиссура бөліміне түседі де, белгілі ұстаз Александр Довженкодан шеберлік сабақтарын алады. Алғашқы жұмыстары - «Мать и сын», «Мы из Семиречья» фильмдерін режиссер Алматының көркем және хроникалық фильмдер киностудиясында түсіреді. Кейіннен Сұлтан Қожықов ұлттық эпосты қолға алып, Ғабит Мүсірепов, оператор Асхат Ашрапов және композитор Нұрғиса Тілендиевпен бірге ұлттық киноөнерінің жауһарына айналған «Қыз Жібекті» түсіреді. Бұл үшін режиссер Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. «Қыз Жібек» Сұлтан Қожықовтың кинодағы ең үздік туындысы. Ол отандық кинематография тарихындағы ең көп қаржы көп түсірген фильм болды. Әлі күнге дейін көрерменнің сүйікті фильмдерінің бірі болып келеді. Сұлтан Қожықов Лола Абдыкаримова, Кененбай Қожабеков, Мүлік Сүртібаев, Меруерт Өтекешеова, Құман Тастанбеков сынды артистердің аттарын танытқан. Олардың кинодағы жолы режиссердың фильмдерінен басталған еді. Алдағы дүйсенбі күні Алматыда Сұлтан Қожықовты еске алу кеші болып, онда ұлы режиссер туралы деректі фильм көпшілік назарына ұсынылмақ. Khabar.kz    

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар