Семейде жұма күні бес қабатты жатақханадан өрт шығып, соның салдарынан бір адам қаза болды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер тұрғындарды жатақ орнынан шығарып үлгерген, өртті сөндіру үшін 2 сағаттай уақыт кетіпті.
ҚР ІІМ-нің ТЖК мәліметінше, өрт шыққаны туралы хабар өрт сөндіру қызметіне түнгі 01:45 шамасында келіп түскен. Өрт сөндірушілер жатақханадан 79 адамды шығарған, оның 20-сы кішкентай балалар екен.
«Автобаспалдақтардың көмегімен 19 адам құтқарылды, оның екеуі кішкентай балалар. Эвакуацияланған адамдардың барлығы №35 мектепке орналастырылды. Өрт болған жерден бір ер адамның мәйіті табылды. Өрт түнгі сағат 03:27 шамасында толықтай сөндірілді», - дейді ТЖК баспасөз қызметіндегілер.
Белгілі болғанындай, өртті сөндіруге жеке құрамнан 25 адам және 8 өрт сөндіруге арналған техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта өрттің не себептен шыққаны анықталып жатыр.
Ұсынған: Назерке Лабихан
Пікір қалдыру