Астана Жастар театры «Тырау-тырау, тырналар...» драмасын ұсынады

/uploads/thumbnail/20170708175730122_small.jpg

Жастар театры Ұлы Отан Жеңісінің 70 жылдығына орай «Тырау-тырау, тырналар...» драмасын ұсынады

Астана қаласының Жастар театры 7 мамыр күні М.Горькиий атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында С.Жүнісовтің «Тырау-тырау, тырналар...» драмасының премьерасын өткізеді.

Аталмыш спектакль Қазақстанның халық жазушысы, драматург Сәкен Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» туындысының негізінде сахна төріне шығып отыр. Спектакльдің қоюшы режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

Жетпіс жыл бұрын Ұлы Отан соғысының әкелген тауқыметі балалардың да арқасына аяздай батқаны ақиқат. Баланың бәрі бақытты болуы үшін жаралғанымен, сол дақ түспеген мөлдір әлемді сұм соғыстың ызғары қарып өтсе, амалсыз ересектер көтерер зіл батпан ауыртпалық, жоқшылық, ата-анасы, туғанынан қапияда мәңгілікке көз жазып қалу – балаң танымды бір-ақ сәтте есейтіп жіберері сөзсіз. Иә, олар сұрапыл соғыс балалығын ұрлаған жаралы гүлдер. Олар жылайды, қабырғасы қайыса қайғырады, бірақ бір сәтке де арманынан алыстаған емес. Тыраулап ұшқан тырналар легіне үн қатады, арман-тілегін жолдайды, келешекке зор үмітпен көз тігеді. Бақыт бастаған жас жеткіншектердің халық басына қара бұлт үйірілген қысылтаяң шақтағы арман мен үмітке толы ішкі психологиялық күйін жіті сараптаған пьеса балалығын сұрапыл соғыс жалмаған буынның боямасыз күйін бүкпесіз баян етеді.

Қатысты Мақалалар