Экономикамыз қарқынды дамығанмен, жұмыссыз жастар саны азайған жоқ

/uploads/thumbnail/0_small.jpg

Алматы қаласындағы ЭСКАТО-ның Солтүстік және Орталық Азия мемлекеттеріне арналған субрегионалды бөлімшесінің ұйымдастырумен Азия-Тынық мұхит аймағының экономикалық, әлеуметтік жағдайына арналған қорытынды жиын өтті. Басқосудың ашылуында ЭСКАТО бөлімшесінің басшысы Н.Н.Помощников, ҚР-ның тұңғыш Президентінің қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының директоры С.М.Акимбеков, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы А.Р.Елемесов, Ұлттық Банктің стратегиялық зерттеу және сараптама департаментінің директоры М.С.Бубеев баяндама жасады. Басқосуға келген БҰҰ-ның өкілдері, Қазақстанның дипломатиялық корпусының жетекші мамандары, қаржыгерлер, экономистер қатысқан жиында БҰҰ-ның Бас хатшысының орынбасары Шамшад Ахтардың жолдауы бейнетаспадан көрсетілді. Шамшад Ахтар өз баяндамасында аймақтағы мемлекеттер дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. ЭСКАТО жүргізген зерттеу бойынша Қазақстанның 2012 жылғы экономикалық дамуы 5 пайыз болса, 2013 жылы 6 пайызға жеткен. Мамандардың айтуынша елдегі тұтынушылық деңгейінің тұрақтылығына тиімді несиелеудің септігі тиген. Коммерциялық банктердің тұтынушылық кредит мөлшері шағын бизнесті несиелендіру есебінен өскен. Республикадағы бірнеше кен орындарының жабылуы себепті елдегі мұнай өндіру ісінің қарқыны біраз бәсеңдеген. Оған қоса металға сұраныс азайғандықтан экспорттан түсетін табыс та кеміген. Қазақстандағы тұрақты экономикалық дамудың арқасында жаңа жұмыс орындары көптеп ашылса да, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі бұрынғыдай жоғары деңгейде қалып отыр. Қазақстандағы экономикалық даму көрсеткіші 5,4 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Жаңадан енгізілген тұтынушылық несиелерді шектеу тұтынушылық шығындарды азайтуға әкеледі деп болжануда. Ақпан айындағы ұлттық валютаның девальвациясы экспорттан түсетін табысты көбейтеді деп күтілген еді. ЭСКАТО республикаға салықтық базаны кеңейтуді, салық төлемдерін ретке келтіруді, салық төлеу жүйесіндегі алаяқтықпен күресуді, салықтарды басқару процесінің тиімділігін арттыруды ұсынып отыр. Сондай-ақ ЭСКАТО мамандары республикада салықтық реформаларды тиянақты жоспарлау және аймақтық ынтымақтастықты дамытуды дұрыс деп есептейді. Басқосуға жиналған халықаралық мамандар Орта Азия республикалары мен Азия-Тынық мұхит елдерінің экономикалық дамуына қатысты пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.

Шарафат Жылқыбаева

Қатысты Мақалалар