Бүгінгі таңда Дарвин ілімінен «мұздай қаруланған» көптеген азаматтарымыздың пікірі «руын (атасын) білуді, оны айтуды мақтану, руға бөлінудің пайдасынан зияны көп» деп есептейді.
Қазақтың рулық шежіресінің мынадай сыры бар. Атамыз Қазақтың «Тектіден текті туар», «Жақсы да, жаман да тегіне тартады», «Қанына тартпағанның қары сынсын», «У, ішсең руыңмен», “Тегін білмеген тексіз, жеті атасын білмеген жетесіз”, “Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер, жеті атасын білмеген құлағы мен жағын жер” деген сияқты көптеген мақалдары бар. Бұл мақалдардың бізге айтып тұрғаны, бірінші тегіңді біл дейді. Ал, тек дегеніміз бұдан сан ғасырлар, сан мыңдаған жылдар бұрын ғұмыр кешкен арғы ата-бабаларымыз. Ал, жеті ата өзіңнен бастап санағандағы тікелей жеті атаң. Мұны әрбір қазақ баласы жатқа біліп әрқашанда дұғасын жолдап отырулары керек. Ежелгі қазақтар (есті қазақ баласы күні бүгінде де) әрбір ішілген астан кейін дастарханның батасын жасап, жеті аталарының аттарын атап, дұғаларын жолдап отырған. Өздеріңіз ойлап қараңыздар, сіздер де, мен де бұдан 70 000 жыл (шежірелерде солай жазылған) бұрынғы сонау түп атамыз Адам Ата мен Ауа анадан бері үзіліп қалмай жалғасып келеміз. Үзіліп қалсақ, сіздер де, мен де бұл дүниеге келіп, сіздермен бұлайша сұхбаттасып отырмаған болар едік. Сондықтан тікелей жеті ата ру ішіне кірмейді, ол бөлек аталады. Ал ру аты сол сан мыңдаған жылдар бұрынғы аталарымыздың ішіндегі елі мен ұрпағын қорғаудағы жасаған жақсылығы, даналығы, батырлығы, әулиелігі т.т. сияқты ұрпағына үлгі болып, ру атын иемденген аталарымыз. Ол аталарыңның әрқайсысының аралары сан ғасырларға кетуі мүмкін. Ол сол соңғы ру атын иемденген аталарыңнан кейінгі, еліне жасаған жақсылығымен тағы да ұрпағы мақтанып, ру атын тағы да иемденген атаңның дүниеге келуіне байланысты. Бұлай болған жағдайда соңғы Ру атын иемденген атаң, соңғы атаңның артына тіркеліп айтылады. Арты осылай жалғасып кете береді. Қазақта ру атын иемденуден артық атақ, мадақ, абырой, дәреже жоқ. Оны қазіргі «Халық батыры» атағымен ғана шамалы салыстыруға болар. Бірақ, бұл атақ адамның өзімен бірге келіп, өзімен бірге кетеді. Ал ру атын иемденген атаның аты ұрпақтары үшін мәңгі жасайды. Ол есім сол атаның ұрпағы жазатайым (ешкімнің басына бермесін) түгел жоқ болып кетпесе, мәңгі өлмейді. Атам қазақтың рулық шежіре жасау жүйесі осылай оқылады.
Ру – Ата деген сөз. Қазақтың «Руың кім?» дегені, ол сенің ел танитын атаңның аты кім дегені. Қысқасы руыңның аты, сенің көп аталарыңның ішіндегі ең танымал атаңның аты. Тегін білген қазақтың бәрі туыс. Қазақ рулары – бір атадан өрбіген туыстас адамдардың жиынтығынан тұрады. Ру атаулары – бір кездегі әкелеріміздің аттары, есімдері, яғни ол өзіңнің тегің.
Тек қана «ас ішіп, аяқ босатқандар» және қазақ халқының ұлттық мүддесіне қызмет жасап ұрпаққа үлгі бола алмағандар ру атын иемдене алмаған, иемдене де алмайды. Олардың Ру деген сөзден зәрелері кетіп, қорқатын себептері осыдан. Руға бөліну деген сөзді шығарып жүргендер де солар. Руын білетіндер мен ру атын иемденген Атасының халқының бірлігі үшін жасаған ерен ерлігін біліп, сол үшін мақтана алатындар ешқашан руға бөлінбейді. Олар бірігеді. Бірікенде де араларынан қыл өтпестей болып бірігеді. Себебі, қазақ елінің өзі бірінің ішінен бірі шыққан рулардан (аталардан) тұрады. Осыған сәйкес, ежелгі Қазақтың Ата салтын да бейтаныс қазақтар бірінші кездескенде, амандасқаннан кейінгі әңгіме «Ру сұрасудан» басталған. Ру сұрасқан қазақ міндетті түрде қандас-бауыр, нағашы-жиен, құда-жекжат, қарын бөле, туыс болып шыға келеді. Бұл қағида күні бүгінде де қолданылады. Олар ұлы аталарының не үшін ру атын иемденгендерін жақсы білгендіктен, жақын тумаластар бір-бірімен қыз алыспай, қан тазалығын сақтайтын болады. Руын білмейтін және оның мәні мен мағынасын зерделеуге саналары (ақылы мен білімі) жетпейтін тексіздер ғана руды жамандап, руға бөледі. Бүгінгі аузын ашса руды жамандап, өз қолдарымен жасаған барлық жамандық атаулының бәрін қазақтың руына (атасына) апарып телитіндер осы санатқа жатады. Ата-аналарын қарттар үйіне тапсыратындар тек қана осылардың арасынан шығатынына қандай дау бар?
Қазақтың үш жүзі (Ұлы Жүз, Орта Жүз және Кіші Жүз) – қазақтың бірінен кейін бірі тіркесіп дүниеге келген үш баласы. Үлкені аты айтып тұрғандай Ағарыс (Аға Арыс), ортаншысы Жанарыс, кенжесі қазақтың Қарашаңырағын ұстап қалған Бекарыс. Қазақты ежелгі шежіре-жырлардың бәрі «Үш аналы қазақ» деп атаған. Үш жүзге кіретін ру-тайпалар сол үш Атадан, үш Анадан өсіп өнген ұрпақтар, бәрі өзара туыс, бір атадан тарайды. Ақиқаты, Қазақ руға, тайпаға, жүзге бөлінбейді, қазақ сол ру, тайпа, жүздерден құралады.
Бүкіл әлем елдері мен мемлекеттері бастауын Атам Қазақтың «бір рулы елінен» алады.
Бүкіл әлем елдері өз тектерін қазақтың Үш Жүзіне кіретін рулардың ішінен тапса, бүкіл қазақ рулары өз тектерін Қазақтың қарашаңырағы Адай шежіресінің ішінен табады. Адам мен Адайдың «Ада (Ата)» деген бір түбірден, яғни бір атадан болып, рулық таңбасының «Тіл», «Шаңырақ», «Садақ тартып тұрған салт атты» және «жебе» болатыны осыдан. Әлем елдерінің өз тегі мен мәдениетін Алтайдан, ал алтайлықтардың өз тегін Ман Адай Қарадан тарататындары осыдан. Күні бүгінде де, Манның атын Манқыстау, Адайдың атын Адай, Қараның атын Түпқараған (Қарағантүп) ұстап отыр. Парсы халқының (Иран) өз тектерін МАД (Ман Адай) патшалығынан тарататыны да осыдан. Мұндай деректерді көптеп келтіруге әбден болады.
Бүкіл әлем елдері өз тектерін үнемі іздеу үстінде. Кейбіреулер оны тіпті айуанның арасында (Дарвин), басқа планеталардан да іздеп жүр. Олар оны басқа жақтан таппайды. Түптің түбінде олардың бәрі осы Біздің қазақи шежіремізге келіп жүгінетін болады. Әлем тарихында мұндай жағдайлар бұрында да сан рет болған. Атамыз қазақтың «Ат айналып қазығын, Ер айналып елін табар» деген мақалы содан қалған.
Ақиқатында оның еш қиындығы жоқ. Мысалы, Еуропалық Албандар - Ұлы Жүз Үйсіндегі Албан руымен, Қап тауындағы Шеркештер - Кіші Жүздің Шеркештерімен, Қарашайлар – Адайдың Тобышындағы Қарашымен, Мадияр-Мажарлар (Венгерлер) Маңғыстаулық Адайлардың Жары руымен, тіпті бүкіл Алаш, алты Алаш, Алшындар – Кіші Жүз Бегарыстың Алшындарымен т.т. болып Қазығұртқа (Қазық жұртқа) тағзым етіп келіп қайта табысады. Оның тек қана жалғыз шарты бар. Олардың бәрі қазақтың Ата салты мен дәстүрі, дәстүрлі діні және Ана тілін меңгерулері тиіс. Мұның қазір алғы шарттары басталды. Мысалы, Венгер халқы жаппай қазақтың Ана тілін сақтап қалу үшін күресіп жатыр.
«Атасы алыс болғанмен, Жамиғи Қазақ бір туған» деп Базар жырау (1842-1911) атамыз жырлағандай, арамыз алыс болғанмен, бүкіл қазақ бір Атаның ұрпағымыз: бір - бірімізге Ата (Атай) мен әже (Әжей), әке (Әкей) мен шеше (Шешей), аға (Ағай) мен жеңге (Жеңгей), іні мен қарындас, нағашы мен жиен, құдандалы жекжатпыз, қандас бауырмыз, туыспыз, доспыз. Ұлы Аталарымыз бізге үлкенді де, кішіні де өзіңнің туған атаңдай көр деп Адам (Атам, Атам менің); Жәке, Сәке, Мәке деген де өз әкеңдей құрмет көрсет деп отыр. Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй, Бауырым деп» отырғаны да осы өсиет.
Қазақтың Ата салты бойынша бір атаның балалары аталары мен әкелерінің айтқанын тыңдаған. Аталарының айтқан өсиеттерін көзінің тірісі түгілі, бақилық болғаннан кейін де екі етпеген. Аталарының молаларының басына зәулім сәнді сарай – кесенелер салған. Ешқайсысы қазіргі кейбір жетесіздер сияқты қарияларымыздың көзін бақырайтып қойып, «Шал», «Әй, шал!» деп сөйлемеген, алдын кесіп өтпеген, ата-аналарын қарттар үйіне тапсырмаған. Тапсырмақ түгілі қазақ та ондай түсінік те болмаған.
Мұны күні кешеге дейін қазақтың бес жасар баласына дейін білген. Бізді бұдан айырған мектеп оқулықтарымызға «сенің атаң Адам ата емес, маймыл (айуан)» деп жазып берген негізін жебірей мен орыстық большевизм қалаған кешегі Кеңестік билік.
Сол Кеңестік үкіметтің «шинелінен» шыққан қазіргі «білімділер» руды ауызға алуды, олардың ұрпаққа үлгі болған шежіре-тарихын зерттеп, насихаттауды Қазақтың болашағына балта шабатын, зиянды дүние деп есептейді. Олар, «Біріншіден, Ру сұрасу мен оны айтуды мақтаншақтық, екіншіден — қазір кей ру өкілдері өздерінің руларына Фонд ашып алған, соған барлығы ақша лақтырып, өздерінше бөлектеніп істейтін тірліктері бар, бұл да надандықтың белгісі, үшіншіден – қол астына жұмыскерлерді рулық саясат ұстанып таңдайтын бастықтарда бар, олда надандыққа жатады», деген сын айтады.
Оларға айтарым: Тарихқа үңілсек, Ұлы Жаратушы Алла Адам Атамыз бен Ауа Анамызды жаратқалы бері 70 000 жыл болды делінеді. Содан бері жер бетіне қаншама мыңдаған ұлт келіп, қаншама мыңдаған ұлт жойылып кетпеді. Қазақ халқы осы рулық жүйесін сақтағандықтан ғана, сол жетпіс мың жылғы Адам атамыздың «қарашаңырағын» сақтап отыр.
Әңгіменің ашығын айтқанда, руды жамандап, өздері жасаған барлық жамандықтарын қазақтың атасына жауып, қазақтың атасына тіл тигізу елімізде Дарвин ілімін басшылыққа алғаннан кейін пайда болған дерт. Мектеп оқулығымызда «адам маймылдан пайда болған, қазақтың атасы маймыл» деп жазулы тұрса, басқаша болуы мүмкін де емес қой. Бүгінгі тарих пен тіл ғылымының миларына ғылыми «ота» жасау керек. Мұны қазір жасамасақ, кейін кеш болады. Ауру қатты асқынған да ешқандай «ота» көмектесе алмайтын болады.
Орыс тілді билік қазақтың қамын ойлайтын болғанда, анау түбі бір бауырымыз Түріктер сияқты, әлдеқашан мектеп бағдараламысынан алып тастаулары қажет еді.
Ақиқатында, қазақ баласының атасын (тіріде өзін, бақилық болғанда аруағын) сыйлап, оның елге үлгі болған игі істерін үнемі естеріне алып, онымен мақтанып жүрсе, оның несі айып. Оның кімге қандай зияны бар?
Ежелгі қазақтар ешқашан Ру жамандап, оларға тіл тигізбеген, керісінше, олардың жақсы істерін біліп, тек қана сол үшін мақтанған. Біздерде осыны жалғастыруға тиіспіз. Ежелгі аталарымыз қазақи шежіре мен тарихты жақсы білген. Әйтпесе, олармен қалай мақтанасың? Өзіңіз ойлап қараңызшы, Әлемге аты әйгілі, соңғы екі мыңжылдықтың ең ұлы тұлғасы деп, бүкіл әлем елдерімен (ЮНЕСКО) толықтай мойындалған, бүкіл әлемге әділдікпен билік жүргізген (оған өз айналасынан тіпті өзіне бағынған әлем елдерінің ішінен бірде-бір адам, бірде бір ел қарсы шығып сатқындық жасамаған, күні кешеге дейін бүкіл қазақ әулие деп әспеттеген) әлем билеушісі Қазақтың Ұлы қағаны Шыңғыс хан атамызбен неге мақтанбасқа?! Еділ (Аттила) қаған т.б. қағандармен неге мақтанбасқа?! Аталарымыздың теңдесі жоқ асқан білімді, асқан сұңғыла, асқан ақылды, жүрек жұтқан батыр, асқан дарынды қолбасшы болғандары үшін неге мақтанбасқа?! Осындай асыл текті ұрпақтарды дүниеге әкелген, асыл текті ұлтымыз, асыл текті руымыз үшін неге мақтанбасқа?! Еске ұстайық! Ұлы Аталарымыз «Тектіден текті туады» деген мақалды бізге босқа қалдырып кеткен жоқ.
Руларын (аталарын) мақтап, ескерткіш қойып жатқандарда, қазақты ешқашан бөлінуге апармайды. Оның түпкі қорытындысы керісінше болады. Өзіңіз ойлап қараңыз! Мысалы, «жапырағы жайқалған алып бәйтерекке айналып», елге жақсы ісімен ұрпаққа үлгі болған Атасы үшін мақтанып, оны ру атына айналдырып алып, үнемі мақтанып жүрсе, сондай жандарға көшенің атын берсе, ескерткіш қойса оның несі айып?! Кімге оның қандай зияны тиіпті. Өзінің әкесімен, тікелей атасымен, арғы ру атын иемденген аталарымен (Қазақ деген ұлт атауы да, ең түптегі бір рулы елдің аты) мақтана білген жан, ұлты үшінде мақтана да, оны қорғай да алатын болады. Оған күмәніміз болмауға тиіс. Мұны тек Дарвиннен (атамыз маймыл деген) тәлім алғандар ғана түсіне алмайды. Бұған қарсылық білдірушілерді, жетелейтін «жетек» тек қана "қызғаныш" деген сезім. Оларға айтарымыз, біреудің жақсы атасын босқа қызғанғанша, өздеріңізде соларға ұқсауға тырысыңыз. Өз тегіңізді зерттеп, жақсы атаңызды тауып, Сізде ұлықтаңыз, Сізде мақтаныз. Бұның аты жақсылыққа жарысу болады. Ал руды келеке, күлкіге айналдырып, даттау, балағаттау, жамандау, бұлар кім бұрын «маймылға» бала боламыз деп жарысу болады.
Оның қорытындысы: Елімізде қаптаған жұмыссыздық, суйцид, жас баланы далаға тастау, жетімдік, жесірлік, жоқшылық, қаптаған жетімдер үйі, қарттар үйі, қаңғыбастар үйі, еркектің еркекке, әйелдің әйелге "артылуы", тіпті үйленуі; Құрманғазы мен Пушкинді сүйістіріп, суретін көшеге іліп қою; Қыздардың көшеге шығып, арын сатып «жезөкшелікпен» айналысуы, притон (қонақ үйлердің, моншалардың) жұмыс жасаулары, ажырасудан алғашқы ондыққа кіруі, мұсылман халықтарының арасынан көш бастауы, өзін-өзі өлтіруден (суицид) алғашқы үштікке енуі, қазақтың санын 20 млн-ға жеткізе алмай жүріп шетелге бала сату, нудистердің форумы өткізілуі, қала көшелерінде "құл" базарларының қаптап тұруы, маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, жемқорлық, парақорлық, жебірлік, өзгелер қаражатты сырттан ішке тасыса, біздің шенеуніктердің іштен сыртқа асыруы, бүкіл биліктің отарлаушы орыс тілінде сөйлеуі, көк тудың астында тұрып балалардың қолындағы көк шарды тартып алулары, орамал тартқан қыз баланы мектепке кіргізбеулері, педофилдердің көбеюі т.т. болып ондап, жүздеп жалғасып кете береді. Кім осыларды жоққа шығара алады. Бұларда Біздің 28 жылда жеткен "жетістіктеріміз". Ащы да болса бүгінгі күннің шындығы осы. Міне осындай келеңсіздіктердің кесірінен билік пен қарапайым халықтың ара жігі күн өткен сайын алшақтап барады.
Осы айтылған жаман әдеттердің кейбіріне арнайы тоқтала кетейін. Елімізді азғындық жайлады. Ежелгі періштедей пәк Қазақ қоғамы түгілі, кешегі азған Кеңестік кезеңде де болмаған жаман әдеттерге белшемізден баттық. Мысалға, педофилдердің шектен тыс көбейіп бара жатқанын алайық. Бұл аурудың асқынғаны соншалық педофилдерді «кастрация» жасайтын заң қабылдауға мәжбүр болдық. Бұл шарамен мәселе түбегейлі шешілмейді. Ежелгі қазақта мұндай қылмыс болмақ түгілі, мұндай түсінікте болмаған.
ҚР Бас прокуратурасы жыныстық зорлық қылмысы бойынша сотталғандардың статистикасын жариялады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz ақпаратына сүйеніп.
2017 зорлау мен зорлау әрекетін көрсету фактісі бойынша 348 адам сотты болған. Ал, 2018 жылдың алғашқы алты айында сексуалды бопсалау қылмысын жасаған 176 адам бас бостандығынан айырылған. Олардың 75-сі зорлау бойынша, жыныстық сипаттағы зорлау әрекеті үшін 66, 16 жасқа толмаған 6, кәмелетке толмаған жасөспірімдерге зорлық жасағаны 29. 2018 жылы топтық зорлау фактісі бойынша 28 адам сотталған. https://www.qamshy.kz/…/qazaqstanda-qansha-zhinistiq-zorliq…
Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева «Елімізде педофилдік өршіп тұр». Зорлау 33% пайызға өсіп, зорлықшылардың қолынан 2016 жылы 180 бала жәбір көрген». http://today.kz/…/756238-pedofiliya-v-kazahstane-protsveta…/
Аруларымызды, яғни ұлтымыздың болашақ аналарын биліктің тікелей қолдауымен Баян Есентаева деген продюсер «жалаңаштап» сахнаға (көрмеге) шығарды. Бойжеткен қыздарымыздың жалаңаш тәнін, сұлулығын, көркін бәйгеге салған "арулар сайысы" дейтін жексұрын байқаусымақ қай Ата-бабамыздан қалған дәстүр еді? Не үшін, Кім үшін аруларымыздың тәнін жалаңаштап «сахнаға (көрмеге)» шығардық? Сату үшін бе? Әлде байшікештер мен шенеуніктерге «көңілдес, немесе тоқалдыққа» беру үшін бе?
Орыс тілді билік Қазақ даласында бұрын-соңды болып көрмеген азғындықтың «көкесі» жеңіл жүрісті жезөкшелерді жеңгетайларымен (сутенер) қоса «тәрбиелеп» көшеге шығарды. Көшеден қуып еді, олар монша, қонақ үй, «притон» пәтерлерді жағалап кетті. «Жеңіл» киініп, күйеуінің көзіне шөп салып, байынан айрылған «жұлдыздарды» теледидар бетінен түсірмей, ұрпағымызға үлгі ретінде ұсынды. Тіпті сол «жұлдыздарды» ҰБТ сұрағына кіргізгеніне де куә болдық.
Қазақ даласында бұрын-соңды болып көрмеген азғындықтың шырқау шыңы Абай мен Пушкинді «сүйістірдік». Еркек еркекке, әйел әйелге үйленді. Кейбіреулер көшеде, қоғамдық орындарда «маймыл» сияқты жалаңаш жүруді әдетке айналдырды. Елімізде «нудистер» қоғамының форумы өткізгендері тіркелді.
Тәуелсіздік алғалы бері елімізде жұбайлардың ажырасулары «жауыннан кейінгі саңырауқұлақтардай» тым көбейіп барады. Ұлт мүддесін ойлайтын Қазақстан БАҚ-тары еліміз ажырасудан мұсылман елдері арасында бірінші орынған шықты, деп дабыл қағуда.
Әлем бойынша 250-ге жуық мемлекет болса, қазақ халқы солардың ішінен ажырасу жағынан алғашқы ондыққа кіретінін статистика мәліметі айғақтайды екен. Халқының саны миллиард, бірнеше жүз миллион елдерді де басып озыппыз. Бұл ұлттық қасірет емес пе? Бұл, ғасырлар бойы Ата-бабамыздан ұрпағына аманат болып келген Ұлттық құндылықтардың, Ұлттық идеологияның орыс тілді билік тарапынан мүлдем тоқтатылғанының айдай айғағы емес пе? Ал, ежелгі қазақ қоғамында күні кешегі тәуелсіздік алғанға дейін ерлі-зайыптылардың ажырасуы мүлдем болмаған, жұбайларды тек қана өлім айырған. Әйтпесе, қазақта «Атың жаман болса сатып құтыларсың, қатының жаман болса қайтіп құтыларсың» деген мақал болмаған болар еді.
Әйел жесір, бала жетім болмасын десек, «азаматтық неке» дегенге тыйым салғанымыз жөн болады.
Елімізде маскүнемдік айықпас дертке айналған. Есепке 190 000-дай адам алынған. Алынбағаны қаншама? Орталық Азия халықтары ішінде спирттік ішімдік ішуден көш бастап тұрмыз, деп хабарлады «Амансаулық» қоғамдық қордың президенті Бақыт Түменова. (Астана. 19.07.2018 ж. КазТАГ – Баубек Коңыров).
«Шараптан «шаттық» іздеген шерменделер – маскүнемдер 186 мыңға жетті» деп хабарлайды» Арасында 14 жасқа жетпеген балаларда бар көрінеді. (Түркістан газеті» https://turkystan.kz/article/15511-sharaptan-shattyk-izdegen-shermendeler-mascunemder-sany-186-mynqa-zhetti). Бұл 2016 жылғы есеп бойынша.
Оның 30 мыңы әйелдер көрінеді.
«Статистикалық деректерге қарағанда, Орталық Азиядағы ең «ішкіш» ел — Қазақстан. Елімізде жан басына шаққанда әр адам жылына 12 литр алкоголь өнімін пайдаланады. Ал әлемдік көрсеткіштер бойынша азаматтар жылына 6 литрден астам спирт пайдаланған ел деградацияға ұшырайды екен.
Мамандардың айтуынша, қазір маскүнем күйеуімен алысып, соны емдетемін деп жүрген әйелдердің саны азайған. Бұл – ерлер аз ішетін болды деген сөз емес, әйелдер күресуді қойған, күйеулерімен бірге ішеді деген сөз.
Әлеуметтанушылардың пікірінше, әйелдердің спиртті ішімдікке тым үйір болуы 90-жылдардың басында байқалыпты. Еркек қара бақыр таппай үйде отырып қалғанда әйел базарға шығып, ақша тауып, өзі би, өзі қожа болып, ақыры алдымен «бойын жылыту үшін», кейін «көңіл көтеру үшін», «стрестен құтылу үшін» ішті. Қазір енді ер әйелін наркологиялық диспансерге сүйреп апаратындай жағдайға жеттік. Бұл күндері ер адамдардың дәрігерге «әйелімді маскүнемдіктен емдеп беріңізші» деп жалынатын оқиғалары жиілепті». (https://baq.kz/news/24285).
Walk Free: «Қазақстанда 75 мың адам құлдықта өмір сүруде. Бұл әлемдік рейтінгіде 83 орын. Алдында Тәжікстан (82 орын), артында Сингапур (84 орын)». (Walk Free 23. 07. 2018).
Елімізді жауыннан кейінгі саңырауқұлақтардай «Қарттар үйі» жаулап алды. Күні кешеге дейін қазақ елінде «Қарттар үйі» түгілі, ондай түсінікте болмаған еді.
«2014 жылдың есебі бойынша Қазақстанда 67 қарттар үйінде 35 мың жетім қарт жатыр». (http://alashainasy.kz/alashuni/67-karttar-uynde-35-myin-jetm-kart-otyir-57888/). Қарттар үйі Қарашаңыраққа айналып бара жатқан жоқ па?
Адам саудасына қатысты 9 ай ішінде Алматы қаласы бойынша 30-дан астам қылмыс әшкере болды деп, - хабарлайды qamshy.kz 31 қазан 2018 жылы.
«Жыл басынан бері ҚР ҚК-нің 309 бабына сәйкес жезөкшелікпен айналысуды ұйымдастыруға және ұстауға қатысты 23 сотқа дейінгі тергеу жүргізілді және ҚР ҚК-нің 308 бабына сәйкес жезөкшелікпен айналысуға байланысты 5 қылмыстық іс және ҚР ҚК-нің 128 бабына сәйкес адам саудасына қатысты 1 қылмыстық іс қозғалды», - деп айтты Алматы қаласы ПД ҰҚҚКБ адам саудасына қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Айдынбек Кокамбеков. (https://www.qamshy.kz/article/adam-sawdasina-qatisti-30-dan-astam-qilmis-ashkere-boldi.html).
Биліктің 28 жыл бойы ұлттық идеологияны жүргізбеу салдарынан Қазақстандағы қыздардың ерте жүктілігі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен салыстырғанда 6 есеге жиі кездеседі. Бұл туралы БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры бағдарламасының (ЮНФПА) Қазақстандағы үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елімізді қаптаған құмар ойын орындарымен толтырды. Білетіндердің айтуынша онда 350 мыңнан 1 000 000 дейінгі жастар баратын көрінеді. Бір ғана Астана қаласының өзінде 104 құмар ойын орындары ашылған. Әрине олар оны ашқанда біреуді байытайын деп емес, өз қалталары үшін ашатындары кім-кімгеде белгілі болса керек. Құмар ойынның соңына түскендердің қандай жағдайларға тап болып жататындарын ойлаудың өзі қорқынышты.
Орыс тілді билік елімізде қылмыс және өзгеде құқық бұзушылықтарды жасамайтын бірде-бір адам қалдырған жоқ. Сол сияқты жаппай пара алатын шенеуниктер пара бермейтін адамды да қалдырмады, тіпті сәбилерден алып жүр (мысалы, бақша үшін)). Биліктің жақында пара алмаған полицейді «жерден жеті қоян» тапқандай болып марапаттағандары міне осы айтқанымыздың айдай айғағы болмақ.
Елімізді әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік жайлады. Биліктің ұлттық идеологияны назарға алмауы салдарынан бүкіл әлем елдері ішінде адамдардың өзіне-өзі қол салулары бойынша 10 орын болса, кәрілер, балалар және жасөспірімдердің өзін-өзі өлтіруі (суйцид) бойынша 3 орынды иемденіппіз. Бұл қазақ-қазақ болғалы, қазақ тарихында болып көрмеген жағдай. Атап айтар болсақ, қазақта «суйцид» түгілі ондай түсінікте болмаған.
Билік ұлттық идеологиямен айналысулары тиіс еді. Орыс тілді билік бізді, бірінші экономиканы көтереміз, ұлттық идеологияны содан кейін жасаймыз деп алдап соқты. Міне содан бері 28 жыл өтіпті. Не өркендеген экономика, не жүргізілген ұлттық идеология жоқ. Күннен күнге құрдымға қарай «жел айдаған қаңбақтай» дедектеп, кетіп барамыз.
Қысқасы, Атасымен мақтана білген жандар, соларға ұқсап бағуға тырысады. Ал атамызды (румымызды) жамандауды қағида етіп ұсынған жолмен кетсек, адамдар қорғайтын арларынан (ар-иманы, отаны, отбасы және Атамекен туған жері) жұрдай болып тек қана «ақша», «ақша», тағы да «ақша» дейтін болады. Бүгінгі орыс тілді билік иелерінің Ар-ұяттан жұрдай болып, жаппай пара алып, көбінің ел байлығын миллиардтап тонап, шетелге қашатындарының сыры осы.
Бірінші, екінші, үшінші уәждерге айтарымыз:
Мен мынадай руданмын (рудың аты кез-келген қазақтың, тек қана жақсы істерімен үлгі болған, елге танымал атасының аты екенін жоғарыда айтқанбыз) деп мақтана алмасақ, онда кіммен мақтанамыз «Дарвиннің» ілімімен бе?
Әлдеқашан сүйрегі қурап қалған аталарының атына фонд ашып, күні-түні еңбектеніп тапқан қаражатын, балаларының аузынан жырып соған салып, олардың ұрпақтарына қиын жағдайда көмектесіп отырса, Біз оны бұл дүниедегі теңдесі жоқ ең ұлы ерлік деп бағалауға тиіспіз. Рулар фондыны тек қана сол үшін құрады. Сол қаражаттан жетім-жесірлеріне, жағдайлары келмейтіндеріне көмектесіп отырады. Халық оны амалсыздан істеп отыр. Егерде орыс тілді билік елдің бар қаражатын тонап алып шетелге қашпай, жұмыссыздарға жұмыс орындарын ашып, баспанасы жоқтарға баспанамен көмектесіп, жарлы-жақыбай, жетім-жесірлерге қарайласқанда қазақ халқы мұны жасамаған болар еді.
Ал, үшінші уәж олардың бәріне түгелдей қатысты емес. Көптің ішінде ала да, құла да болады. Бұл жөнінде Ұлы Аталарымыздан «бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді» деген мақал қалған. Құмалақ кімде жоқ. Шындығында, қазақ халқында тек қана бір құмалақ болса, орыс тілді билік қорғап отырған жүйедегі құмалақтарды санап тауыса алмаспыз. Бірақ, біздегі бір «құмалақ» анау айтқандай, «жазылмайтын жара» емес. Оны емдеудің еш қиындығы жоқ. Атасын сыйлап, әлдеқашан сүйегі қурап қалған аталарының басына сәнді кесенелер салып, туған-тумаласымен, жетім-жесірлерлеріне қарайласа жүретін жандарға ол ешқандай қиындық туғызбайды. Оларға, осы айтылғандарда жеткілікті. Олар сол «бір құмалақ» болмаудың барлық шарасын алатын болады.
Рудың қазақ үшін аса қажет екенін мойындамай, оны жамандағанымыз, өзімізді дүниеге әкелген әкеміз бен шешемізді, одан арғы Аталарымыз мен Аналарымызды және ұлтымызды мойындамағанымыз және жамандағанымыз. Бұлардың бәрі бөлінбейтін біртұтас дүниелер. Бұларды бөлшектеудің соңы құрдым. Одан кейін шығатын жол жоқ. Атамызды мойындамасақ, ол маймылды атам деп мойындағанымыз. Ал, маймыл ешқашан адам бола алмайды. Себебі, Ұлы Жаратушы – Алла оларға сана бермеген.
Одан ары не болатынына келсек, бұл жайлы Атамыз Қазақ: «Атаға қарап ұл, Анаға қарап қыз өсер» деген. Еске ұстайық! Маймылға қарап бой түзеген елдің (ұлдың да, қыздың да) келешегі болмайды.
Бұл сұрақтың жауабын, яғни «Кімнен кім туады?» деген сұраққа әйгілі Майқы би (Ұлы Жүз-Үйсін) атамыз былай деп жауап берген екен:
"Тұлпардан тұлпар туады,
Сұңқардан сұнқар туады,
Асылдан асыл туады,
Жалқаудан масыл туады,
Масылдан мал бақпас туады,
Тілазардан қылжақбас туады,
Таздан жарғақбас туады,
Сараңнан бермес туады,
Соқырдан көрмес туады,
Мылжыңнан езбе туады,
Қыдырмадан кезбе туады,
Маймылдан маймыл туады"
Қазақ шежіресі - Қазақ халқының жадында сақталған рулық шежіреде бүгінгі қазақ баласының барлығы Қазақ деген атамыздан өсіп-өнген бір кісінің баласы екендігі айтылады. Мәселе ұлттық шежіренің ғылыми және тарихи танымдық зерделеу тұрғысынан қаншалықты нақтылығында емес, тегін іздеп тереңдеген сайын бүгінгі барлық қазақты бір кісінің (Қазақ атаның) баласы қылып шығаратын тұтастыққа негізделген, тайға таңба басқандай құрылымдық құндылығы мен сабақтастығында. Бұл жерде ойдан шығарылған ештеңе жоқ. Қазақтың мемлекеттік құрылымы қазақ отбасының үлкейтілген макеті істетті. Тірілер үшін керек кемеңгер жүйе. Тегін білген қазақтың бәрі туыс. Ру атаулары – бір кездегі аталарымыздың, әкелеріміздің аттары, есімдері. Бабабаларымыз бен әкелеріміздің аттарын ұмытсақ, «рушыл болмаймыз» деген бос сөз. Тегімізді ұмытқаннан жетістікке жетсек, қалған ұлттарға қара көрсетпей кететін уақытымыз әлдеқашан болды. Жебірейлер негізін қалаған комунистік Қызыл үкімет қазақ шежіресі мен ұрпақ сабақтастығының шеңберіндегі жол-жоралғы, салт-дәстүрлерге өлердей қырын қарады. Демек, соншалықты (Қызыл Үкімет) терең айла-әдіс пен шырмауға негізделген саяси Империяның келе сала біздің қазақи шежіре – ел басқару тәлімдерімізге балта шабуында бір гәптің бары анық емес пе!? Жау біздің ұлттық болмысымыздан нені көргісі келмесе, біз ұлттық мүдде тұрғысынан соны орын-орнына қоя бастауымыз керек еді. Алайда орыс тілді билік бізге мұны жасауға мүмкіндік бермей, керісінше «тежеуіш» рол атқарды. Тіпті ашықтан-ашық қарсы шығып отырды.
Қазақтың Қарашаңырағы: ұлы, негізгі, киелі, байырғы, мұрагер, бас шаңырақ деген сияқты атадан қалған ең ұлы ұғымдарды түгел қамтиды. Ұлттық салт-санада қарашаңырақ ұғымы өте әділ шешімін тапқан. Мысалы: бір әкенің үш ұлы бар делік. Күндердің күнінде үлкен екі ұлын үйлендіріп, еншісін бөліп беріп, жеке отау тігіп бөлек шығарады. Ал кенже ұлы әке-шешесінің қолында, қарашаңырақ немесе бас шаңырақта қалады. Негізгі мұрагер кенже ұл болады. Атадан, әкеден қалған қарашаңыраққа мұрагер болғандықтан кенже ұлдың жасы кіші болса да, жолы үлкен болады. Ұлдың кенжелігін қарашаңыраққа берілген жол мен аманат толтырып, еселеп, теңестіріп тұрады. Сол шаңырақтан отау тігіп бөлек шыққан ұл-қыздары сәлем беріп, төркіндеп, амал айында көрісіп, ата-ананың бар кезінде де бірінші қарашаңыраққа келетін болады. Бұл – ата-бабасына және ұшқан ұясына деген туыстық құрмет. Туыстықты, қандастықты, бауырластықты баянды ету. Ұлттық тұрғыдан қарайтын болсақ, атамекенге, ата дәстүрге, ата салтқа, баба тарихқа деген құрмет. Ортақ ұлттық қағиданы мойындап, әрбір әрекетімізді бауырластық пен туыстыққа икемдеу.
Ата дәстүрімізде «Қара шаңырақтың қара қазаны» дегенұғым және «Қара қазан, сары баланың қамы үшін не істемедік» деген сөз бар. Қазақтың қара шаңырағы – 360 әулиелі киелі Маңғыстау. Елдің қара қазаны – бұл ұлттық бірлік пен берекенің, құт пен құлпырған жасампаздықтың рухани және заттық бейнесі мен тұғыры. Сол үшінде Маңғыстаудың Қаратауындағы «Адай ата – Отпан тау» кесенесіндегі Қарашаңырақ ғимаратының қақ ортасына алып тайқазан орнатылды. Бұл - ұлттық, тектік рухани мұрамыз. «Амал» мерекесінің 13-і мен 14-інде Отпан тауға жиналып, қазақтың үш жүзінен шақырылған ақсақалдары мен азаматтары сол ортақ қарашаңырақтың қара қазанынан дәм татуы, жылма-жыл жаңғырып, үрдіске айналуы, ұлтымызға ұлағатты бірлік, құт пен бақ, береке мен ырыс әкелері сөзсіз.
Қазақтың рулық шежіресі бүткіл жер бетіндегі әлем елдері ішіндегі ең сенімді дереккөздер қатарына жатады. Бұл шежіреде «тырнақтай да» жаңсақтық болмайды. Себебі, рулық шежіре бір адаммен емес, сол ру атын иемденген Атамыздың (руымыздың) бүкіл ұрпақтарымен және олардың ағайын-тума, нағашы-жиен, құда-жекжат, бөле мен бажа, көрші-көлем, яғни бүкіл «қарға тамырлы» қазақпен жазылады. Рулық шежіре ұрпақтан ұрпаққа қағазға жазылған хатпен емес, ауызбен ауызша айтылатын қара сөзбен, қанмен, жүрекпен беріледі. Оны қазақ баласының санасынан өшіру бір Алладан басқа ешкімнің қолынан келмейді.
Руды білу, ол Ата-баба тарихын, салтын, дәстүрін білу. Мысалы, Исак деген жат жұрттық қазақ арасына кіріп, іріткі салмақ болды делік. Ол, әуелі Исан деген қазақи есім алып, халықтың сеніміне кіру керек. Қазақ бұл жерде Исанның руын, жеті атасын сұрайды. Айтып бере алмай, ұлттық мүддеге қызмет етпесе, оларды ортасына кіргізбей, мүйіздеп елден қуып шығады. Негізінен, әртүрлі сылтау айтып, руды жамандайтын міне осылар. Міне, руын Ата-тегін білмейтін мәңгүрттер осындайлардың арасынан көптеп шығады. Демек, руды жамандап, оны «құбыжық» қылып көрсетудің еш қажеті жоқ, ешбір қазақ баласы алауыздық туғызып жүрген жоқ. Алауыздық туғызып жүргендер, сырттан кірген жатжұрттық кірмелер.
Рушылдықты қазаққа қажетсіз деп, қаралау достың ісі емес. Себебі, бұл кеше, бүгін пайда бола қалған жүйе емес және ол үлкен адамгершілікке, тазалыққа құрылған далалық академия! Біз тек жаттың «айтағына» еріп оның қадіріне жете алмай жүрміз.
Басқа ұлттар мен басқа діндегілер, мысалы араптар мың жылдан да аса уақыт ішінде, парсы мен жебрейлер тіпті одан да көп, ал орыс үш ғасырда да қазақты ұлттық болмысынан ажыратып, өз тілдері мен діндеріне өткізе алмады. Біздің рулық жүйеміз қытайға да, басқаға да төтеп бере алады. Бұл 70 000 жыл бойы әбден сынақтан өткен жүйе. Халқы рулық шежіресін 100 пайыз түгелдей білетін мұндай ел жер бетінде жоқтың қасы. Қазақтың үш Жүзінің, яғни ағайынды үш Арысынан тараған рулары біріне-бірі байланып, шырмауықтай шырмалған. Сондықтан, сырт күштер бар, «іштен шыққан жау жаман» дегендей, іштен шыққандары бар, барлығы жиналып қаншама талпынса да сан мыңдаған жылдар бойы қазақты ала алмай келгенін естен шығармағанымыз жөн болады.
Тарих тағлымы: Ата салтын ұстанып, тілі мен дінін сақтаған, тегін білген «Тектіден туған текті ұрпақтар» ғана Қазақ ұлтын аман сақтап келеді. Қазақты қазақ етіп бүгінгі күнге жеткізгендер де солар. Бұл қағиданы сақтай алмағандар, «тегінен безген тексіз, жеті атасынан безген жетесіз» атанып, қатардан шығып қалып отырған. Қысқасы, рулық жүйенің сақталуы Қазақ халқының мәңгілік ел болып, Қазық жұртта мәңгі отыруының кепілі болмақ.
Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы,
Маңғыстау
Пікір қалдыру