Баспасөздегі тіл мәдениеті туралы

/uploads/thumbnail/20190227105932320_small.jpg

Қазіргі қазақ тілінің дамуына аударма әдебиет, былайша айтқанда, аударма тілі елеулі әсерін тигізіп отыр. Бұл әсердің күші әсіресе мерзімді баспасөзден айқын көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда ана тілімізді таза сақтау, оны байыту жолында баспасөзіміз зор роль атқара алады. Бұл істі баспасөздің өзінен бастау керек десек, қателесе қоймаймыз. Өйткені жақсы мағынада айтылатын аударма тілімен қатар баспасөзге теріс әсерін тигізіп, тілімізді шұбарлап жүрген «үлгілер» де аз емес. Күнделікті газет нөмерінен немесе басылып шыққан кітап беттерінен мынадай сөз тіркестерін оқығаныңда қатты налисың: «олар міндеттің биік дәрежесінде тұр»; «есіңізде болсын, біз сізге елеулі түрде үміт артамыз»; «өзімнің қайран қалғанымды білдірмеске шыдай алмай отырмын»; «бұрыңғы шешімдердің орындалуына қол жеткізбекшісіз бе?»; «Өкілі болып табыласыз ғой»; «барынша сақ түрде»; «ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту үшін»; «зор өрлеу үстінде»; «тағдырдың еркіне тасталды»; «Польша мен Чехословакияны азат етуге бастама салынды»; «халықтың аз бөлігін құрайды» т.т.
Кейбір жолдастар қазақтың бірлі-жарым төл сөздерін де бұрмалап қолданады: аспаз деудің орнына аспазшы, диқан деудің орнына диқаншы, шаштараз деудің орнына шаштаразшы, куә орнына – куәгер деп жазады.

Әрине, мұның бәрі - өнер ретіндегі, творчество ретіндегі аудармадан түк хабары жоқ, тек калька жасауды ғана білетін немесе қазақ тілінде материал әзірлегенде орысша ойлап отырып жазатын адамдардың қаламынан шыққан «үлгілер». Келтірілген мысалдардың әрқайсысы қазақ тілінің нормаларына көрнеу қайшы келетінін, тілімізді былғайтынын түсіну қиын емес. Егер калькадан безіп, шын творчестволық аударма жасайтын болсақ, «с большим подъемом» деген тіркесті «қызу жігермен» немесе «ынта-ықыласпен» деген сөздермен беруге әбден болады, бұдан тұпнұсқа мағынасының дәлдігіне ешбір нұқсан келмейді. «Дальнейшее развитие сельского хозяйства» деген орысша тіркесте «дальнейшее» деген сөз тұрғандықтан «әрқашан да», «одан әрі» деген сөздерді қолданамыз, ал бұлардың қиыспай тұратынын, сондықтан орысша тіркестің мағынасын «ауыл шаруашылығын өркендете беру» деген сөздермен дәл беруге болатынын ойлап жатпаймыз. Егер тұпнұсқаның сыртқы формасына таңылып қалмай, оның дәл мағынасын қазақша жаттық тілмен беру мақсатын көздейтін болсақ, онда «өкілі болып табыласыз» дегенді «өкілісіз», «елеулі түрде үміт артамыз» дегенді «үлкен үміт артамыз», «барынша сақ түрде» дегенді «асқан сақтықпен», «осындай түрде» дегенді «осылайша» деп алғанымыз дұрыс емес пе?!

Балаларға арналған бейбітшілік жырының (орысшасы) «Пусть всегда будет солнце» деген жолы қазақ тілінде «Әрқашан күн сөнбесін» болып шыққан. Сөйлем мүшелерінің логикалық байланысы тұрғысынан алғанда орысшасын бұлай аудару дұрыс емес, өйткені «Күн сөнбесін» деген анықтауыш тұжырымға «ешқашан» деген сөз лайық, ал «әрқашан» деген сөзді қолданар болсақ онда «Әрқашан күн бола берсін» немесе «Әрқашан күн нұрын шашсын» деген мағынада алғанымыз жөн.
Телевизия мен радио хабарларында да шалағайлық кездесіп отырады. Мәселен, таңертеңгі хабарлардың соңында ауа райына байланысты «Күн бұлттанып, жауын-шашын болмайды» деген тіркесті естіп, бұған да налимыз. Өйткені бұл тіркестің байыбына барар болсақ, мұнда тіл нормасы ғана емес, логикалық ойлау заңы да сақталмағанын аңғарамыз. Түрлі құбылыстардың, оның ішінде ауа райы құбылыстарының да себебі мен салдары бар. Күн бұлттанса (себеп), жауын-шашынның (салдар) болуын күту әбден орынды. Күн ашық немесе ала бұлтты болса, жауын-шашынның болмайтыны аян. Бірақ күн бұлттанғанымен, жаңбырдың немесе қардың жаумауы да ықтимал. Сонда жоғарыдағы «күн бұлттанғандықтан жауын-шашын болмайды» деген сияқты ұғым туғызатын теріс тіркесті «күн бұлттанғанымен, жауын-шашын болмайды» немесе «күн бұлттанады, бірақ жауын-шашын болмайды» деп құрғанымыз дұрыс емес пе?!

Калька деген нәрсе ешқашан да аударма тәсілі ретінде танылған емес және де танылмайды да. Калька дегеніміз белгілі бір сөз тіркесінің, сөйлемнің, түрлі фразеологизмдердің, ғылыми формулалар мен анықтамалардың бір тілден екінші тілге аударылған дәл көшірмесі, басқаша айтқанда түпнұсқа формасының екінші сөзбе-сөз қайталануы. Кальканы өте-мөте керек ететін техникалық ғылымдар мен жаратылыстану саласын былай қойғанда, жалпы әлеуметтік-экономикалық және әсіресе көркем әдебиет саласында калька бойынша жасалған аударма үлгілерінің әжетке жарайтындары кемде-кем. Түпнұсқа мен аударма формасының үйлесуі, дәлме-дәл келуі, сөйтіп, жаңа нұсқаның барша жұртқа танылып, тілімізге енуі кальканың жарамдылығын көрсететін өлшем бола алмайды. Тілдегі мұндай құбылыс жұртшылық қабылдаған нұсқаның аударма жасалған тілдің талаптары мен нормаларына сәйкес келетінін ғана дәлелдейді. Сондықтан дәлме-дәл аудару деген ұғым мен калька жасау деген ұғымның екеуі екі басқа нәрсе. Алғашқы ұғымның мәнісі – тұпнұсқаның мазмұны мен рухын екінші тілде ғылыми тұрғыдан дәл беру, яғни сол тілдің талаптарына сәйкес келетін адекватты аударма жасау деген сөз. Мұндай творчестволық іске жан-жақты білімі, керек десеңіз, дарыны бар адамдар ғана жарайды. Ал мұндай қабілеті жоқтар әрқашан да калькаға жүгінеді, яғни тұпнұсқаны тұрған қалпында екінші тілге көшіре салады. Осы күні баспасөзде кездесіп жүрген рабайсыз, сөлекет тіркестер – осындай калькашылардың «туындылары».

Калька жасау жолымен орыс тілінен қазақ тіліне ауысқан азын-аулақ нұсқалар, атап айтқанда, «балықшы балықшыны алыстан көреді» (кулик кулика видит издалека), «ештен кеш жақсы» (лучше поздно, чем никогда), «көздің қарашығындай сақтау» (беречь как зеницу ока), «лай судан балық аулау» (ловить рыбу в мутной воде) сияқты фразеологиялық тіркестер жарасымды, қонымды болғандықтан тілімізге сіңіп кетті. Бірақ, қайталап айтайық, калькадан туған нұсқалардың дені қазақ тілінің нормаларына қайшы келетіндіктен, бейне егін ішіндегі арам шөп немесе сау тәндегі өлі ет сияқты, сұмпайы көрініп тұрады.

Нашар мағынадағы аударма тілі әсерінің тағы бір көрінісі кейбір газеттерде, радио мен телевизия хабарларында «жұмыстың қандай формасы болмасын», «есеп жасалынды», «шаруашылықтың табысы есептелінді», «партия ұйымының кемшіліктері көрсетіп отырылды», «осындай жұмыс істелуі тиіс» деген сияқты теріс тіркестер қолданылып жүр. Бұлардың теріс болатын себебі, тіркескен сөздердің нұсқалары әдеби тіліміздің нормаларына қайшы келеді.

«Жұмыстың қандай формасы болмасын» деген тіркес «какая бы ни была форма работы» деген орысша нұсқадан, яғни көзсіз калька жасаудан келіп шыққан. Ал әдебиетшілеріміз бен журналистеріміздің дені қазақ тілінде ежелден қалыптасқан «жұмыстың қандай формасы болса да (немесе болсын)» деген дұрыс нұсқасын қолданады. Сондай-ақ «жасалынды», «есептелінді», «отырылды» деген сияқты етістік формалары ауызекі сөзде айтылғанымен, баспасөзде тек қана «жасалды», «есептелді», «отырды» деген нұсқада қолданылуы керек. Тілді жақсы білетін адам «істеуі тиіс» деп айтпайды да, жазбайды да. Өйткені міндетті, борышты тиіс, тиісті деген түйінділердің алдында тұратын жөнеу сөз әрқашан да барыс жалғауда болуы керек: «орындауға міндетті», «атқаруға борышты», «істеуге тиіс» (тиісті) т.т.

Қазіргі кезде кең өріс ала бастаған, әсіресе радио мен телевизия хабарларында жиі кездесіп жүрген шалағайлық - «жоспар 20 процентке орындалды», «табыс екі есеге артты» деген сияқты сөз тіркестері. Бұл ретте «20 процент орындалды», «екі есе артты» деген жөн емес пе?! Сонымен қатар «жайында», «жөнінде», «туралы», «хақында» сияқты кәнігі анықтауыш сөздеріміз тұрғанда кейбір әдебиетшілер мен журналистердің «жайлы» деген сөзге неліктен әуестеніп жүргенін түсіну қиын.
Ана тіліміздің байлығын пайдалану, тіл занының талаптарына сәйкес жаңа сөз жасау және интернационалдық сөздерді пайдалану жолымен қазақ тілінің ғылыми терминологиясы белгіленіп, қалыптасты, қазақ лексикасына мыңдаған жаңа терминдер, ұғымдар, фразеологиялық тіркестер берік еніп, қазір қазақтың байырғы төл сөздері қатарында жалпылама қолданылып жүр.
Интернационалдық терминдердің, оның ішінде орыс сөздерінің қазақ тіліне көптен енуінің заңдылығы іс жүзінде айдан анық дәлелденіп отыр. Сондықтан бұрын қабылданған терминдердің шетінен қайта қарау жайында қазір әңгіме болуы мүмкін емес. Бірақ кейбір терминдерді анықтай түсу, әсіресе интернационалдық терминдердің сын есімдік формаларын қолдануды бір ізге салу жөнінде пікірлер айтылуы әбден орынды.

Ең алдымен дық, лық, тық, дік, лік, тік, шыл, шіл жұрнақтарына бітетін сын есімдерді қолдануда ала-құлалық көп. Бұл жөнінде қалыптасқан дұрыс тәжірибе мынадай. Қазақ тілінің нормаларына сәйкес адам жөнінде, сондай-ақ адам өмірімен тығыз байланысты партия, ұйым, қауым, қоғам, тап, топ жөнінде шыл немесе шіл қосымшалы сын есімдер, ал адамның іс-әрекетін сипаттау үшін басқа жұрнақтарға бітетін сын есімдер қолданылуға тиіс. Мәселен, «прогрессивное человечество» – «прогресшіл адамзат», «прогрессивное общество» – «прогресшіл қоғам», «прогрессивное движение» – «прогрестік қозғалыс».

Айта кету керек, кейбір жолдастар жұрнақтардың осындай ерекшеліктерін ажырата білмей, түрліше қолданылып жүрген белгілі бір сын есімдерді дублет сөздерге жатқызады. Бұл дұрыс емес. Мәселен, баспасөзде «прогрессивный строй» деген күрделі терминнің төрт түрлі нұсқада – «прогрессивтік құрылыс», «прогресті құрылыс», «прогрестік құрылыс», «прогресшіл құрылыс» – деп жазылуында ешқандай дублеттілік жоқ, өйткені бұлардың ішіндегі бірден-бір дұрыс нұсқа – «прогрестік құрылыс», ал басқалары – тек ұқыпсыздық пен шалағайлықтың нәтижелері.
Орыстың «педагогический» деген сын есімінің қазақша нұсқалары «педагогикалық» және «педагогтік» деген сөздер жөнінде де осыны айту керек. Бұлар да дублеттер емес, өйткені бұл сын есімдердің әрқайсысы белгілі бір ұғымды ғана білдіреді. Мәселен, ғылым, пән мағынасындағы «педагогика» деген түбірден шыққан сын есім формасы тек қана «педагогикалық» болуға тиіс: мысалы, «педагогикалық институт», «педагогикалық тәлім» –тәрбие, т.т. Ал осы ғылымның өкілі «педагог» жөнінде қолданылатын сын есім формасы – тек қана «педагогтік»; «педагогтік тәжірибе», «педагогтік жұмыс стажы», т.т. Бұларды бір-бірімен шатастырмау керек.

Біз интернационалдық атаулардың анықтауыш сыңарын сын есімдік жұрнақпен, ал қазақша терминдерді көбінесе изафет формасында қолданып жүрміз. Мәселен, интернационалдық терминдер: «демократиялық республика», «демократиялық мемлекет», «социалистік қоғам», «монархиялық құрылыс»; қазақша атаулар: «тап күресі», «азамат соғысы», «Отан соғысы» т.т. Бұған жаттығып кеткеніміз соншалық, атаулардың алғашқыларын «демократия республикасы», «демократия мемлекеті», «социализм қоғамы», «монархия құрылысы» деп изафет формасына айналдырсаң, бұлардың терминдік сипаты әлсіреп қалатын сияқты көрінеді. Ал егер жоғарыда көрсетілген қазақша атауларды сын есімдік жұрнақпен «таптық күрес», «азаматтық соғыс», «Отандық соғыс» деп жазатын болсақ бұлар жұрттың көпшілігіне тұрпайы естіледі. Демек, көбірек кездесетін тәжірибеге сәйкес интернационалдық атаулар қатысатын күрделі терминдердің анықтаушысын көбінесе жұрнақпен, ал қазақша атауларды көбінесе изафет формасында қолданған дұрыс сияқты. Біздің көбінесе деген сөзді баса айтып отырған себебіміз, бұл тәжірибені ешбір өзгертуге жатпайтын мызғымас ережеге айналдырмау керек. Сол сияқты кейбір реттерде қазақша атаулардың анықтаушысын жұрнақпен белгілеген тиімді. Мысалдар: «қоғамдық құрылыс», «данышпандық өсиет», «ұстаздық тәрбие», «ағалық ақыл-кеңес», «аудандық ұйым» т.т.

Шығыс халықтары тілдерінен қазақ лексикасына ауысқан «әдеби», «әскери», «мәдени», «рухани», «саяси», «табиғи», «тарихи» сияқты сын есімдік форма қазіргі кезде біркелкі қолданылып жүр. Орысша «профессиональный», «общественный» деген сын есімдердің қазақша баламалары «кәсіптік» - «кәсіби», «қоғамдық» – «қоғами» болып екі түрлі алынып келеді. Тегінде бұлардың бірінші нұсқаларын ғана қолданған жөн: мысалы, «кәсіптік бағдар» («профессиональная ориентация») – «қоғамдық құрылыс» («общественный строй»).

Ақырында, баспасөз бетінде кездесіп жүрген ала-құлалықты біржола жойып, күрделі терминдер мен түрлі атауларды біркелкі пайдалану мәселесін түпкілікті шешкен жөн. Мәселен, Қазақ мемлекеттік университеті – үш сөзден құралған күрделі термин, бұл сөздерді бір-бірінен айырып әкетуге әсте болмайды, ендеше университетке С. М. Киров есімі берілгендіктен оны Қазақтың С. М. Киров атындағы мемлекеттік университеті деп алудың ешбір қисыны жоқ. Дұрысы, С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті. Тіпті бұған тағы бір қосымша жасалған күнде де алғашқы үш сөз әсте жұбын жазбауға тиіс. Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры – бес сөзден құралған күрделі термин болатын, кейін бұл театр Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталып, Мұхтар Әуезов есімі берілді. Қазір театрдың толық аты есебіндегі күрделі термин он екі сөзден құрылған: Еңбек Қызыл Ту орденді Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры. Осы дәйектілікті сақтамаған күнде күрделі термин теріс қолданылған болып шығады. Ордендер мен медальдар аттарының, әскери және құрметті атақтардың жазылуы жөнінде де осыны айту керек.

Қазақ тілінде шығатын мерзімді баспасөзде орыс тілінен ауысқан бірталай географиялық атаулар осы күнге дейін әр түрлі алынып келеді. «Урал» – «Орал» (тау мен өзен аты), «Сибирь» – «Сібір», «Оренбург» – «Орынбор», «Челябинск» – «Челябі», «Омск» – «Омбы» т.т. 1968 жылдың аяғында өткізілген ғылыми-практикалық конференцияда дәстүрлі жолмен бұрыннан қалыптасқан атаулардың шегін ақтық рет белгілеп, бұдан басқаларының бәрін орысша нұсқалары бойынша қолдану қажет деген ұсыныс айтылған-ды. Бірақ терминологиялық комиссия бұл жөнінде әлі де тиянақты шешімге келген жоқ.

Көрнекті жазушымыз, Социалистік Еңбек Ері, академик Ғабит Мүсірепов бір үлкен жиында қазақ тілінде қолданылып жүрген «өзара сын» деген атаудың орысша тұпнұсқаға – «самокритика» деген сөзге дәл келмейтінін өте дұрыс айтты. Осындай бірер өзгеріс жасау жайында әңгіме болғанда кейбір жолдастар бұрын қабылданған тиісті нұсқалардың әбден қалыптасып, дәстүрге айналғанын сылтау етеді. Бірақ дағды-дәстүрдің озығы да, тозығы да бар, сондықтан ескірген немесе қате терминдерді батыл аластап тастап, олардың орнына жаңа терминдер мен атауларды қолданудан қашпауымыз керек.

Қазақ тілінде тәр түрлі айтылып, жазылып жүрген бірталай дублет сөздер бар. Мұның өзі кейде негізсіз айтысқа айналып кетіп жүрді. Шынында төркіндес екі сөздің анаусы дұрыс, мынаусы теріс деп төндіре дәлелдеу қиын. Бұл жөніндегі бірден-бір өлшеуіш тәжірибе болуға тиіс. Әлбетте, баспасөзде дублеттердің қайсысының өте-мөте көп қолданылып жүргенін анықтап, соған жіп тағу, яғни егіздің бір сыңарын әдеби норма етіп қабылдау – тіл мамандары мен терминкомның міндеті. Сонда, мәселен «әжім»-«ажым», «әжуа»-«ажуа», «басқа»-«басқадай», «өзге»-«өзгедей», «қазір»-«кәзір», «өмір»-«ғұмыр», «көңіл»-«кеуіл», «лұғат»-«ұлағат», «пайым»-«байым», «палуан»-«балуан», «пейіл»-«бейіл» деген дублеттердің бірінші сыңарларын құптайтын болсақ, осыларды ереже ретінде қолданғанымыз жөн. Әрине, бұдан дублеттердің екінші сыңарларын мүлде аластап тастау керек деген ұғым тумасқа тиіс. Қайта бұлар жергілікті халықтың, белгілі бір кейіпкердің сөйлеу мәнерін сипаттау үшін көркем әдебиет шығармаларында бірінші сыңарларымен қатар қолданыла береді. Жүре келе кейбір дублеттердің «өкімет»-«үкімет», «ғылым» –«ілім» деген атаулар сияқты дербес мағынаға ие болып кетуі де ғажап емес.

Осы арада «лұғат»-«ұлағат» деген дублеттер жөнінде бір-екі сөз айта кеткеніміз келеді. «Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің» алғашқы басылымдарында бұлардың бірінші сыңары ғана көрсетіліп, екіншісі ауызға алынбай келген-ді. Қазақ совет энциклопедиясында да тек «лұғат» деген ұғымға ғана түсініктеме берілген және мұның түрік сөзі екендігі айтылған. Ал баспасөзде бұл дублеттердің екі сыңары да қолданылып жүрді: «лұғатты ұстаз» және «ұлағатты ұстаз». Сондықтан бұлардың төркіні бір деген пікірді құптау керек сияқты. Солай бола тұрса да, бір ғажап жері, сөздіктің соңғы басылымында бұлар әр түрлі мағынадағы ұғымдар қатарында алфавит ретімен екі жерде келтірілген.
Тағы бір қатты ескеретін нәрсе, дублеттерді синонимдермен шатастырмау керек. Өйткені синонимдер тіл байлығына жатады, сондықтан бұлардың әрқайсысын өзінің мағыналық өресінде саралап пайдалана білу шарт. Бұл жерде филология ғылымының докторы К. Ахановтың «Қазақстан коммунисі» журналының 1965 жылғы 2-нөмерінде жарияланған мақаласының мазмұнын қысқаша еске салып өтуді мақұл көреміз. Мақалада Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының атынан шығып жүрген еңбектер мен сөздіктерде бір ізділік жоқ екені, соның салдарынан біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің бір-бірімен шатастырылып жүргендігі көрсетілген. Мәселен, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (екі томдық, 1959-1961 жылдары жарық көрген) «көлбақа», «құрбақа», «атшабар», «ақсүйек», «көкми», «балқаймақ», «балмұздақ», «бірбеткей», «жолбике» сияқты сөздер біріккен сөздер ретінде бірге жазылған да, ал «Біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің орфографиялық сөздігінде» аталған сөздер сөз тіркестері түрінде бөлек жазылған («көл бақа», «құр бақа» т.т.). Сөз тіркестері мен біріккен сөздердің жігін ажырата білмеушіліктен «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» де осындай ала-құлалық кездесіп отырады.

Ал біріккен сөз бен сөз тіркесінің айырмашылығы неде? Әрбір біріккен сөз бір ғана ұғымды білдіреді («тасбақа», «көлбақа»), мұнда біріккен сөздің алғашқы жартысы («тас», «көл») – заттың, жәндіктің сыны емес, біртұтас ұғымның ажырамас бөлігі. Сондықтан «көлбақа», «құрбақа», «тасбақа», «бесатар», «алтыатар» деген сияқты біріккен сөздерді «тас бауыр», «тас қараңғы», «тас жүрек», «алты аласы, бес бересі жоқ» деген сияқты фразеологиялық тіркестермен әсте шатастыруға болмайды. Өйткені екінші тізбеде тіркестің алғашқы сыңары сын есім ролін атқарады.
Осы өте жүйелі, нанымды пікірге қосылмау мүмкін емес. Бұл пікірді академик І. Кеңесбаев та дұрыс деп біледі («Қазақстан коммунисі» журналының 1965 жылғы 7-нөмерін қараңыз). Бірақ Тіл білімі институтының еңбектеріндегі ала-құлалық әлі арылмай келеді. Соның салдарынан газеттер мен журналдарда біріккен сөздер мен сөз тіркестерін жазуда ешбір тәртіп жоқ екені, кез келген сөзді әркімнің өз қалауынша, бірде бөлек, бірде біріктіріп жазатыны айтпаса да белгілі. К. Аханов жолдастың мақаласында және ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген бірқатар ғалымдардың сөздерінде мынадай ұсыныс жасалған:

1. Бір ғана ұғымды білдіретін күрделі атаулар («көлбақа», «құрбақа» т.т.) әрқашан да бірге жазылуға тиіс. Ал егер күрделі сөздің алғашқы сыңары сын есім ролін атқаратын болса, яғни соңғы сөздің анықтауышы болса, бұларды сөз тіркесі ретінде бөлек жазу керек, мәселен, бидай (пшеница) дақылының айырым белгілері: «ақ бидай», «қызыл бидай», «жаздық бидай», «күздік бидай». Бірақ басқа дақылдың (рожь) аты ретіндегі «қарабидай» жоғарыда атап көрсеткеніміздей, бірге жазылады. Сол сияқты «темір жол», «темір таяқ» деген сөздердегі «темір» соңғы сөздің анықтаушысы болғандықтан бөлек жазылады, ал «теміржолшы» деген күрделі атаудың бірге жазылатын себебі, темір деген бөлшектің сын есімдік сипаты жоқ, тек темір жолда істейтін қызметкер деген ұғымды ғана білдіреді.
2. Екі сөзден құралған күрделі сын есімдер әрқашан да бірге жазылуға тиіс: мәселен, «ақсары», «қараторы», «көкала», «қызылкүрең», «екеуара», «үшеуара», «халықаралық», «бүкілхалықтық», «бүкілодақтық», «дүниежүзілік», «ауылшаруашылық» т.т. Ал егер күрделі сын есім үш сөзден құралған болса, алғашқысы бөлек жазылуға тиіс. Мәселен, «бүкіл дүниежүзілік».
Түрлі ғылым саласында кездесетін терминдер мен атауларды бір ізге салуда терминология комиссиясы көп жұмыс тындырды. Мәселен, орыстың «арбуз» деген атауы республика көлемінде негізінен «арбыз», «дарбыз», «қарбыз» делініп, ал «огурец» деген атау – «бадыран», «қияр», «үгіршік» делініп, түрліше қолданылып келген еді. Терминком бұлардың неғұрлым көбірек тараған нұсқаларын – «қарбыз» және «қияр» деген түрлерін ғана түпкілікті қабылдады.
Қорыта айтқанда, аударма ісіндегі, терминология мен орфография саласындағы кемшіліктер мен шалағайлықтарды, әдебиет пен баспасөзде орын алып келе жатқан ала-құлалықты біржола жою үшін әлі де көп жұмыс істеуге тура келеді.

«Журналист парызы» кітабы, «Қазақстан» баспасы 1986 жыл

Дереккөз: Қайнар Олжайдың Facebook-тегі парақшасы

Ұсынған: Гүлім Жақан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар