Фейсбуктың лентасы жаназа намазына қатысты түрлі пікірлерге толып, жұрттың екіге бөлінгенін, арты дау-дамайға ұласқанын көріп ешкімнің атын атамастан, жеке өмірін қазбаламастан дін маманы ретінде жеке пікірімді емес, шариғаттың жаназаға қатысты жалпы үкімін айттым. Ханафи мәзһабында, тіпті барлық мәзһабтарда жаназа намазы өзін мұсылман санайтын адамға ғана шығарылады. Өйткені жаназа намазы мұсылманның мұсылманға арнап оқитын арнайы діни рәсімі. Тірілердің атқаратын құлшылығы. Мұсылманға оқылатын дұға. Сондықтан тірісінде мұсылмандықты, Алланы мойындамаған адамға мұның ешқандай қатысы жоқ. Тіпті, оған деген құрметсіздік.
Шариғатта Алланы жоққа шығарып, исламды ашықтан қабылдамаған адам жуындырылып, кебінделіп, жерленсе де жаназасы шығарылмайды. Ханафи мәзһабының кез-келген фиқһ кітабын ашып, жаназа бөлімін оқысаңыздар бұған оп-оңай көз жеткізесіздер.
Ашықтан ашық «Қазақтар адаспаңдар, Алла жоқ», «Шіркін, барлық қазақ Құранды оқып шықса ғой, исламның қазаққа жат дін екенін түсініп, одан бас тартатын еді» деп, Алланы және исламды мойындамаған адам бұл сөздерімен діннен шыққан болып есептеледі. Мұндай жағдайда жан тәсілім еткен адамның аталған күпірлік сөздерін кері алып, тәубе етіп-етпегендігі туған-туыс, жақындарынан сұрастырылып анықталуы тиіс. Жаназа намазын шығаруға ресми имамдарын жібермегеніне қарағанда муфтият жағдайды анықтаған болып отыр. Кейбір кісілер үйінде, енді біреулер қабір басында жаназысы оқылды деп жатыр. Демек жаназасын шығарған кісілер қайтыс болған кісінің ашықтан ашық айтылған күпірлік сөздерінен тәубе еткендігін анықтаған шығар. Олай болса, бұған біз тек қуанамыз. Әсілінде иманмен кету әрқайсымыздың тілегіміз. Қайталап айтамын мен жаназасы шығарылмасын деп қандай да бір нақты адамға қатысты кесіп үкім айтқан емеспін. Жұрттың пікір таластырып, екіге жарылғанын көргеннен кейін ғана жаназаның қандай жағдайда шығарылып-шығарылмайтындығына қатысты шариғаттың жалпы үкімін айттым.
"Усулул-фиқһта" мынандай қағида бар «Біз сыртқы әрекеттерге қарап үкім береміз, ал жасырыны Аллаға тапсырылады». Бұл қағиданы неге айтып отырмын? Қандай да бір кісінің ашықтан ашық айтылған, басқаша жорамалдауға келмейтін анық күпірлік сөздері тұрған кезде, «жүрегімен иман келтірген шығар» дегендей ешкімге мәлім емес, күмәнді нәрсеге негізделіп мына дүниеде шариғат үкімі орындалмайды. Әбу Ханифа бойынша иман жүрекпен бекітіліп, тілмен айтылуы керек. Олай болмағанда басқа дінге өткен барлық қазақтардың жаназасын «жүрегімен иман еткен шығар» деп шығаруымызға тура келеді. Өйткені жаназа мұсылманның қазақ алдындағы емес, өзін мұсылман санайтын адам алдындағы міндеті.
Бұл мына дүниедегі шариғаттың үкімі. Ал ақыретте жүрегіндегі шынайы иманына қарай Алладан қарымын алады. Алла әділ!.
Соңғы кезде әлеуметтік желіде кейбір кісілердің шариғатта да, Құранда да анық бар дүниелерді «арабшылдық» - деп, дінді келеке ету үрдісі байқалады. Бұл әрине қауіпті құбылыс.
Шариғат пен арабтықты шатастырмауымыз керек. Арабтардың әдет-ғұрыпын, өмір-салтын шариғат деп тықпалауға мен де, муфтият та қарсы. Бірақ шариғат шарттарын, ханафи мәзһабында көрсетілген қағидаларын арабтікі деп діннен бас тартуға хақымыз жоқ.
Кешегі жағдайда халықты даурықтырмай муфтият секілді бүкіл мұсылмандар қарап отырған орталық мекеме жағдайды дер кезінде ашық айтып, түсіндірме жұмысын жүргізуі тиіс еді.
Әлеуметтік желіде әлі де жаназа төңірегіндегі қызу пікір талас болып, менің есімім аталғаннан кейін осы жазбамды жазуға тура келді. Бұдан кейін бұл тақырыпқа қайта оралмаймын. Әңгіме осы жерде тәмам болсыншы.
Қайрат Жолдыбайұлының фейсбук парақшасынан алынды
Ұсынған: Әсел Болатқызы