Қызылорда облысында Ми-8 тікұшағының апатқа ұшырауына байланысты қылмыстық іс қозғалып, Бас прокурордың бақылауына алынды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жайында бүгін Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин мәлімдеді.
«Бас әскери прокуратура қылмыстық істі жіті қадағалайтын болады, бұл іске қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп, барлық процесс ҚР Бас прокуратурасының назарында болмақ», - деп айтты Лукин.
Оның мәлімдеуінше, қылмыстық іс «Ұшу ережелерін бұзу» бабы бойынша қозғалды.
Естеріңізге сала кетейік, кеше сағат 17:30 шамасында Ақтаудан Шымкент қаласына бағыт алған Ми-8 әскери тікұшағы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында апатқа ұшырап, өртеніп кеткен болатын. Тікұшақ бортында экипаж мүшелерін қосқанда 13 адам болған, бәрі де оқиға орнында опат болды.
Ұсынған: Назерке Лабихан