Қарағанды қаласында мешітке келушілер жергілікті тұрғынның алдап кеткенін айтып шағымданды. Ол адамдарға бизнеске ақша салу арқылы пайда табуға болатынына сендірген. Ақшаны алғаннан кейін із-түссіз жоғалып кеткен. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі tengrinews.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
"Барлық "іскерлік әріптестерімен" алаяқ мешітте кездесті. «Мен Ерасылды (есімі өзгертілген — Ред.) үш жылдан бері білемін, бірінші күннен бастап ол маған өте салмақты, мейірімді және Құдайдан қорқатын жігіт сияқты көрінді. Жақсы киінген, қымбат автокөліктерге мінген, сондай-ақ мұқтаж жандарға көмектесетіндігін айтқан. Содан кейін ол Қытайдан тауар алдырып жүргендігін, оны сатып алу үшін инвестор іздеп жүргендігін айтты. Қаржылай демеу көрсеткен адамға ақшасын пайызбен қайтаратынын айтып сендірді. Біраз уақыттан кейін оған тауарды сатып алу үшін ақшаның дәл қазір керек екендігін айтты, оған 20 миллион теңгені сеніп тапсырдым», - дейді қарағандылық Марат.
Мараттың айтуынша, Ерасыл бұл жағдай туралы ешкімге айтпауды өтінген. Алайда көп кешікпей, Ерасылға сенетін мешітте басқа адамдар да пайда болған. 2014 жылы Меккеге қажылыққа бірге барған сапарында оған 84 мың доллар ақша берген.
"Бастапқыда ол қарызды қайтарып жүрді. Бірақ, кейін қарызды қайтаруды тоқтатты. Ол маған 57 мың теңге қарыздар болған. 2017 жылы ол маған қарызды толықтай екі айдың ішінде қайтаруға уәде етіп, қолхат жазып берген болатын. Дегенмен, онымнан ештеңе де шықпады" — дейді Марат.
Ерасыл одан бөлек мешітке келген 2 адамды құрығына түсіріп, 30 миллион теңге пайда тапқан екен. Сондай-ақ Ерасылдың 6 жыл отасқан әйелі Әйгерім де Ерасылдың құрбаны болған.
"Біздің екі баламыз бар. Үлкен балам мүгедек. Бір жарым жыл бұрын ол бізді Астанаға көшіріп әкелді. Сосын, Қарағандыдағы бұрынғы үйді сатып, Астанадан жаңа үй алуға көндірді. Үйді Ерасылдың атына жаздырдым. Ол үйдің құжаттары мен әкемнің КамАЗ-ын сатып қашып кетті."- дейді Әйгерім.
Жәбірленушілер полицияға шағымданғанмен, олардың өтініштері қараусыз қалған. «2018 жылдан бастап 2019 жылдың наурызына дейін төрт адам алаяқтық үшін полицияға өтініш берген. Дегенмен, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 179-бабына сәйкес, азаматтық-құқықтық мәмілелерді жазбаша түрде жасалмаған және жарамсыз деп таныған.
Аударған: Фариза Жомартқызы