Павлодар облысы Ақсу қаласында ер адам өз-өзін өртеп жіберді: бір адам қаза тауып, он үш адам зардап шекті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі pavlodarnews.kz cайтына сілтеме жасай отырып.
3 сәуірде сағат 20:51-де Ақсу қаласы Б. Момышұлы көшесінде жеке тұрғын үйдің жанып жатқаны туралы хабар келген. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, сол күні қаза тапқан адамның әйелінің туған күні болған екен. Қонақтар дастархан басына жиналғанда, 50 жастағы үй иесі кетіп қалады да, бес литр бензин әкеліп, "балаларды алып кетіңдер" деп айтқан. Әйелі оның айтқанын орындаған бойда ер адам сіріңкені жағып, өзін өртеп жіберген. Достары оны тоқтатуға тырысқан. Күйік шалған ер адам Ақсу қаласының орталық ауруханасына жеткізілгенімен, оны аман сақтап қалу мүмкін болмапты.
Өрттің салдарынан 13 адам зардап шекті: төрт адам жансақтау бөлімінде жатыр, бес адам мен төрт бала иіс газынан уланып, жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлады облыстық жедел жәрдем станциясы.
Өрт аумағы 30 шаршы метр болды. Үш бөлмелі баспананың ас бөлмесі, жиһаз, тұрмыстық техника және басқа заттар түгел жанып кеткен. Үйдің шатыры да опырылып құлапты.
Ұсынған: Фариза Жомартқызы
Пікір қалдыру