Ник Вуйчич: Өміріміз жақсы болуы мүмкін. Әрине, егер өзіміз соны таңдасақ

/uploads/thumbnail/20190421101411981_small.png

Ол сирек кездесетін аурумен дүниеге келді. Оның қолы да, аяғы да жоқ. Суға батып өз-өзін өлтірмекші де болған. Сөйтсе, суға батпай қойыпты. Содан сабақ алып, өмірге деген құлшынысы артып, көзқарасын өзгертіпті.

Ол-оратор. Ол-мотиватор. Ол-4 баланың әкесі. Ол-Ник Вуйчич. Оның сіз бен бізге айтары бар. Оқыңыз, көңіліңізге тоқыңыз. Өмірге басқаша көзқараспен қарайық! Никтің көзімен... Бір сәт.

Вуйчич ешнәрсеге қарамастан бақытты болу үшін ұзақ ізденді. Бүгінде оның жігері, ерлігі дәл өзі секілді және он екі мүшесі сау адамдарға да үміт сыйлап, өмірге деген құлшынысын арттырып жүр.

Ник Вуйчичтің «Шет-шегі жоқ өмір»  атты кітабынан адамды жігерлендіріп, өмірге деген көзқарасты титтей де болса өзгертуге септігі тиер бірнеше пікірлерін ұсынамын. Бұл жігіттің айтары бар.

  1. Дос керек кезде өзің де дос бол. Үмітке мұқтаж болсаң, өзгеге үміт сыйла.
  2. Егер есікті ешкім ашпаса, бірден бірнеше есікті қақ.
  3. Бәріміз бір-біріміздің бойымыздан жаманды да, жақсыны да таба аламыз. Бірақ мен бір түйір алтын іздегенді құп көремін.
  4. Өз әрекеттеріңіз өзіңізді шабыттандырып, қанағаттандыратындай өмір сүруге тырысыңыз.
  5. Мақсатымыз орындалып немесе қандай да бір затқа қол жеткізгенде бақытты боламыз деп күтумен өмір сүру дұрыс емес. Бақыт үнемі жанымызда жүргендей сезінуіміз керек. Ал оған қол жеткізу үшін рухани, психологиялық, эмоционалды, физикалық үйлесімділік қажет.  
  6. Кейде сауалыңызға бірден жауап алу мүмкін еместігін түсінуіңіз керек.
  7. Сіз өз-өзіңізді қабылдауға дайын емес болсаңыз, ендеше, өзгені де қабылдауға дайын емессіз.
  8. Әлемде мен кездестірмеген қиындық өте көп. Өзге көптеген жандардың өміріне қарағанда, өмірім мың есе жақсы екеніне сенімдімін.
  9. Көмек сұрауға болатынын және керек екенін өте ерте ұқтым. Денеңіз сау ма, емес пе, бәрібір, бірақ жалғыз өзіңіздің шамаңыз келмейтін істер баршылық.
  10. Өміріңіздің соңына көз тастап көруге тырысыңыз. Сосын сол межеге жеткенде еш өкініш болмайтындай өмір сүріңіз.
  11. Сенің қолыңнан не келеді, не келмейді, кімсің, кім бола алмай жүрсің, ол мәселе махаббатты қызықтырмайды. Шын махаббат бірден жүрекке қарайды!
  12. Кез келген қиындыққа тап болғанда, одан да бір шаттық табуға тырыс.
  13. Әлемге деген қарым-қатынасты қашықтықтан басқаратын құрылғы деп біліңіз. Егер көріп отырған бағдарламаңыз ұнамаса, басқару құрылғысын алып, жай ғана телеарнаны ауыстыра салыңыз. Өмірге деген қарым-қатынаста да солай. Нәтижеге көңіліңіз толмаса, қандай қиындыққа тап болғаныңызға қарамастан, сол мәселеге басқа қырмен қарап көріңіз.
  14. Өзін жолы болмайтын біреу деп ойлайтындар ол — қолын бір сілтеп, бас тартқан кезде жетістікке қаншалықты жақын болғанын түсінбеген жандар.
  15. Жүрегің жаралы болса, керемет сырт келбет түкке тұрғысыз.
  16. Жақсылық жасау үшін ғаламат жоба құрастырудың қажеті жоқ. Өзге жан үшін тіпті титтей істің өзі маңызды болуы мүмкін.
  17. Өмірдегі ең керемет қуаныштың бірі – өз өмірің мен жеке тәжірибеңнен де артық үлкен бірнәрсенің бір бөлігі болу.
  18. Әл-дәрменің қалмаған күйзеліс кезінде сіз кезіккен жағдай мен ішіңізде болып жатқан жағдайдың аражігін ажырата білу маңызды.
  19. Өміріміз жақсы болуы мүмкін. Әрине, егер өзіміз соны таңдасақ.
  20. Бұрын «Неге мен? Неге мен ғана осындаймын?» деп сұрайтынмын. Бірақ қазір «Неге? Неге мен емеспін?» деймін. 
  21. Тағы бір күн – тағы бір мүмкіндік!

Аударып, ұсынған: Мақпал Сембай

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар