Атырау облысының әкімі жолаушылар тасымалы саласында бақылауды күшейтуді тапсырды

/uploads/thumbnail/20190515161459756_small.jpg
Нұрлан Ноғаев аймақтағы қоғамдық тасымалмен айналысатын автопарктердің иелерімен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.
 
Бүгінде Атырау облысында жолаушылар тасымалымен 15 жеке компания айналысады, оның  9-ы облыс орталығында қызмет көрсетеді, 30  бағытқа 190 автобус  тартылған.
 
-Өткен жылы лизингтік несие бағдарламасы бойынша 91 автобус алынды, бірақ Атыраудағы қоғамдық көлік жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін тағы 150 автобус керек. Осы бағыттағы жұмыстар жүріп жатыр, алдағы жылдары мәселе шешіледі,-деді жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев.Нурлан Ногаев
 
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде қоғамдық көлікті дамыту тұжырымдамасы табысты жүзеге асып жатқанын атап өтті. Автопарк жаңартылып, электронды билет жүйесі енгізілген. Биыл қаладағы 11 көше қайта жаңғыртылады, жаңа аялдамалар орнатылады. Қоғамдық көлік саласындағы субсидиялау нәтижесінде кондукторлар мен жүргізушілердің еңбекақылары көтерілді.
 
-Тұрғындар тарапынан қоғамдық көлік қызметіне, кондукторлар мен жүргізушілердің дөрекіліктеріне қатысты шағымдар бар. Бақылауды күшейтіп, орын алған мәселелерді уақытылы шешу керек. Жолаушылардан әлеуметтік желілердегі шағымдар азайып келеді, бірақ бар, бұл әлі де осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру керектігін көрсетеді,- деді жиналғандарға Нұрлан Ноғаев.
 
Атырау облысы аудандарында жолаушылар тасымалына қатысты жұмыстар көңіл көншітпейді. Жолаушылар автобусы тек Жылыой ауданына қатынайды. Басқа аудандарға такси ғана жүреді. Нурлан Ногаев
 
-Облыстың барлық аудандарында қоғамдық көлікті субсидиялау мәселесін қарастыру қажет. Мысалы, Исатай, Махамбет, Индер аудандарына баратын жолдардың жағдайлары жақсы, осы бағыттарға жайлы автобустар шығару керек. Ауыл тұрғындары тарапынан сұраныс жоғары болатынына сенімдімін,-деді аймақ басшысы. 
 
Жиналысты қортындылаған Нұрлан Ноғаев қарамағындағыларға қоғамдық тасымал саласында бақылауды күшейтуді тапсырды. Автобустардың қатысуымен болатын ЖКО азайтып,  жаңа көлікті күтіп ұстау,  жолаушыларға жайлы жағдай жасау мақсатындағы жұмыстар қатаң қадағаланады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар