Щучинск қаласында ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің "Ұлағатты ұрпақ-ұлттық ұстаным" атты шығармашылық кеші өткізілді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл кеш туралы ақпарат үміткердің желідегі парақшасында жария етілді.
Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында өткізіліп отырған кештің мақсаты-мәдениет пен өнерді қолдау, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, сайлаушылармен кездесу.
Кеш барысында ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел шығармашылығына арналған бейнероликтер көрсетіліп, жергілікті әншілер Гүлім Құдысбек, Арайлым Сақытбай, Өмірзақ Құрбанов өнерлерін көрсетті.
Өз кезегінде сөз алған танымал жазушы-журналист, қоғам қайраткері, "Халық сүйіктісі-2017" Ұлттық сыйлығының иегері Сәдібек Түгел "Ұлы Дала қырандары" мәдени-әлеуметтік қозғалысының атынан Президенттікке үміткер ретінде қоғамдық деңгейде өз тараптарынан атқарған жұмыстары, жастарды отансүйгіштікке баулудағы бірлестіктің орны жайлы әңгімелеп, кешке қатысушылар қойған сауалдарға жауап берді.
Кандидаттың сенімді өкілі Талғат Омар Сәдібек Түгелдің қолына алған ісін әрқашан соңына дейін жеткізетін табандылығы мен ұлттық құндылықтарды ұлықтаудағы ерекше ерік-жігері жайлы айта келе, оның шығармашылығын да қатар алып келе жатқандығына да тоқталды.
"Сәдібектің осынша қажыр-қайратты қайдан алатынына қайран қаламын. Кітабын да жазады, қоғамдық жұмысты атқаруға да уақыт табады, Құлагердей тұлпарға ескерткіш те салады. Бәріне қалай үлгереді",- деді Талғат Омар.
Президентікке үміткердің Ақмола облысындағы сенімді өкілі Ерболат Съезхан "Сәдібек Түгел шығармашылығының ішінде жас ұрпақ бойына рух беретін қазанат тақырыбы мен елдік мәселесі басты орында. Бүгінгі кездесудің маңыздылығы жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде осындай тұлғалардан үлгі алуға тиіс", - деді.
Ақмола облысы бойынша "Ұлы Дала қырандары" РҚБ төрағасы, кандидаттың сенімді өкілі Құмарғали Жайымұлы Сәдібек Түгелдің қозғалыстың жұмысын жандандырып, игі істердің бастамашысы болып алға жетелеп келе жатқандығына тоқталып өзінің шығармашылық иесіне арналған арнауын оқыды. Кеш барысында Сәдібек Түгелдің елорданың тұңғыш баспасөз хатшысы, журналистика саласындағы елеулі еңбегін де әріптестері тілге тиек етті. Айта кетсек, іс-шарада автордың еңбектеріне арналған кітаптар мен фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылды.
Ұсынған: Әділет Мәдениет
Пікір қалдыру