Тараз қаласында "Даңқ" мұражайы ел игілігіне берілді

/uploads/thumbnail/20190526213134175_small.jpg

Өткен жылдың мамыр айында Ұлы Жеңіс күні қарсаңында екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы қайта күрделі жөндеуден өтіп, мұнда «Ерлік» мемориалдық кешені, жетпіс мыңға жуық соғыс ардагерлерінің есімі жазылған тақта, «Мәңгілік алау» және тағы да бірқатар нысандар ашылған болатын. Аталған саябақ ішіне даңқты батыр Бауыржан Момышұлы ескерткішінің орнатылуы да айта қаларлықтай оқиға болған еді. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасымен қолға алынған бұл жұмыстар әулиеаталықтардың да қолдауына ие болып келеді.

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағының ішінен «Даңқ» мұражайы ашылды. Мұражайдың ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған құрметті қонақтар қатысты. Белгілі абайтанушы ғалым, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Мекемтас Мырзахметұлы, Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова қатысты. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын зал екі қабаттан тұрады. Жоба құны – 546 миллион 769 мың теңгені құрайды. «Данқ» залының бірінші қабаты Ұлы Отан соғысы жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Онда 1000 шаршы метрге барлығы 1 миллион 500 мыңнан  астам фотошежірелер топтастырылған. Залдың бірінші бөлігінде орналасқан 1941, 1942, 1943, 1944 және 1945 жылдарға арналған қабырғалардағы суреттер сол кезеңдегі соғыс көріністерін  еріксіз көз алдыңа алып келеді. Атап айтсақ, 1941-жылға арналған қабырғада «Барбороса» жоспарының картасы, Мәскеу үшін шайқасының, генерал-майор И.Панфиловтың, «Отан ана», Б.Момышұлының, Н.Белашевтің және басқа да барлығы 100-ден астам фотосуреттер мен 200-ден аса құжаттар қойылған. Ал, залдың 1942-жылға негізделген қабырғасы  «Ленинград блокадасына» арналған. Онда жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың суреті, ақынның «Ленинградтық өренім» атты отты өлеңі және өзге де дүниелер орын алған. 1943-жылға арналған қабырғада Сталинград, Курск шайқастарына арналған үлкен фотолар жинағы орналасқан. Сол секілді 1944-45 жылдарға арналған қабырғада Қызыл Әскердің Европаны азат етуін бейнелейтін фотолар жинағы берілген. Сондай-ақ, залда «Рейхстагқа ту тігу» барельефі қойылып, тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін, 1945 жылғы 24 маусымдағы Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруі және Жеңістің 70 жылдығына арналған Астана қаласында өткен салтанатты шараның суреттері де көрініс тапқан. Жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медалі де залдан орын алған. Нысанның екінші қабатында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Орталықта Б.Момышұлының балалық шағынан  кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелейтін  музей және көркемсурет бұрышы құрылған. Онда негізінен майдангер-қаламгердің шығармашылық-тұлғалық болмысын айшықтауға басымдық берілген. Орталық ішінде Баукеңнің шығармашылығына арналған кітапханалық бұрыш пен жиын өткізуге арналған конференция залы жасақталған. Сонымен қатар, деректер жинақтайтын мамандарға арналған үш қызметтік бөлме мен бір фотолаборатория қарастырылған.

  Мұражайдың эскиздік жобасын «Archi-Grup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеген. Ал, мұражайдың өзі Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан және оның жалпы аумағы 16 гектарды құрайды. Нысанға жер шарының 80 пайызын қамтыған Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысы жылдарын бейнелейтін экспонаттар қойылды. Мұражай Отан үшін от кешкен ерлердің ерлігін паш ететін, жастарға мол мағлұматтар беретін ордаға айналары хақ. Сонымен қатар, «Бауыржантану» орталығы да осы мұражайда орналасатын болады. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің идеясынан туындаған «Даңқ» мұражайы халықтың рухани сұранысын қанағаттандыратын, жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін орталық болмақ.

Дулат Айтбай

Қатысты Мақалалар