Жамбылда тағы да жаңа пәтерлер пайдалануға берілді

/uploads/thumbnail/20190527163456996_small.jpg

Бүгінде Жамбыл облысының әкімдігі бұқараны баспанамен қамтуға баса назар аударуда. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың жыл сайынғы дәстүрлі Жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасында» айқындалған маңызды міндеттер. Сондықтан да жұмыр жоспар түзіліп, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Отан қорғаушы күні мерекесіне орай ұйымдастырылған қоныстой осы сөзімізді нықтай түскендей.

Дәл осы күні Тараз қаласындағы «Бәйтерек» ықшам  ауданындағы 100 пәтерлі №26 арендалық-коммуналдық көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғындардың қуанышымен ортақтасуға Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов арнайы келді.

Су жаңа пәтерлердің  кілті Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ата-ананың қарауынсыз қалған балалар, әлеуметтік аз қамтылғандар, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлеріне табысталды. Олардың ішінде барлығы 35 көпбалалы   отбасы           баспаналы болды.

– Облыс көлемінде әрбір мереке қарсаңында жаңа нысандарды пайдалануға беру, халыққа пәтер кілтін табыстау сияқты игі шаралар дәстүрге айналды. 8-наурыз мерекесіне Жаңатас қаласында 60 отбасына пәтер кілті тапсырылса, 1-мамырда Тараз және Қаратау қалаларында барлығы 120 пәтер тапсырылды. Оның ішінде, 57 пәтер көпбалалы отбасына берілді. Бүгін осы игі үрдіс жалғасын тауып, тағы 80 пәтер беріліп отыр. Оның ішінде 35 пәтер көпбалалы отбасына бөлініп отыр,- деді Асқар Исабекұлы өз сөзінде.

Айта кетсек, құрылысын «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген жалдамалы көп пәтерлі тұрғын үй әлеуметтік жағынан қорғалған топтардың азаматтарына жекешелендіру құқығынсыз беріліп отыр. Тағы бір ескере кететін жайт, «Бәйтерек» ықшам ауданында орналасқан бұл №26 үйдегі 20 пәтер ақпан айында «Мыңбұлақ» ауданындағы №62 үйде жарылыс кезінде зардап шеккендерге уақытша қоныстануға берілген болатын. Ал мереке қарсаңында ондағы 80 пәтердің кілті тұрғын үй алу кезегіне тіркелген азаматтарға табысталды.

Жалпы, облыс бойынша пәтер алу үшін кезекте 24 533 адам тұрса, оның 14 046-ы халықтың осал тобына жататындар екен. Бұл қатарда 2 346  көп балалы отбасы бар. Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 12,1 миллиард теңгеге 2 118 көппәтерлі 30 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 1 988 пәтерлі 28 үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ал 130 пәтерлі 2 арендалық үй – 2020 жылға өтпелі екен.

Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде берген тапсырмасы аясында бөлінген қаржы есебінен 187 отбасына баспана алып беру жоспарланыпты. Жалпы, биыл бюджет есебінен 2 175 отбасын пәтермен қамту күтілуде. Сонымен қатар, тұрғын үй кезегі жеткенше көпбалалы отбасыларын жатақханалармен қамту жұмыстары да қолға алынған. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 2,6 миллиард  теңге бағытталып, Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларында баспанаға мұқтаж деп анықталған осы санаттағы 612 отбасына жатақханалар салынбақ.

Ал демеушілер есебінен жалпы құны 100 миллион  теңгеге 33 көпбалалы отбасына тұрғын үй беру көзделіп отырған көрінеді. Дәл мереке қарсаңында пәтер кілтін қолына алып, көңілі толқыған тұрғындардың қуанышынан-ақ жоспардың ізгілікпен іске асып жатқандығын аңғаруға болады.

Бақыт Жалғас

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар