Жыл өткен сайын жаңғыра түскен Жамбыл облысында аға буынға құрмет көрсету, ардагерлерді ардақтау шаралары да игі үрдіске айналған. Әсіресе, Ұлы Жеңіс мерекесінде аймақтың атқамінерлері майлангерлердің шаңырағына арнайы ат басын бұрып, дидарласуды парыз санайды.
Биылғы мереке аясында облыс әкімі Асқар Мырзахметов Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Ұлы Отан соғысының ардагері, Тараз қаласының тұрғыны Тілеуқабыл Төребековтің отбасына барып, құттықтады. Асқар Исабекұлы ардагердің бейбітшілік орнатуға қосқан үлесі мен соғыстан кейінгі ұзақ жылдар бойы атқарған жемісті еңбегін атап өтіп, бүгінгі ұрпақ атынан алғысын жеткізді.
Тілеуқабыл Төребеков 1925 жылы Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, партия мектебін бітірген. 1943-1950 жылдары Кеңес әскері қатарында қызмет атқарып, оның 5 жылында Жапон соғысына қатысқан. Соғыстан кейінгі жылдары қоғамдық, партиялық жұмыстарға белсене араласқан. 1959-1960 жылдары тамақ өнеркәсіп орындары жұмысшылары облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы болып істеген. Облыстық әкімшілікте коллегия және облыстық тәртіптік кеңестің мүшесі болған. Одан кейінгі жылдары Жамбыл қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. «Отан соғысы» орденімен және 17 мерекелік медальдармен марапатталған.
Сондай-ақ, бұл күні облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов Ұлы Отан соғысының ардагері Әшірбек Сәрсенбиевтің шаңырағына арнайы барып, Жеңістің 74 жылдығымен құттықтады.
Мәслихат хатшысы ардагерге аймақ басшысының алғысын жеткізіп, оған бағалы сыйлықтар табыстады.
Әшірбек ақсақал Байзақ ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген. Соғыс басталғанда Өзбекстанның Ферғана қаласында 3 айлық командирлер дайындайтын курстан өтіп, 1942 жылы әскер қатарына шақырылған. Майданда 124-атқыштар полкі қатарында болып, Украинаны босатуда және Берлинге шабуыл жасауда да белсенділік танытқан. Ал Жеңісті 1945 жылы Берлинде қарсы алып, соғыстан кейін 2 жыл тазалау армиясы қатарында қалған.
Елге келген соң 27 жыл бойы ауылдық кеңесте хатшы болып қызмет атқарып, сол жерден құрметті зейнетке шығыпты.
Майдан даласындағы ерліктері үшін Ә.Сәрсенбиев «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» сынды орден- медальдармен марапатталыпты.
Бағлан Жиенәліұлының арнайы келіп құттықтағанына риза болған ардагер ақ батасын беріп, елімізге ашық аспан мен бейбіт заман тіледі.
Мереке аясында облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан басшылары да өңірдегі бірқатар ардагерлердің үйіне барып, мерекемен құттықтады.
Айта кетейік, бүгінде облыста барлығы Ұлы Отан соғысының 75 ардагері бар десек, мереке қарсаныңда олардың әрқайсысына қалалық және аудандық бюджеттер есебінен 300 мың теңгеден сыйлық ретінде берілді. Ал Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілгендерге 100 мың теңгеден, тыл еңбек ардагерлеріне 50 мың теңгеден қарастырылған.
Бақыт Жалғас
Пікір қалдыру