Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында халық тұрмысының көтерілуі, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының артуы үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктердің жасалып отырғанын айтқан болатын. Бұл ретте Елбасы «Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты», деп атап көрсеткен еді. Бүгінгі таңда жергілікті халықтың тұрмысын жақсарту, әлеуметтік әлеуетін арттыру Жамбыл облысында лайықты жүзеге асырылып келеді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен аз қамтылған отбасыларға тиісті қолдау көрсетіліп отыр.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай Тараз қаласындағы «Бәйтерек» ықшамауданынан 100 пәтерлі арендалық-коммуналдық көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Баспаналы болғандар қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетім балалар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері бар. Сонымен қатар, көпбалалы 35 отбасы да «Бәйтерек» ықшамауданынан пәтер иеленді. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов салтанатты шараға арнайы қатысып, баспаналы болған тұрғындарды құттықтады.
«Облыс көлемінде әрбір мереке қарсаңында жаңа нысандарды пайдалануға беру, халыққа пәтер кілтін табыстау сияқты игі шаралар дәстүрге айналды. 8 наурыз мерекесіне орай Жаңатас қаласында 60 отбасына пәтер кілті тапсырылса, 1 мамыр мерекесінде Тараз және Қаратау қалаларында барлығы 120 пәтер берілді. Оның ішінде, 57 пәтер иеленген көпбалалы отбасылар да бар. Бүгін осы игі үрдіс жалғасын тауып, тағы 80 пәтер беріліп отыр. Оның ішінде 35 пәтер көпбалалы отбасына бөлініп отыр. Бәріңізді де қуаныштарыңызбен құттықтаймын», деді әкім өз сөзінде.
Пайдалануға берілген тұрғын үй мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өткен жылы салынған болатын. Нысан құрылысын мердігер «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Аталған көпқабатты тұрғын үй әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтардың азаматтарына жекешелендіру құқығынсыз беріліп отыр және арендалық айлық төлем көрсеткіші айына 5500-6000 теңге көлемінде белгіленген. Айта кетейік, «Бәйтерек» ықшамауданында орналасқан бұл №26 үйдегі 20 пәтер ағымдағы жылы ақпан айында «Мыңбұлақ» ауданындағы №62 үйде жарылыс кезінде зардап шеккендерге уақытша қоныстануға берілген болатын. Ал, енді мұндағы 80 пәтердің кілті тұрғын үй алу кезегіне тіркелген азаматтарға табысталды. Жамбыл өңірінде тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары әлі де жалғасын таба беретін болады.
Дулат Айтбай
Пікір қалдыру