Әулиеатаның әлеуеті артып келеді

/uploads/thumbnail/20190528060916160_small.jpg

2018 жылғы алдын ала деректер бойынша Жамбыл облысының жалпы өңірлік өнімінің өсімі 1417,5 миллиард теңгені, яғни 3,7 пайызды құрап, бұл республика өңірлері арасындағы 8-інші көрсеткіш болып отыр. Бұл жөнінде Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары  Бекболат Орынбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте баяндады. 

Алдымен экономика саласындағы көрсеткіштерге тоқталған Бекболат Серікбекұлы  республиканың жалпы өңірлік өніміндегі облыстың жалпы өңірлік өнімінің үлес салмағы 2,4 пайызды құрағанын айтып өтті.

– Жалпы өңірлік өнімнің құрылымында өнеркәсіп үлесі – 17,9, ауыл шаруашылығы – 10,2, құрылыс – 8, сауда – 9,9, көлік – 18,2, байланыс – 0,7, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар және білім саласының 7,5 пайыз салымдарының өсімі байқалады.

Ал 2019 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 102,1 пайызды құрап, 154 095,8 миллион теңгенің өнімі өндірілді, – деді Б.Орынбеков.

Құрылыс көлемі 17 477,7 миллион теңгені құрап, 1,2 пайызға артыпты. Бұл былтырғы жылдан бері өңірде тұрғын үй құрылысының қарқын алғанымен байланысты болса керек. Мәселен, биылғы қаңтар-сәуір айларында 125 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті, бұл 2018 жылдың тиісті есепті кезеңімен салыстырғанда 104,8 пайызды құрап, салада алға жылжу байқалып отыр.

Сондай-ақ, халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 2018 жылдың 4 тоқсанында 65056 теңгені құрап, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы көріністе 11,1 пайызға, нақты – 5,6 пайызға артыпты. Бұл да көңіл көншітерлік көрсеткіш.

Орташа айлық атаулы жалақы да 2019 жылдың алғашқы тоқсанында 112,3 мың теңгені құрап, атаулы көріністе 9,9 пайызға, нақты көріністе 4,6 пайызға өскен екен.

Кіріссіз бюджеттің қалыптаспайтыны белгілі. Сондықтан атқарушы биліктің басымдық беретін бір бағыты – бюджет кірістерінің жоспарын барынша орындау. 2019 жылдың 1 мамырына облыс бюджетінің кірістері 76 миллиард 294,1 миллион теңге сомасында, яғни 106,2 пайызға қамтамасыз етіліп отыр. Бұл ретте меншікті кірістердің жоспары күткендегіден көбірек орындалыпты. Айталық, кірістің бұл түрін осы септі кезеңде 15 миллиард 896,7 миллион теңгеге орындаймыз деп бекінсе, нақтысында кіріс 20 миллиард 319,9 миллион теңгеге асып-жығылып, 127,8 пайызға орындалған. Есесіне бюджетке 4 миллиард 423,1 миллион теңге жоспардан артығымен түсіп отыр. Ал көрсеткішті былтырғы жылдың осы есепті мерзімімен салыстырсақ өсім 116,4 пайызды құрапты.

Бақыт Жалғас

Қатысты Мақалалар