Жамбылда "Студенттік көктем" байқау-фестивалі өтті

/uploads/thumbnail/20190528061255664_small.jpg

Жастар жылы аясында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-де «Студенттік көктем» атты аймақтық байқау-фестивалі өтті.

Еліміздің оңтүстік аймағында орналасқан жоғары оқу орындары студенттерінің шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институты, Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен өңірдегі 3 жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, бақтарын сынады.

Тараз аспанын екі күн бойы дүбірге бөлеген байқауда олар эстрадалық вокал, халықтық хореография, заманауи хореография және күйшілік өнер жанрлары бойынша өнерлерін ортаға салды. Байқауға белгілі өнер майталмандары қазылық етіп, талапты  жастардың шығармашылығына бағасын берді.

Байқаудың эстрадалық вокал бөлімінде жас әншілер жанды дауыста 2 ән орындауы тиіс болды. Қазақтың атақты күйші-композиторы Әбдімомын Желдібаев төрағалық еткен қазылар алқасының мүшелері әншілердің сахнада өзін-өзі ұстауы, әртістік қабілеті, әнді орындау техникасы, орындау шеберлігі, сахналық киімі, таңдалған репертуары орындаушының диапазонына сәйкес келуі мен музыкаға ілесуіне қатаң сын көзбен қарап, әділ бағасын беріп отырды. Сондай-ақ олардің кемшін тұстарын айтып, табиғатына келетін туындыларды таңдау қажеттігін де ескертіп отыруды ұмытпады. Ал халықтық хореография бөлімінде бишілер қазақ және өзге ұлттың биін билеуге міндеттелді. Ал өз кезегінде әділ қазылар олар орындаған бидің қойылымы, орындау шеберліктері, синхронды орындауы мен сахналық киімдеріне баса назар аударды.

Сондай-ақ заманауи хореография бөлімінде үміткер топтар 2 би билеп, өнерлерін ортаға салды.

Ал, күйшілік өнер бөлімі жеке орындаушы және қазақ ұлттық аспаптар ансамбльдерінің сайысы бойынша өрбіп, олар 2 күйден орындады. Мұнда да олардың орындау шеберліктері мен сахналық киімдері ескерілді.

Осылайша, оңтүстік аймақтағы жоғары оқу орындарының өнерлі студенттері байқаудың гала-концертінде өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

Фестивальдің келесі күні гала концерт жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова  байқаудың маңыздылығына тоқталып, барша қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

Мұнан соң сөз тізгіндеген М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков аталған оқу орнының ұйымдастыруымен екі жылда бір рет ұйымдастырылатын «Студенттік көктем-2019» фестивалі биыл ерекше форматта өтіп жатқанын тілге тиек етіп, Жастар жылына арналып отырғандығын жеткізді.

Сонымен байқау нәтижесіне келсек, «Күй өнері» жанры бойынша бас жүлдені М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Алтай Ұран» тобы иеленді.

Ал «Күй өнері» жеке орындаушы жанры бойынша Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенті Нұрбол Қуанышев жеңімпаз атанды.  Сонымен қатар «Халық хореографиясы» жанры бойынша «Би Сұлтан» тобының бишілері ешкімге дес бермеді. Сондай-ақ «Заманауи хореография» жанры бойынша «Tarsu.kz» би тобы І орынды иеленді.

Бақыт Жалғас

Қатысты Мақалалар