Жамбылда теміржолшыларға арналған музей ашылды

/uploads/thumbnail/20190528061624555_small.jpg

Осыдан бірнеше жыл бұрын бастамасы көтеріліп, жан-жақты идеялармен жандана түскен музей ашу ісін көпшілік жамбылдық теміржолшылар қолдаған еді. Жамбыл Жүк тасымалы бөлімшесі директоры Берік Ақшаловтың бас болып, қолдау білдіруінің арқасында музейді жасақтау, жабдықтау жұмыстары жүйеленіп, жақында жаңа музей көпшілікке есігін айқара ашты.

Бөлімше ғимаратында өткен салтанатты жиынға жергілікті темір жол бөлімшелері басшыларынан бөлек сала ардагерлері, Астанадағы орталық аппарат өкілдері, көршілес Түркістан облысынан ат арылтып жеткен қонақтар да қатысты. Атап айтсақ, «ҚТЖ» ҰК»АҚ техникалық саясат жөніндегі атқарушы директоры Бейбіт Ибраев, «ҚТЖ» ҰК»АҚ – Жүк тасымалы филиалының кәсіподақ кеңесінің төрағасы Ермек Төлегенов, бұған дейін Орал, Жамбыл, Алматы жол бөлімшелерін басқарған Дәулетбай Есімбеков, 1993-2007 жылдары аралығында Жамбыл жол бөлімшесін Құрметті теміржолшы Сағымбек Ақшалов, Шымкент Жол бөлімшесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрғали Нұртаев, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сынды азаматтар құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді.   

теміржол

Жамбыл жол бөлімшесінің музейі ашылған бұл датаны тарихи күн десек те артықтық етпес. Өйткені бұған дейін мұндай музей Жамбылда болмаған екен. Ашылу салтанатының алғашқы сөз тізгінін алған Жамбыл Жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Берік Ақшалов бұл күн барша жамбылдық теміржолшылар үшін үлкен мереке екенін айтып өтті.

– Біз бүгін бөлімшедегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағымбек Ақшалов пен бөлімше кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұман Сәменовтің бастамасымен, осы кісілердің ұйытқы болуымен қолға алынған тірліктің жемісін көріп отырмыз. Бұл ретте музейдің ашылу салтанатына дейін атқарылған көл-көсір еңбек үшін осы істің бел ортасында, басы-қасында жүрген азаматтарға шексіз алғысымды білдіремін. Музей ішіндегі мәжіліс залының реконструкциялық жұмыстарына да көп күш, материал жұмсалды. Ал музей жәдігерлері де оңайшылықпен жинала қоймады. Біз мұнда темір жолға қатысты барлық мамандықты, оның атқарған жұмысын көрсетуге, қамтуға барынша тырыстық. Көне де құнды дүниелерді таптық. Ұлы Отан соғысына қатысқан теміржолшылардың да майдандағы ерліктерін көрсетуге, ұмыт қалдырмауға күш салдық, – деді Б.Ақшалов.

Музей сыртында өткен салтанатты жиыннан соң  лента қиылып, қонақтар мен теміржолшылар жәдігерлерді тамашалады. Мұнда сонау Түрксіб магистралінің құрылысы кезінен сақталған көне заттар, сол кезде түсірілген фотосуреттер топтастырылған.

Жалпы, музейге кіргеннен қос қапталдап нағыз теміржолдың заттары, құнды дүниелері мен фотосуреттері, құжаттары орналастырылса, төр жағында жамбылдық құрметті теміржолшылар мен өңірдің басшылығында болған азаматтардың фотосуреттері ілініпті. Ал түпкі төрде, жарықпен безендірілген Қазақстан темір жолының картасы қойылған. Бір сөзбен айтқанда мұндағы құрал-сайман, өндірістік материал, фотосурет, аппарат, төсбелгі, ту түріндегі жәдігерлердің бәрі сонау Түрксіб кезеңінен осы күнге дейінгі өңірлік теміржолшылар өмірінен, саланың тыныс-тіршілігіне хабар беріп тұр.

Музей ішін бүге-шігесіне дейін аралап, қызықтап көрген соң жиылған жұрт мәдени шараларға да бейімделіп қайта жарақтандырылған мәжіліс залында концерттік бағдарламаны тамашалады.

Бақыт Жалғас

Қатысты Мақалалар