«Жасыл» энергетиканы қарқынды дамытуға бет бұрған елімізде баламалы қуат көздерінен энергия жинау жолға қойылып келеді. Бұл ретте, болашақтың технологиясын өз игілігіне жаратуда Жамбыл облысының республика көлемінде көш бастап келе жатқаны қуантады. Барлық тұрғыдан тиімді жүйеге көшіп, өзге өңірлер арасында көш бастауға Қордайдағы жел, Жуалы ауданындағы күн және Т. Рысқұлов ауданындағы су электр станцияларының іске қосылуы үлкен септігін тигізді. Ал, жуырда аталған баламалы көздерден қуат өндіру кешендерінің қатары тағы бір нысан – Жаңатас жел электр станциясымен толықпақ.
Әсілінде, Сарысуда жел электр станциясын салу туралы ұсыныстар айтылып келе жатқанына біршама уақыт болған. Осылайша, буырқанғанда жолындағыны жайпап өтуге қауқары жететін желін пайдаға жарату туралы бұл пікірлер назарға алынып, бірер уақыт бұрын құрылыс жұмыстары басталып та кетті.
Түркістан ауылдық округінде орналасатын аталмыш станция 100 МВт электр энергиясын өндіреді деп жоспарланып отыр. Нысанның құрылысын жүргізу үшін жобаны ұсынушы – «Жаңатас жел электростанциясы» ЖШС-і электр қуатын бөлу сызбасын әзірлеп, «КЕГОК» компаниясының келсімін алған. Бас мердігер ретінде анықталған Қытай Халық Республикасының «China Power International Holding» компаниясы станция құрылысын келер жылдың ақпанында аяқтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, олар құрылысқа қажетті заттарды жергілікті тауар өндірушілерден алатынын айтады.
Осылайша, сарысулықтар жыл он екі ай тынымсыз соғатын «Аққырқа» мен «Арыстанды Қарабас» желін қажетке жаратып, ел игілігіне пайдаланбақ. Мұны «жоқтан бар жасап», табиғаттың құдыретін адамның қажеттілігіне икемдеудің керемет үлгісі деп білсек болады.
Әрине, жел электр стансасының еліміздегі «жасыл» экономиканың дамуына ғана емес, ауданның өсіп-өркендеуіне де тигізер үлесі мол. Әсіресе, құрылыс барысында және нысан әске қосылған кезінде жаңа жұмыс орындарының ашылуы жергілікті халықты қуантары сөзсіз.
Кейінгі жылдары Жамбыл облысы барлық салалар бойынша алдыңғы қатардан көрінуде. Ендігі кезекте баламалы энергия көзін кәдеге жарату бағытында да оң өзгерістерге жол ашылуда. Бұл өз кезегінде аймақтың дамуына тың серпін беретіндігі даусыз.
Бақыт Жалғас