Жамбылда өнертапқыш жастар өзара сайысты

/uploads/thumbnail/20190528062501488_small.jpg

Жастар жылы аясында  «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіріс саласында жүрген озық ойлы, өнертапқыштық қасиеті бар жасы 35-ке дейінгі азаматтар арасында «Болашақ біздің қолымызда» атты конкурс өткізді. Жалпы, серіктестікте 6 223 адам еңбек етсе, оның 2 167-сі 18-35 аралығындағы жастар. Конкурстың алғашқы кезеңінде осы компанияда жұмыс істейтін 70-ке жуық жас конкурстың бірінші кезеңінде өздерінің 59 креативті жобаларын ұсынып, соның ішінде 35-і ақтық сынға өткен болатын. Ал  финалға өткендер өз жобаларын арнайы құрылған комиссия алдында қорғады. Аталған комиссияның және «Қазфосфат» ЖШС-нің басқарма төрағасы Мақсұтбек Есенов бұл Жастар жылына арналған ауқымды жоба екенін айта келе, ақтық айналымға шыққандарға сәттілік тіледі.

– Жобаның мақсаты – компанияда еңбек ететін жастардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау. Көшбасшылық қабілетін арттырып, іскерлік белсенділігін, қарым-қабілетін, жобалау дағдыларын қалыптастыру және шығармашылық ұжымда әдіс-тәсілдерін жетілдіріп, идеяларын қанаттандыру. Бұдан бөлек жастардың идеясы арқылы қоғамдағы немесе компаниядағы техникалық, экономикалық, әлеуметтік секілді сан түрлі саладағы өзекті мәселелерді шешу. Осы конкурстың арқасында жастар тек қызметкер болып қана қоймай, өзекті мәселелерді шешуде басшылық қабілетке ие екенін де көрсете алатынына сенімдімін, – дейді комиссия төрағасының орынбасары, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров.  

Өздерінің креативті идеялары мен ұтымды ұсыныстарын көптің талқысына салған өнертапқыштың бірі – «Қазфосфат» ЖШС Минералды тыңайтқыш зауыты бас энергетигінің орынбасары Абзал Қонысбаев. Ол өз жобасында өндіріс орнындағы жүк көтергіш механизмдердегі пайдаланылатын сымдарды алып тастап, оның орнына қабылдағыш және жібергіш сигналдарды енгізу арқылы механизмді пультпен басқару ұсынылғанын айтады.

– Конкурсқа жастар экологиялық, әлеуметтік, техникалық, электрлік, механикалық және өндірістік салалар бойынша өз жобаларын әкеліп қорғап жатыр. Негізінен менің жобам сымсыз басқару деп аталады. Бұл жүк көтергіш заттарды пульт арқылы алыстан басқару. Аталған жаңа құрылғы алғаш Минералды тыңайтқыш зауытында қолданылып, қазір өңірдегі өндіріс орындарының сексеннен астам нүктелерінде пайдалануға енгізіліп үлгерді. Осы құрылғы арқылы 600-900 келілі тартатын жүкті ашық вагондарға артуға болады. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін артыратыны анық, – дейді Абзал Қамбарұлы.

Конкурс нәтижесінде бірінші  орынды Жаңа Жамбыл фосфор зауыты өндіріс бөлімінің инженері Роман Сырцов жеңіп алып, 300 мың теңге жүлде қорымен марапатталды.  Ал екінші  орын Минералды тыңайтқыш зауытының лаборанты Вера Далингерге бұйырып, 200 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. «Қаратау» тау-кен өндірісінің бақылау-өлшеу құрылғылары және автоматика бөлімінің басшысы Нұргелді Саттарханов үшінші  орынға лайық деп танылып, 100 мың теңге иемденді. Бұдан бөлек Жаңа Жамбыл фосфор зауытының лаборанты Ақтолқын Дәулетова «Үздік әлеуметтік жоба» және  «Қазфосфат» ЖШС Тараз офисінің бағдарламашы-кеңесшісі Әнел Ержанова «Әлеуметтік маңызы бар жоба» аталымдары бойынша марапатталып, оларға да 100 мың теңгеден берілді.

Бақыт Жалғас

Қатысты Мақалалар