Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін толық іске асыру қажеттігін баса айтқаны белгілі. Осыған орай бүгінде Жамбыл облысында екпінді жұмыстар қолға алынуда. Әсіресе, мойынқұмдықтар кеңестік кезеңнен кейін ұмыт қалған егін шаруашылығын қайта шалқыту үшін аянбай тер төгіп жатыр.
Жалпы, қазір ауданда 5000 гектар суармалы жер болса, соның 1000 гектарына жүгері егілуде. Бұл бағытта алғашқылардың бірі болып Бірлік ауылының шаруалары жұмысты бастап кеткен. Ауылдық округтегі 1300 гектар егістік алқабының 350 гектарына жүгері егіліп жатса, қалған алқаптарға жоңышқа тұқымы себіліп болған.
- Бізге биылға берілген меже 350 гектар жерге жүгері тұқымын егу болатын. Осы мақсатта аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімімен ақылдаса отырып алматылық мамандардан «Будан» жүгері тұқымын алып, 1000 гектардай жеріміздің 500 гектарына сүдігер көтеріп, жүгері егудеміз. Мұндай ауқымды шаруаны тәуелсізідк жылдарынан бері бірде-бір шаруашылық қолға алған емес. Сондықтан ауданға әкім болып келгелі еңбек адамдарына қолдау білдіріп, тың тірлікті түлетіп отырған Мәден Мұсаевқа айтар алғысымыз шексіз. Бұйыртса, биыл рекордттық көрсеткіште өнім аламыз деген үміт бар, - дейді «Құрдастар» шаруа қожалығының жетекшісі Еркебұлан Жұбаев.
Бұдан бөлек, Биназар ауылдық округінде де дала жұмыстары қыз-қыз қайнауда. Мұнда да жүгері шаруашылығына басымдық берілген.
-Мен жерімді ертерек жыртып, жүгері егуді бастап кеттім. Шаруашылығыма қарасты 40 гектар алқаптың барлығына жүгері егудемін. «Көктемнің бір күні – жылға азық» деп бекер айтылмаған ғой. Сондықтан әрбір күнімізді тиімді пайдаланудамыз.
Дала жұмыстарына тұқымнан да, техникадан да қолдау білдірген аудан әкімі Мәден Мұсаевқа алғыстан басқа айтарым жоқ. Оған қоса әкіміміз ағын су келетін каналдарымызды да тазартуға басымдық беруде Сондықтан биыл дихандардың жер игеруге деген ынтасы жоғары, - дейді шаруа Қамбар Атаев.
Иә, Биназар ауылдық округі бойынша ағымдағы жылы 573 гектар суармалы жер айналымға қосылып отыр. Оның 150 гектарына жүгері егіп отырған олар мол өнім алатындарына сенімді. Сондай-ақ округ әкімі Бағдат Наурызбаев та «Жер-ананы баптай білсе, берері мол» екенін түсіндіріп, шаруаларды ұғынысты еңбекке шақыруда.
Ауданның асыраушы саласына серпін беру бағытында күшамандықтар да күш салуда. Мұнда 387 гектар егінді жер бар болса, соның 115 гектарына жүгері, 60 гектарына жоңышқа мен арпа және 120 гектарына тары егілуде. Ал бұл жұмыстармен ауылдағы «Көркем», «Мерей» және «Ырыс» шаруа қожалықтары айналысуда. Сондай-ақ облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей бастамасымен құрылған механикалық жасақ пен Шу ауданынан жұмылдырылған техника да жоспарлы жұмысты жүйелі атқаруға өлшеусіз үлес қосуда.
Бақыт Жалғас