Жамбылдық оқушылар жазда қайда демалады?

/uploads/thumbnail/20190528063919290_small.jpg

Бүгін еліміздегі барлық мектептерде «Соңғы қоңырау» соғылып, кезекті оқу жылы өз мәресіне жетті. Алда жазғы каникул. Осы орайда жамбылдық оқушыларға қандай жағдайлар жасалуда? Сауықтыру шаралары жоспарланған ба? Бұл мақсатқа қанша қаржы жұмсалмақ? Біз осы сұрақтарды Жамбыл облысы әкімдігіні білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетоваға қойдық.  

Биылғы жылы жалпы 1-10-сыныптардың оқушыларын жазғы демалысты тиімді пайдалану және сауықтыру лагерьлерімен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бірінші бағыт – мектеп ішіндегі және қала сыртындағы лагерьлерге 95,1 пайыз оқушылар барады. Екінші бағыт – қосымша үйірмелерде ұйымдастыру шараларына 76,4 пайыз бала тартылады. Бұның ішінде туристік саяхаттар, 1 күндік экскурсиялар да бар. Облыс аумағында қала сыртындағы 10 лагерь жұмыс істейді. Төртеуі – мемлекеттік, алтауы – жекеменшік. Қала сыртындағы лагерьлерге 8046 балаға жолдама бөлінген. Бұл жұмыстарға 343 миллион теңге қаражат бөлінді. Биылғы бір ерекшелік, лагерьге жолдама беру автоматтандырылды.

Бұл жұмыстарға 343 миллион теңге қаражат бөлінді,-дейді Р.Тұрмаханбетова. Басқарма басшысы Әулиеатадағы  білім нысандарының жөндеу жұмыстарына қанша қаржы бөлініп отырғанын да айтып берді.

Былтырғы жылдан өтпелі 5 нысан салынып жатыр. Олар Жамбыл ауданындағы Бірлесу-Еңбектегі, Меркінің Қазақ-дихан ауылындағы, Шу қаласының Тоғай массивіндегі орын тапшылығы бар мектебі (республикалық бюджет есебінен), Байзақ ауданындағы үш ауысымды Ақшолақ мектебі және Жалпақсаздағы апатты мектеп. Бұлардың бәрі де келесі оқу жылы басталатын қыркүйекте пайдалануға беріледі. Бұдан басқа облысымызда биыл тағы 7 білім нысанының құрылысы басталады. Олардың біреуі – мектеп. Аталған осы 12 нысанның құрылысына 3,5 миллиард теңге бөлінген. Тағы мектептердің қазандықтарын құру, салу және қайта жаңғыртуға 384 миллион теңге, ал күрделі жөндеу жұмыстарына 1 миллиард 500 мың теңге қаржы қарастырылды,-дейді басқарма басшысы.

Жалпы, Жамбыл облысының білім саласында ілгерілеу бар. Ұлағатты ұстаздар мен оқушылардың жетістіктерінен бөлек материалдық-техникалық базаның да жақсара түскендігі көңіл қуантады. Жаңа мектептер салынып, елге есігін айқара ашуда. Мектепке дейінгі мекемелер санының көбейгендігі де құптарлық қадам. Өйткені, тәрбие негізі балалақшада қаланады. Бұл тұрғыда мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің де тигізіп жатқан көмегі мол. Сонымен қатар жазғы сауықтыру маусымының жоғары деңгейде өтуіне баса назар аударылуы да бас бармақпен бағаларлық дүние. Ел ертеңі-жас жеткіншектердің ала жаздай асыр салып, алаңсыз тынығуына не жетсін?!

Бақыт Жалғас

Қатысты Мақалалар