Жамбылдық жас ақын-жазушылардың кеңесі құрылды

/uploads/thumbnail/20190528065103040_small.jpg

Елбасының бастамасымен жарияланған Жастар жылында елімізегі жас буын өкілдеріне толайым мүмкіндіктер жасалуда. Әсіресе, көзінде жалыны, жүрегінде жарқын болашаққа деген ұмтылысы бар азаматтардың ұсыныстары назарға алынып, істерінің қолдау табуы олардың жігерін қайрап, құлшыныстарына қанат бітіріп отыр. Бұл игі істерден Жамбыл облысы да шет қалып отырған жоқ. Мәселен, жуырда аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың қаулысымен облысымыздағы дарынды жастардың басын қосқан жас ақын-жазушылар кеңесі құрылды.

Облыс әкімдігі жанынан құрылған аталмыш кеңеске облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова төрағалық етеді. Ал, оның орынбасары қызметін ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры Хамит Есаман атқармақ. Хатшы болып ақын, облыс әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Нұрболат Сатымқұл бекітілді.

Жалпы, жас қаламгерлердің шығармашылығын дамыту және насихаттау бағытында жұмыс істейтін кеңес әдебиет пен өнер салаларында жастар саясатын жетілдіру, әдеби форумдар, мүшайралар мен өзге де шаралар өткізу, аталған бағыттағы ұйымдармен байланыс орнатып, жұмыс жүргізу секілді мәселелерді де назарға алады. Жергілікті атқарушы органдарға мәдениет саласында туындаған сұрақтар бойынша консультативті көмек көрсетеді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне маңызды деп тапқан мәселелері бойынша ұсыныстар беруге де құқылы.

Кеңес құрамына облысымызға ғана емес, еліміздің көлемінде есімдері танымал қаламгерлер енген. Кеңес мүшелері қатарында ақындар – «ARAI» газеті бас редакторының орынбасары Тұрсынбек Сұлтанбеков пен бөлім басшысы Нұржан Қадірәлі, «Aq jol» газеті бас редакторының орынбасары Асхат Райқұл, бөлім басшысы Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл, Жанғазы Ахмет, Нұрболат Жолдасбек, Марал Исақұлова, Ернар Әбдіразақ, Арайлы Жақсылық, Құрбанәлі Шахабайлар бар. Сондай-ақ  прозаиктерден Ардақ Үсейінова, Қанат Тілепбергенов, «ARAI» газетінің тілшілері – Талғат Нұрханов пен Шынболат Күзекбаевтар кеңес мүшелері атанған.

Осылайша жаңадан құрылған кеңес өңірдің руханиятын дамытуға, жастардың шығармашылығын шыңдауға  өзіндік үлесін қосатын болады.

Бақыт Жалғас

Қатысты Мақалалар