Жастар жылы аясында Жамбыл облысында өз ісін ашқысы келетін жастарға 3 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар берілетін болды. Ол үшін әрине, инновациялық идея керек. осы орайда Меркі аудандық жастар орталығының директоры, бизнестің қыр-сырын меңгерген азамат Расул Малабаев құс шаруашылығына негізделген тың ұсыныстарын ортаға салып отыр.
Жалпы, Расул инкубатор арқылы балапан өсіру кәсібін 2015 жылы қолға алған. Бастапқыда жүрексінгенімен, кейін келе кәсіптің қыр-сырына қаныға бастайды.
— Алғаш жұмыртқадан балапан жарып шыққанда қуанышымда шек болмады. Алайда, салада тәжірибем аз болғандықтан көп ұзамай балапандарымды өлтіріп алдым. Бірақ сағымды сындырмай өзге өңірлердегі құс шаруашылығымен айналысып жүрген адамдармен байланыс орнатып, тәжірибе жанақтай бастадым. Петропавл оқаласының маңында мықты құс маманы бар дегенді естіп, арнайы іздеп бардым. Сөйтсем, ескі тамда тұрып жатқан бір қария болып шықты. Оның әрекетіне зер салсам, инкубатордан жаңадан шыққан балапандардың аяғын кезек-кезек ыдыстағы суға батырып алып, жіберіп жатыр. Мұнысы несі деп бастапқыда түсінбедім. Кейін білгенім ыдыстағы су емес, таза 90 градустық спирт екен. Міне, жұмыртқаны жаңа жарып шыққан балапандардың аяғын спиртке салу арқылы, оның тез ет жинап, ширай түсетініне көз жеткіздім. Байқап тұрсаңыз, адам санасына сыймайтын нәрсе. Алайда, мұндай әдістің барын кім білген?, - дейді Расул.
Қазір Расул Юсуфұлы осы білгенімен меркілік жастармен бөлісуде. Меркі аудандық жастар ресурстық орталығының директоры қызметіне арнайы шақыртумен келген жалынды жас қазір айналасына кәсіп ашуға ниетті жандарды жинап, бизнес тренингтер өткізуде.
— Негізі құс өсіру шаруашылығымен айналысу көп қаржыны қажет етпейді. Бір инкубатор сатып алу үшін бар-жоғы 40 мың теңге қажет. Мен өз кәсібімді солай бастағанмын. Ал бір инкубаторға 104 жұмыртқаға дейін сыяды. Құрылғы 21 күн жұмыртқаны шайқағаннан кейін кемі 90 балапан өніп шығады. Ол әрине, ең бірінші инкубаторға салған жұмыртқаңызға байланысты. Егер жұмыртқа тоңазытқышта тұрған болса немесе бір жерінде жарығы болса, онда ол балапан болмайды. Және ең қауіптісі осындай жұмыртқаны аңғармай инкубаторға салып қоятын болсаңыз, көп уақыт өтпей ол жарылып, одан кейін қалған жұмыртқаларды да жарамсыз етіп тастайды. Алғаш инкубаторға жұмыртқа салғанымда осындай жағдайға тап болып, ол маған үлкен сабақ болған,-дейді Р.Малабаев.
Иә, жалынды жастың бастамасы көпке үлгі екені даусыз. Қазіргі таңда білгенімен бөлісіп, арзан бағаға арнайы қондырғы тауып бермек түгілі, дұрыс жол сілтеуді қиын көретіндердің аз емес екені шындық. Ал Расул Жастар жылына орай меркілік жастарға осындай тың кәсіп түрін ұсынып отыр.
— Әрине, бәрі бірден болып кетпейтіні анық. Инкубатордан балапан шығармас бұрын, оған тауық қора салу керек. Ол қораның үлкен болуы маңызды емес. Бастапқыда балапандар сыйатындай ықшамды етсеңіздер жеткілікті. Одан кейін балапандарды темір торға отырғызуға болмайды. Себебі, аз қозғалған балапан тез семіріп кетеді. Ал семіз тауық жұмыртқа аз туатыны белгілі. Және бір торға инкубатордан бір кезеңде шыққан құстарды отырғызбағаныңыз абзал. Өйткені олар бір-бірімен шоқысып, жарақаттап, тіпті өлтіріп қоюы мүмкін.
Екі ай қорада тұрған балапандарды жайып, жем шашуға болады. Оларды күніне екі-үш рет жемдеу керек. Егер 20 тауыққа 300 келі жем алсаңыз, ол оларға бес ай бойы азыққа жарайды.
Әрине, «шығыс шықпай, кіріс болмайтыны» белгілі. Сондықтан бұл кәсіпті сүйіп істесеңіз, ертең сізді мол қазынаға кенелтеді, - дейді жас кәсіпкер.
Жоғарыда Расул айтып өткендей небәрі 25 мың теңгеге сатып алынған инкубаторға 104 жұмыртқаны бірден салуға болады. Және 1 жылда 12 рет балапан шығарсаңыз да өз еркіңіз. Тек оларды күтіп ұстауға кетер шығынды есепке алсаңыз болғаны. Немесе балапандарды базарға шығарып сатсаңыз да, мол табыс.
Тағы бір айта кетерлігі, Расул ұсынып жатқан инкубаторларға тауықтан бөлек, түйеқұс, қаз, үйрек, бөденің де жұмыртқасын бастыруға болады. Ал қазіргі таңда бір түйеқұстың жұмыртқасының өзі нарықта 500 теңгеге бағаланатынын ескерсек, бұл да үлкен бизнес екенін аңғару қиын емес.
Расулдың айтуынша, қазір Меркі ауданының жұмыртқа өніміне деген ішкі сұранысы айына 40 мың дананы құрайды екен. Жалынды жастың ендігі арманы осы сұранысты толықтай өтей алатын ауылдардан құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің санын көбейту. Бұл жүзеге аспайтын жоба емес. Себебі, қазірдің өзінде 5 жас инкубатор құрылғысына тапсырыс беріп, бүгін-ертең өз бизнесін бастағалы отыр.
Бақыт Жалғас