"Меркі-Бурылбайтал" автожолы жаңғыртылуда

/uploads/thumbnail/20190528065846927_small.jpg

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында   «Соңғы жылдары біз «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық маңызы бар инфрақұрылым қалыптастырдық. 2015 жылдан бастап 2400 шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделді. Бұл жұмыстар жалғасуда және 2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға беріледі» деп атап көрсеткені белгілі.

Жолдаудан туындаған міндеттер Жамбыл облысында да ойдағыдай іске асуда. Оның нақты бір дәлелі -«Меркі-Бурылбайтал» автожолын жаңғырту жұмыстарының басталуы.

Ашығын айту керек,  «Меркі-Бурылбайтал» тас жолының мүшкіл күйі талай жылдан бері темір тұлпар тізгіндегендердің жанына батып келеді. Міне, осыны ескерген ел билігі биыл ұзындығы 262 шақырымды құрайтын «Меркі-Бурылбайтал» автожолын қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алды.

Жалпы, аталмыш тас жолының бойындағы құрылыс 4 учаскеге бөлінген. Оның ішінде Меркі кентінен Шу қаласына дейінгі жол құрылысы 86 шақырымды құрайды. Және асфальт жабынды төрт жолақты қозғалысқа арналып төселмек. Ал Шу қаласынан Бурылбайталға дейінгі жол 176 шақырымды қамтымақ. Мұнда екі жолақты ІІ-ші техникалық санаттағы жол салынады.

Толығымен жаңартылған автомобиль жолы Тәтті, Шу, Бірлік елді мекендері арқылы өтеді деп күтілуде. Қайта құру жобасы аясында күре жолдың бойында  6 көпір, 3 теміржол өткелі, 11 жарықтандырылған көлік айрығы, 276 су өткізу құбырлары, демалыс алаңдары және автопавильон салынады.  Және ерекше айта кетерлігі, «Меркі-Бурылбайтал» автожолының құрылысына  төзімділігі жоғары қиыршық тас-мастикалық асфальбетон пайдаланылмақ.  Жобаны толықтай аяқтау 2022 жылдың маусым айына жоспарланып отыр.

Бұл сөз жоқ, бас бармақпен бағалауға тұрарлық . Себебі аталмыш автожол бүгінде елді мекендер арасын байланыстырып ғана қоймай, өңіраралық қатынаста да айрықша рөл атқаруда. Әрі бұл жоба көптің тілеуі қабыл болғанын көрсетіп тұр.  

Халық даналығында «Жақсы басталған іс-жартылай біткен іс» деген сөз бар. Ал, жоспарланған жұмыстар ойдағыдай жүзеге асқан жағдайда оңтүстік аймақтар мен елорданың аралығында көлік қатынасы әлдеқайда жақсарады түсетіндігі сөзсіз.  Ендеше құрылысы қарқын алған мегажобаның жемісін көретін күнге жеткізсін деп тілейік.    

Бақыт Жалғас

Қатысты Мақалалар