Байзақтық жастардың байыпты қадамы

/uploads/thumbnail/20190528071616290_small.jpg

Жастық шақ – адам өмірінің ең қызықты әрі ең жақсы кезеңі екені белгілі. Үстіміздегі жыл — Елбасы Жарлығымен "Жастар жылы" болып бекітілгені белгілі. Жастар саясаты жастардың білім, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендіру және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшін жағдай жасауға бағытталып отыр. Осы орайда, Жамбыл облысының Байзақ ауданында да атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Бұл туралы аудан әкімі  Рахматілдә Рахманбердиев әңгімелеп берді.  

— Бүгінгі күні ауданда жалпы тұрғындар саны 105827  болса, оның 25 365-і 14 пен 29 жас аралығындағы жастарды құрайды, немесе 24,4 пайыз.  Мемлекеттік жастар саясатының тиімді іске асырылуына жауапты «Жастар ресурстық орталығы» мекемесін қаржыландыру жыл сайын өсуде. 2017 жылы 26,8 миллион  теңге қарастырылса, өткен жылы - 39,6 миллион  теңге, ағымдағы жылы 44,4 миллион  теңге қарастырылды.  Орталықта жалпы 25 маман қызмет атқарады. Өңірде жастар саясатын жүргізуге мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 1 миллион  теңге бөлінді,-дейді аудан басшысы.  

Сонымен қатар, барлық ауылдық окургтерде жас толқынмен жұмыс жүргізетін арнайы мамандар қамтылған. Олар толықтай материалдық-техникалық базамен қамтылып отыр. «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлерінің әлеуметтік лифтімен жоғарылауы негізінде мемлекеттік қызметке 15 адам ауысып, қызмет атқаруда. Бүгінде аудан бойынша жас мемлекеттік қызметкерлер саны  46 адамды құрайды.

Ал, жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында түрлі форматтағы шаралар, оның ішінде "Кеңес беру алаңдары" жұмыс жасауда. Бүгінгі күнге 1578 жасқа түрлі мәселелер бойынша кеңестер берілді. Егер аудан бойынша  жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз болса, жастар арасында 3,1 пайызға дейін төмендету жоспарлануда.

— Айта кету керек, ағымдағы жылы 793 жасты жұмысқа тарту көзделіп отыр. Алғашқы тоқсанның өзінде  343 жас жұмысқа тартылды. Оның ішінде: «Жастар практикасы» бойынша 165 жас, ақылы қоғамдық жұмысқа 50 жас, әлеуметтік жұмыс орнына 35, ваканттық бос жұмыс орындарына 93 жас жолдама алды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курсына 30 жасты қамту көзделуде. Сонымен қатар кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтуге 20 адам, 8 жас микрокредит алатын болады.

Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 10 жас көтерме жәрдемақымен, 2 жас тұрғын үй алу үшін несиемен қамтылды.

 Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021  жылдар аралығындағы «Еңбек» бағдарламасы аясында өз ісін ашатын 29 жасқа дейінгі азаматтарға  қайтарымсыз гранттар беру бойынша жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда жұмыспен қамту орталығына  тіркелген 117 үміткердің  жетеуі  «Бастау –Бизнес» жобасы, ал үшеуі  қысқа мерзімді үш айлық кәсіптік оқуды бітіріп, арнайы сертификат алған, жобалары дайын. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады,-дейді Р.Рахманбердиев.

Жастар жылында Бәйтерек ауылдық округінде ашылған жаңа саябақ ішінен "Жастар аллеясын" ашу жоспарлануда екен.

Ауданда жастарды тәрбиелеу, «Еріктілер мектебі» жобасы аясында волонтерларды аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға «Жан жылуы» атты акциясын жыл бойында өткізу де тұрақты түрде ұйымдастырылмақ. Бүгінгі күнге дейін акция аясында  40  адамға көмек көрсетіліпті.

Жастардың жағдайына тиімді талдау жасау мақсатында, жастар төлқұжаты дайындалып және үнемі жаңартылып отырады. Паспортта жастардың негізгі даму бағыттары бойынша статистикалық көрсеткіштер мен ақпаратты-аналитикалық материалдар көрсетілген. Бұл жастар саласындағы жұмысты жетілдіруге және түйінді мәселелерді шешуге көп көмегін тигізеді.

Қазақта «Жас келсе – іске» деген сөз бар. Ақылды технология заманында ақыл да, тың идея да жастардан шығады. 2019 жылы өзінің тиімділігін көрсеткен және жастармен мекен-жайлық жұмысқа бағытталған жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Атап айтар болсақ, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және орналастыру, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жастардың бос уақытын ұйымдастыру сияқты ұзақ мерзімді жобалар жүзеге асырылатын болады.

Бақыт Жалғас

Қатысты Мақалалар