Жамбылда «Болашаққа бағдар» атауымен көшпелі кеңес ұйымдастырылмақ

/uploads/thumbnail/20190528071943735_small.jpg

Ауыл-аймақтардағы жастарды мемлекеттік бағдарламалармен таныстыру және сыбайластыққа қарсы қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында көшпелі кеңес ұйымдастырылмақшы. «Болашаққа бағдар» деп аталған бұл көшпелі кеңестің алдағы атқарар жұмыстарын журналистерге Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Равиль Төлебаев таныстырды.

Кәсіпкерлік бойынша жастарға жасалатын қолдауларды облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалық-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Кенжебеков мәлімдеді.

Көшпелі кеңесте әрбір ауыл, елді мекендеріндегі жастардың түрлі санаттарына «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Бизнестің жол картасы», «Жастар практикасы» сынды мемлекеттік қолдау тетіктері, білім, жұмысқа орналасу, дін, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау тетіктері, мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі сияқты мәселелер бойынша қабылдаулар өткізіледі.

Сондай-ақ, осы кеңесте тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін дамыту мен жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу жолдарын түсіндіру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын жеткізу де көзделген. Әр ауданда 3 күннен тұрақтайтын көшпелі кеңес жастармен қатар барлық тұрғындарға түрлі сала аясындағы мәселелер жөнінде кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Тың идеялы бизнес жоспары бар жастарға арналған қайтарымсыз 3 миллион теңге грант туралы да толыққанды мәлімет беріледі. Бұл грантқа өтініш берушілер әзірге аз көрінеді. Егер инновациялық жобасы бар жас азаматтар болса, бизнес жоспарын жасап, қайтарымсыз грантты алып, өз кәсібін ашуға мүмкіндік бар.

— Елбасының тапсырмасына сәйкес, елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Оның үстіне биыл Жастар жылы болғандықтан жастар көрсетіліп жатқан көмек те көп. Ең бастысы мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай мүмкіндіктерді мүлт жібермеу керек. Дана қазақта «Жас келсе-іске» деген сөз бар. Лайықты жағдай жасалып жатқанда қол қусырып қарап отыруға болмайды. Өз ісін ашып, тірлік бастаймын дегендерге көшпелі кеңес барысында толыққанды мәліметтер беріп, бағыт-бағдар көрсететін боламыз,-дейді облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалық-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Кенжебеков.

 

Бақыт Жалғас

Қатысты Мақалалар